ОЙ МАРЖАНДАРЫ

01 наурыз 2024 1780 0
Оқу режимі

Бір елдің бақытты, бақытсыздығы – білімді ұрпағының болу, болмауында.

***

Жаман досың болғанша, жақсы кітабың болсын.

***

Адам – сенімімен биік, пенделігімен аласа.

***

Үмітің үлкен болса, үрейің кіші болады,

Жүрегің күдікшіл болса, жүрісің мандымайды.

***

Серке сенімсіз болса қой адасқақ,

Жүрек таза болмаса ой адасқақ.

***

Күле сәлем бергеннің бәрі дос емес,

Күңірене сын айтқанның бәрі жау емес.

***

Өзгеге пайда тигізу қолыңнан келмесе де, зиянды іс істей көрме.

***

Биік болсаң, аласаға кешіріммен қара,

Аласа болсаң, биікке құрмет ете біл.

***

Адалдық арымайды, арамдық жарымайды.

***

Білімді адамнан сайтанда қорқады.

***

Тар жерде тапқан ақыл, кең жердегі кемелді ойдан артық.

***

Саясат өзгереді, заң да өзгереді,

Алайда адамның адамдығы мәңгі өзгермеуі тиіс.

***

Заманның құлы болма, заңғар еліңнің ұлы бол.

***

Өзін халқына арнап, ел үшін адал еңбек еткен жанды ерте ме, кеш пе халқы да ардақтайтын болады.

***

Өзге тілді қанша көп білсең, сонша жақсы,

Өз тіліңді қанша білмесең, сонша қасірет.

***

Алдыңа ас келгенде қанағатты ұмытпа,

Басыңа бақ қонғанда жамағатты ұмытпа.

***

Көкірегіңе даналықтың ұрығын сепсең, жемісін ұрпағың жейді.

***

Аз ақшаны аялап ұстасаң, көпке жетеді,

Көп ақшаны шашып ұстасаң, азға да жетпейді.

***

Қыс қарсыз болса, жаздағы егініңді ойла,

Жаз жауынсыз болса, қыстағы шөбіңді ойла.

***

Еңбекке жүгірген жанның еншісін Алла береді.

***

Өзім қуанамын десең, өзгені қуандыра біл.

***

Батылдық пен сенім – жеңістің баспалдағы.

***

Ақылды адам ажал аузында да ақылды.

***

Жауыңды тез жерлеуді ойлама, оның досыңа айналуын ойла.

***

Бақытсыздықтың бастауы – ақиқатты мойындамаудан басталады.

***

Адал терің көп төгілсе, алал асың көп болады.

***

Нан жегенде егіншіні еске ал,

Ет жегенде малшыны еске ал.

***

Бүгін өлердей тойып, ертеңінде аш жүретін адам – адамнан көрі хайуанға көбірек ұқсайды.

***

Еңбекті емшек еткен бала уызға жарып өседі.

***

Ашу – ақылдың тонаушысы,

Ақыл – адамдықтың қорғаушысы.

***

Ұят – иманның ұясы.

***

Жастың жанына, кәрінің ақылына үйір бол.

***

Өз ұлтын сүймеген адамнан отаншылдық шықпайды.

***

Ұяты күшті адам ұрлықтан аулақ болады,

Намысы күшті адам құлдықтан аулақ болады.

***

Ізгілік үшін шаршағанның ұйқысы тыныш болады,

Байлық үшін шаршағанның басы даусыз болмайды.

***

Бүгін үшін бір ойласаң, ертең үшін екі ойла.

***

Таңның сұлу дидарында тәңірдің жылуы бар.

***

Мешітке жақын отырғанның иманы көбейеді,

Дүкенге жақын отырғанның тиыны азаяды.

***

Қарттың көңілін ауыртпа, баратын жері жақын,

Көршінің көңілін ауыртпа, қонатын жері жақын.

***

Табаныңда бүр болса, тақияңда гүл болады.

***

Ұсақшыл болсаң ұтыласың,

Кең пейіл болсаң құтыласың.

***

Керісті терсең, кеселің көбейеді,

Ұрысқақ болсаң ұятың азаяды.

***

Сұрақты жаратқан Алла шешуін де жаратқан.

***

Досты байлығына қарап емес, адал жүрегіне қарап таңда.

***

Серігің сенімді болса, өкінішің аз болады.

***

Аппақ жұмыртқадан қап-қара балапан туады,

Данадан да ақымақ бала туады.

***

Өзгелерге ор қазу туралы ойлағаннан гөрі, өзің шығатын жотаны ізде.

***

Балаңды патшалыққа үйретсең құл болмайды.

***

Ащы тердің жемісі тәтті болады,

Артық ұйқының азабы ащы болады.

***

Өмірді өзіңдей сүй,

Өзіңді өмірдей сүй.

***

Жүрегінде шындық шырылдап жатпағаннан шыңға шығар талант шықпайды.

***

Ағайын екен деп араныңды аша берме,

Қайыршы екен деп қазаныңды төңкере берме.

***

Сенімі жоқ адам селге аққан салынды.

***

Өмір – тәтті, өлім – ащы.

***

Жауыңның алдында шалқая білсең де ерлік,

Досыңның алдында еңкейе білсең де ерлік.

***

Сөз аузыңнан шыққанша ғана сенікі, ал аузыңнан шыққан соң оған ие бола алмай қаласың.

***

Жылмаңдаған түлкі алдап тынғысы келеді,

Жымыраңдаған жолбарыс жалмап тынғысы келеді.

***

Жаманды жеңдім деп өзіңді данышпан санама,

Байталдан озды деп атыңды тұлпар санама.

***

Білімсіз, ақылсыз, надан адамдармен дос болғаның – тесік қайыққа отырып алыс сапарға шыққаның.

***

Ауыр еңбектің азабы ұмытылады, жемісі қалады,

Қанды ұрыстың қазасы ұмытылады, жеңісі қалады.

***

Махабаттың ыстығына бөленген адам өмірдің суығына тоңбайды.

***

Өтіріктің өлімі жақын,

Шындықтың шыңы биік.

***

Заңына құрмет етпеген елдің залымы көбейеді,

Ұлыларын ұлықтаған елдің ғалымы көбейеді.

***

Иманды жанның ерлігі еңселі, білгені білікті болады.

***

Мектепте ұстазың, мешітте имамың білімсіз болса құдайдың ұрғаны.

***

Ақылды ұл ата тегін сұрағыш келеді,

Ақылсыз ұл көршінің баласында кеткен кегін сұрағыш келеді.

***

Жер беті – күллі адамзаттың ортақ отаны.

***

Кесір сөзді адамға кедейшілік пен кесапат үйір.

***

Көзінің алдын ғана ойлайтын адамның көрі жақын болады,

Көптің қамын ойлайтын адамның төрі жақын болады.

***

Өзі туралы айтылған ғайбатты естігенде сабыр сақтап, желп етпеу – ер жігіттің сабаздығы.

***

Тау қанша биік болғанмен аспанның астында,

Өзен қанша асау болғанмен жердің бетінде.

***

Қаламыңның жорға болғаны – қара арғымағыңның жорға болғаны.

***

Орынсыз қызғаныш – етегіңе ілінген от, дер кезінде өшіріп тастамасаң өртеніп кетесің.

***

Қарғанып сөйлегеннің қарығы ашылмайды.

***

Көңілің көктем болса, өмірің жаз болады,

Айдының ашық болса аққу мен қаз қонады.

***

Сатқындық – сені уақыттық пәледен құтқарғанымен, уақыттың жазасынан құтқара алмайды.

***

Арманың биік болмайынша адымың ашылмайды,

Арың таза болмайынша қарығың ашылмайды.

Жәди Шәкенұлының

«Арманшыл бала» кітабынан

 

Пікірлер Кіру