ОТАНЫҢ – ЖЕРҰЙЫҒЫҢ

31 наурыз 2022 6439 0
Оқу режимі

Бізге беймәлім бағзы замандарда елінің қамын жеген Асан Қайғы абыз  желмаяға мініп, орманы нулы, көкорай шалғынды, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған қоныс іздеп, жиһан кезіпті десед деседі. Жұртымды жерұйыққа қоныстандырсам деген арман қарияны төрткүл дүниенің төрт бұрышына жетелепті.

Сол сапарында Асан Қайғы Маңғыстауға үш барып, үш қайтыпты. «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас», – деген екен ақырында. Ал, Жетісуды көргенде: «Мынау Жетісу ағашының әр бұтағы жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен», – депті. Осы күнгі Мерке деген жердегі Аспараны көргенде: «Ей, Аспара, көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер», – деп жүріп кетіпті.

Баянауыл тауын көргенде: «Баянға жаймай, қой семірмес», – деп, Асан қазіргі Баянауылды өзіне жайлау етіпті. Әулиеатаның батысындағы Жуалы жерін көргенде: «Жерің семіз, шөбің шүйгін, қарың мол, топырағың май екен, қадіріңді егін салған ел білер», – депті. Шыңғырлау өзеніне тоқтап, Желмаясын суарғанда: «Жылқының өзі өскен жоқ. Шыңғырлау, сен құт болған екенсің, сен өсірген екенсің», – деп, сонда бір түнеп кеткен деседі. Жиһан кезіп, шұрайлы қоныс, нулы өлке іздеумен өмір бойы Желмаясымен желіп өткен Асан Қайғы Ұлытаудың бас жағына келіп дүние салыпты.

Біздерге аңыз болып жеткен бұл әңгіменің соңында Асан Қайғы әркімге өзінің туған жері – Жерұйық екенін біліпті деседі.

Жусанның иісі

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің туған отаны – Мекке шаһары жайлы: «Неткен ғажап өлке едің! Сенен асқан ардақты мекен маған жоқ. Ел-жұртым сенен мені шығармаса, сені тастап басқа жерге кетпес ем[1]», – деген екен.

Бұл – Алла Елшісінің (с.ғ.с.) туған жерімен қоштасып тұрғанда айтқаны еді. Отанына деген терең де шынайы сезімнен туған сөздер болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккенің тауын да, тасын да, суын да, ауасын да жақсы көрді. Әрине, әркімге туған жеріне жетер жер болмасы анық. Өз туған өлкесінің өзені де мөлдір, суы да тұнық сезіледі. Шаңы шыққан қу тақыр болса да, туған жердің топырағына жетпейді.

Баяғыда арабтар жорыққа аттанғандарында немесе сапар шыққанда, сағынышын басып иіскеп жүретін туған жерінің бір уыс топырағын ала шығатын салт-дәстүрі болған көрінеді. Мысыр еліне ұлтан болып барып, сұлтанына айналған атақты Бейбарыстың да Қыпшақ даласынан ала кеткен бір түп жусанды иіскеп, сағынышын басқаны туралы тарихи деректерде айтылады. Билікке жетіп, хандық құрған уақытында Ніл өзеніндегі аралдардың бірінде киіз үй тіктіріп, бие байлап, қымыз сапыртқан қайран бабамыз үшін туған жердің қадірі қаншалықты болғанын аңғару қиын емес. Халқымыз бұл турасында «Туған жердің түтіні де ыстық» қалай дәл тауып айтқан десеңізші!

Айша анамыз (р.а.) риуаят еткен бір хадисте: «Алланың атымен бастаймын. Жеріміздің топырағымен, біріміздің сілекейімізбен, Алланың қалауымен науқас адамымызға шипа болсын[2]», – деп Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дем салғаны айтылады. Бұл – бекер айтылған сөз емес. Дана халқымыздың «Туған жердің топырағы да шипа» дегені осы шыққан емес пе?!

«Отанды сүю – адамның болмысында бар сезім»

Отан – адамның кіндік қаны тамып, саналы ғұмыры өткен құтты жер. Отан – ата-бабасы мекен, әулетінің терең тамыр жайған киелі мекені. Әркім үшін Отаны оттан ыстық.

Имам Ғазали: «Адам баласы туып өскен жері елсіз шөл дала болса да оған бауыр басады. Отанды сүю – адамның болмысында бар сезім. Адам туып-өскен жерінде жаны жай табады. Алыс кетсе сағынып, жау шапса қорғауға, сынаса ашулануға дайын тұрады», – дейді.

Туған жерін сүю – Жаратқанның адам болмысына берген қасиеті. Тек тексіз әрі қасиетсіз бейбақ қана туған жеріне опасыз келеді.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туған жері Меккені ерекше жақсы көрген еді. Мүшріктерден қаншама қиындық көрсе де, сүйікті Меккесін тастап шығуға қимады. Он жыл бойы неше түрлі толассыз озбырлыққа сабырлық етті. Соңынан ерген сахабалардың да көрмегені қалмады. Туған жері Исламға құшақ жаяр ма деген үмітпен төзімділік танытып бақты. Алайда, Алланың хикметі адам баласына беймәлім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көшуге мәжбүр болды.

Туған елінен кету уақыт сәті келген кезде Пайғамбар қимастықпен қоштасты. Діліндегі қимастықты тілімен жеткізді.

Мадинаға көшіп келген кезде Алла Тағалаға дұға етіп, халқы елден қуып жіберсе де, Меккені жақсы көретін сияқты Мадинаны да жүрегіне сүйікті етуін сұрады. Мадина – жаңа отаны. Исламның – астанасы. Сондықтан Алла елшісі (с.ғ.с.): «Уа, Алла! Мадинаны Меккені жақсы көргеніміздей бізге сүйікті ет, тіпті одан артық ет[3]», – деп дұға жасады.

Пайғамбар дұғасы қабыл болды. Мұсылмандар түгелдей Мадинаны қатты жақсы көріп кетті. Әнас бин Малик (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сапардан оралғанда, Мадинаға таяп келгенін аңғартатын оның тауы мен жотасы көзге көрінсе қуанып, ат көлігін тездете бастайтын[4]».

Ибраһимнің дұғасы

Отанды сүю тек ішкі сезіммен шектелетін түсінік емес. Ол – сөз және іспен көрсетілетін сезім. Отанға деген ыстық ықылас дұға жасағанда шынайы байқалады. Өйткені, дұға – жүректегі шынайы ниетті жеткізу жолы. Дұғаға ешуақытта өтірік, асыра сілтеу немесе екіжүзділік араласуы мүмкін емес. Өйткені, дұға – тікелей Жаратушыға үн қату. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Уа, Алла Мадинаға Меккеге берген берекетіңді екі есе етіп бер[5]», – деп дұға жасайтын. Сонымен бірге: «Уа, Алла! Құрмамызды бізге берекелі ет. Қаламыз Мадинаны бізге берекетті ет. Саудада өлшеуімізге береке бер, тартатын таразымызға береке бер. Уа, Алла! Ақиқатында, Ибраһим – Сенің құлың, досың һәм пайғамбарың. Расында, мен Сенің құлың және пайғамбарыңмын. Ибраһим Мекке үшін дұға еткен еді. Ал, мен Мадина үшін Ибраһимнің Мекке үшін жасаған дұғасындай және соншама тағы да дұға етемін[6]», – деп берекет сұрап дұға еткен екен.

Құран Кәрімде: «Сонда Ибраһим: «Раббым! Бұл қаланы (Меккені) бейбіт ет, әрі оның Аллаға және ақырет күніне иман еткен тұрғындарын жемістермен қамтамасыз ет», – деді. Алла: «Күпірлік еткендерді де аз ғана пайдаландырып, кейін тозақ азабына мәжбүр етемін. Ол баратын жер қандай жаман!-деді[7]», – деген Ибраһимнің дұғасы бар.

Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) бала-шағасы мекен етіп, құлшылық тұрағы болған Меккеге шын ниетімен дұға етті. Раббысынан Мекке үшін екі маңызды нәрсе: бейбітшілік пен берекет сұрады. Бұл – адамның бақытты өмір сүруі үшін ауадай қажетті ең маңызды екі дүние.  Бұлардың, тіпті, біреуі болмаған жерден бақыт жоғалады. Тыныштық пен ризық-несібе қашқан жерден ел-жұрт та басы сауғалап, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» басқа мекенді іздеп кетеді.

Отанды сүю – иманнан

Асыл дініміз адамды отандасымен, мұнан соң Ислам үмбетімен, сосын тұтастай адамзатпен тату-тәтті тығыз қарым-қатынаста болуға үндейді. Себебі, отанды сүю ұғымы адамға ең жақын шеңберден бастап өзін және қоғамды қоршаған бірнеше шеңберден тұрады.

Отанды сүю – өз ағайын-туысыңды сүюден басталады. Ағайын – адамның шыққан тегі, қаны бір әулеті. Ағайынның ортасында ғана жан тыныштығын тауып өмір сүруге болады. Сондықтан да, туыстық қарым-қатынасты нығайту – ең сауапты амалдардың бірі. Ал, туыстық арақатынасты үзу – жер бетінде жамандық таратумен тең күнә.

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Алла Тағала барлық жаратылысты жаратып болғанда, туыстық: «Бұл туыстықты үзгеннен пана сұрайтын орын ба?» – дейді. Алла Тағала: «Иә, туыстық қарым-қатынасты нығайтқанмен (Өзімнің) байланысымды нығайтамын, туыстық қарым-қатынасты үзгенмен (Мен де) байланысты үземін, сен осыған ризасың ба? – деді. Туыстық: «Ризамын», – деді. Алла Тағала: «Бұл саған берілді», – деген екен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сөзін одан әрі сабақтап: «Егер қаласаңдар мына аятты оқыңдар деді: «Ал, егер сендер теріс бұрылсаңдар, онда жер бетін бұзушы және туыстық байланысты үзушілерден боласыңдар. Міне, бұлар – Алланың лағынет еткендері. Сөйтіп, Ол оларды керең әрі көздерін де соқыр етеді[8]».

Келесі шеңбер көрші-қолаңды қамтиды. «Үй таңдамас бұрын, көрші таңда. Жолға шықпас бұрын, серік таңда» дегендей, көршің жаман болса, жақсы үйде тұрғаннан не пайда? Баяғыда Әбу Ханифаның көршісі үйін сатпақ болыпты. Ол кезде Куфадағы үй бағасы 5 мың динар көрінеді. Дегенмен, әлгі кісі қалыпты бағадан бірнеше есе көп ақша талап етіпті. Сатып алушылар оған: «Үй 5 мың тұрады, сен болса, қырық мың сұрайсың?» – дейді. Сөйтсе, сатушы: «Дұрыс үйімнің бағасы 5 мың, ал қалған қаржы көршімнің ақысы. Сендер ең жақсы көршімен қатар тұрасыңдар», – деп Әбу Ханифаны меңзеген екен. Хадисте: «Көршісі бәлесінен құтылмайтын адам жәннатқа кірмейді»,– деп текке айтылмаса керек. Отанды сүю – діндес бауырың, мұсылманды сүю. Ардақты  Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Өздеріңе құп көрген нәрсені бауырыңа мақұл көрмейінше, кәміл иманды болмайсыңдар», – деп өсиет еткен.

Отан сүю – сенің еліңде өмір сүретін басқа дін өкілдеріне деген құрмет пен түсіністік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім бір муғаһидке зұлымдық етсе, ар-намысына тисе, шамасы келмейтін шаруа міндеттесе қалауынсыз бір затын алып қойса, қиямет күні (муғаһидтің) қорғаушысы мен боламын[9]», – деген.

Мұғаһид – мұсылман елінде өмір сүретін өзге дін өкілі. Тағдырдың жазуымен сенің еліңді отан етіп жатқан өзге дін өкілі. Ол да – Алланың пендесі, адамның баласы.

Исламда туған жерге деген сүйіспеншілік – жер-суының табиғатын жақсы көрумен қатар, ел-жұртын жақсы көруі, отандастарымен ара-қатынасты нығайту. Отан алдындағы азаматтық парызына адал болуды білдіреді. Отанды сүю – адамзаттың арасына жеккөру, ашу-ыза деген сияқты соғыс отын тұтандыратын нәсілшілдік емес. Хадисте: «Кімде-кім нәсілшілдікке жәрдем беріп, нәсілшілдік үшін ашуланып, соқыр тудың астында өлсе, ол надан өліммен өлген адам», – делінген.

Отанды сүю – соқыр сезім емес. Керісінше, әділдік пен туралықта елмен бірге болу. Аббад бин Касир Шамиден: «Уа, Алла Елшісі! Кісінің өз ел-жұртын жақсы көруі нәсілшілдік пе? –деп сұрадым. Ол: Жоқ, алайда кім өз жұртына зұлымдыққа жәрдем етсе, міне, сол нәсілшілдік[10]– деді».

Демек, Отанды сүю кіндік қаны тамған топырақты ғана жақсы көрумен шектелмейді. Отанының азаттығы мен тыныштығы жолында басын қатерге тігіп, тіпті кейде құрбан болуға даяр тұратын сүйіспеншілік қажет.

Алла Тағала барлық мұсылман елдерін Өз панасына алсын. Барлық пәлекеттен сақтасын.

 


[1] Тирмизи
[2] Бұхари, Муслим
[3] Бұхари Муслим
[4] Бұхари
[5] Бұхари Муслим
[6] Муслим
[7] «Бақара» сүресі, 126-аят
[8] «Мұхаммед» сүресі, 22-24 аяттар
[9] Әбу Дауд
[10] Ахмед, Ибн Мажа

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру