ӨЗЕКТІ ЖАНҒА ӨЛІМ ХАҚ

05 ақпан 2024 2441 0
Оқу режимі

Бисмиллаһир – рахманир – рахим. Күллі мадақ бір Аллаға лайық. Алла Тағаланың салауаты мен сәлемі Мұхаммед пайғамбарға, оның әулеті мен сахабаларына болсын.

         Жаратылған жанның өлері хақ. Мәңгілік – бір Аллаға тән. Алла Тағала Құранда былай дейді:

«Әрбір жан өлімнің дәмін татады»       («Әли Имран» сүресі, 185 - аят).

Өзекті жанға өлім хақ. Әлемдердің Жаратушысы, барлық нәрсенің Иесі – Хақ Тағала осы пәни жалғанда өмірмен қатар өлімді де жаратты. Өмір мен өлім адамдар үшін үлкен сынақ. Ол туралы Алла Тағала былай дейді:

«Ол қайсыларыңның амалы ең жақсы екендігін сынау үшін өлім мен өмірді жаратқан. Ол Үстем әрі Кешірімді» («Мүлік» сүресі, 2 аят).

Демек,өлім мен өмірдің жаратылуындағы сыр жаратылыс үшін үлкен сынақ және уақытша берілген мерзім болып келуінде. Ол сынақтың мәні – дүние тіршілігінің қамшының сабындай қысқалығы, өлімнің күтпеген кезде кенеттен келу ықтималдығы әрі аятта аталғандай сол межелі мерзімде ізгі істер жасап, дүние тіршілігінде Алланың әмірімен ислам шарттарына сай тура жолда жүру. Аталмыш аятта өлімнің өмірден бұрын айтылуын адам тіршілігінің ең бірінші өлімнен, яғни жоқтан бар болуы арқылы басталумен байланысты деп түсінген жөн. Әрбір жаратылғанның – күллі тіршіліктің басталуымен аяталуы хақ.

Сондықтан, «жазмыштан озмыш жоқ», қалай болғанда да әрбір жан иесінің өмір тіршілігінің соңғы нүктесі – өлім. Ол – сөзсіз болатын құбылыс. Ажал кез келген уақытта келеді. Ол адамның қалауына тауелді емес, Алланың қалауына ғана қатысты. Мұның адам баласының дәрменсіз жаратылыс екеніне, барлық билік иесі – Жаратушы Хақ Тағала екеніне айқын дәлел.

        Ажалын естен шығармай, соңы немен аяқталатынын уайымдап жүру, мұсылман сипаты. Пайғамбарамыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде білай деген:

«Уа, иман келтіргендер, бұл дүниеде, сапарын жалғастырушы, жолаушы сияқты болыңыздар».

      Өлім, бір жағынан, өмірдің ақыры болса, екінші жағынан, мәңгілік өмірдің бастауы.

Қосылбаев Дархан Исламбекұлы

Астана қаласы «Qamqor-sharapat»
салттық қызмет орталығы
«Төлебай» мешітінің найб имамы

 

Пікірлер Кіру