«ОЙ ДА КӨП, УАЙЫМ ДА КӨП – ОЙЛАЙ БЕРСЕҢ...»

15 қараша 2022 4722 0
Оқу режимі

Ислам мекен мен уақытқа тәуелді емес. Дейтұрғанмен, әр халықтың ұзын-сонар тарихы, өзіне тән ұлттық құндылықтары болады. Бұл – Алланың хикметі.

Біз не үшін дәстүрлі Ислам деген терминді қолдануға мәжбүр болдық? Исламды дәстүрлі, дәстүрлі емес деп бөлу қандай қажеттіліктен туды? Дінді ұстанудың жолы осы екен деп, қалай еліктесек те, бәрібір араб бола алмаймыз. Түбіміз түрік дегенмен, салтымыз бен санамыз басқа. Пәкістанның, ауғанның киімін кисек те, пуштун болу қолымыздан келмейді. Өйткені, біздің сан ғасырлық сара жолымыз бар. Біз дала заңына бағынған халықпыз. Менталитетімізге мейлінше жақын дәстүрлі дініміз Исламнан қуат алған ұлтпыз. Көпшілік қауым қош көрген ұғымдар мен әдеттердің жиынтығын дәстүр дейміз. «Дәстүрлі Ислам» деп мұсылман үмбетінің басым көпшілігі, соның ішінде әйгілі ғалымдардың ұстанып келген, сонау ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуірінен бүгінгі күнге дейін үзілмей жалғасып жатқан діни жолды айтамыз. Намазды айтпағанда, жайнамаз, тәспінің өзін қастерлеген кешегі батагөй ақсақалдарымыздың, ақ жаулықты аналарымыздың жолы. Қажылыққа барған кісі қасиетті Меккеден «тәбәрік» әкелсе, балаша қуанатын, қонағын құрметтеп, ұрпақ үшін ұдайы дұға қылатын ата-бабалардан қалған сар жол – дәстүрлі Ислам неге бүгін кәдемізге «жарамай» қалуы тиіс? «Таза Исламды» ұранға айналдыру кім үшін керек? Мың жылдан астам тарихы бар, дала заңы демократиясының негізі саналған дініміздің құқықтық мектебі – Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы жұртымыздың жүрер жолы болған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы дәстүрлі Исламды насихаттайды және бірлігімізді нығайта түсу үшін мұсылман жамағатын Әбу Ханифа мәзһабын ұстануға шақырады. Діни сенім бостандығы туралы заңымызда да төл мәзһабымызға айрықша мәртебе берілді.  

Жастар туралы

Жастарымыз көпшіл, мемлекетшіл, ұйымшыл, қоғамшыл болса, жақсы отбасы құрса дейміз. Олар әсіре діншіл болмаса екен. Біз жастардың қоғамнан бөлініп қалмауын барынша қадағалауымыз қажет. Уағыздарымызда осы қоғамда өмір сүрген соң халықтың бүгінгі жағдайымен, салт-дәстүрімен санасу қажеттігін айтамыз. Иә, дінге білімсіз келген жастарға көркем насихат керек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жат ағымның жетегіне кеткен жастарға қатысты ұстанымы осындай. Кінә тағып, қоғамнан бөліп тастаған оңай шаруа, әрине. Ол біздің баламыз, бірімізге іні, бірімізге бауыр емес пе? Қамқорлық қажет-ақ. Қоғамнан жылу сезінген бала бүгін адасса, ертең қайта айналып, қазығын табады.

Дәстүрлі емес Ислам дегеннен шығады, Қостанайда өкіл имам қызметін атқарып жүргенде, имамға бағына бермейтін бір азамат болды. Енді не істеу керек? Ұрысу, күшпен бағындыру, талап ету – біздің ұстанатын жол емес. Дін – нәзік дүние. Адам дінге жүрек қалауымен келеді. Сонымен, имам әлгі жігітті дәстүрлі дінге қанағаттандыру жолдарын қарастырды. Тек сөзбен емес, амалмен. Қайғысы мен қуанышына ортақтасты, қолдан келгенше отбасына көмектесті. Күндердің күнінде бала-шағасы имамды жақсы көре бастады. Діни сенімде көзқарасы қатайып кеткен жігіттің үйіне барған сайын азық-түлік, балаларына киім-кешек үлестірді. Кәмпит беріп, көңілдерін аулады. Балалары имамды көрсе: «О-о-о, дядя имам келе жатыр», – деп қуанатын. Бәріміз ет пен сүйектен жаралған пендеміз ғой. Адам әсерленбей тұрмайды. Сонымен шынайы ниет пен жүйелі амалдың арқасында қатайған жүрек жібіді. Жігіт қатарымызға қосылып, қазір көзқарасы дұрыс, Әбу Ханифа мәзһабын ұстанатын намазхан. Ислам – кешірім діні. Даналық, кешірім жолын ұстансақ, ағым деген ағып өте шығатын дүние. Олардың жүрегіне жол таба білсек, түбі ортамызға оралатынына сенемін.  

Дін мен дәстүр туралы

Дін мен дәстүр – қос қанатымыз. Бұл екеуі бірінсіз бірі жүре алмайтын өте жақын ұғымдар. Алла өз пенделерін ұлттарға, ұлыстарға бөліп жаратқан. Қаласа, бүкіл адамдарды бір ғана ұлт етіп жаратар еді. Ұлтты өзгелерден ерекшелеп тұратын басты құндылығы, ол – дәстүрі. Өзіндік дәстүрі, мәдениеті жоқ ұлт болмайды. Араб, парсы, түрік, ағылшын болсын, өзбек, қырғыз, қазақ болсын, бәрінде де бірінен бірін ерекшелендіріп тұратын дәстүрлері болады. Ол әр ұлттың ішер асынан, киген киімінен, қонақ күтуінен, мереке тойлауынан, бала тәрбиесінен, үйленіп, шаңырақ көтеруінен көрінеді. Ал біздің діни құндылықтарымыз дәстүрімізбен бітеқайнасып кеткен. Тіпті, мұсылмандық мінездер дәстүріміз арқылы бойымызға дарып, қанымызға сіңіп кеткен десек те артық болмас еді. Мысалы, қазақта үлкен тұрғанда кіші сөйлемейді. Отбасында ең қадірлі адамдар – ата-ана. Өзі жемеген тәттіні қазақ қонағына сақтап отырады. Осы секілді дәстүрлеріміз өте көп.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз қызметі аясында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Жыл басында «Дін мен дәстүр» кітабын шығардық. Алла бұйырса, жуырда екінші нұсқасы оқырмандарымыздың қолына тиеді. ҚМДБ-ның «Хикмет» телерадиостудиясы «Дін мен дәстүрдің» аудио нұсқасын әзірлеп шығарды. Осының бәрі халық өзінің діні мен дәстүрінен ажырап қалмаса екен деген игі тілектен туып жатқан дүниелер.

Бірлік туралы

Біз «әһли сүнна уал жамағат», яғни пайғамбарымыздың және сахабалардың (көпшіліктің) жолын ұстанушы үмбетпіз. Қажылық, құрбандық, жамағатпен оқылатын намаздар, т.б. игі амалдар мұсылмандарды бірлікке тәрбиелейді. Әбу Зарр (р.а.) риуаят еткен өсиетті сөзінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

«Кімде-кім көпшіліктен бір сүйемдей болса да ажыраса, мойнындағы Ислам жібін шешіп тастағаны», – деп, көпшілікпен болудың маңыздылығын айтқан. Асыл діннен қуат алған халқымыз: «Көппен көрген ұлы той», – деп, ұрпақты ұйымшылдыққа тәрбиелеген. 

Мұсылманшылық – адам қаласа істейтін, нәпсіге ауыр келсе, тастай салатын саудагердің заты емес. Мұсылман деген атына жараса дін әмірін толығымен мойындап, шамасы келгенше орындау шарт. Хазіреті Омар (р.а.) хұтпа оқып тұрып, сөзінің арасында Алла елшісінің (с.ғ.с.):

«...Жамағатпен болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар! Әлбетте шайтан жалғыз жүргенмен бірге, шайтан екеуден алшақтау жүреді. Кімде-кім жәннаттың төрін қаласа, жамағаттан ажырамасын...», – деген сөзін мінберде тұрып қадап айтқан.

Алла Тағала баршамызды ауызбіршілігімізден айырмасын. Тәуелсіз еліміздің егемендігі баянды, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!   

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру