ПЕРІШТЕЛЕР ҚАНДАЙ ЖЕРЛЕРГЕ ЖОЛАМАЙДЫ?

16 қараша 2023 2220 0
Оқу режимі

Нұрдан жаратылған пәк періштелер Алла Тағала тарапынан тыйым салынған әрі Аллаға серік қосылатын, түрлі күнәлар жасалатын жерлерден аулақ болады.

Бұны біз төмендегі хадистерден көре аламыз:

Бірде Жәбірейіл періште пайғамбарымызға уағдаласқан мерзімде келмей қалады. Таңырқаған пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұның себебін ойлана бастайды. Содан соң менде бір кемшілік болды ме екен деп, үй ішіндегі жағдайға бір көз жүгіртеді. Үй ішінен немерелері Хасан мен Хұсейіннің кішкентай күшігін байқап қалып, оны сыртқа шығарып жіберген сәтте Жәбірейіл де кіріп келеді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) одан кешігуінің себебін сұрайды. Сонда Жәбірейіл періште:

«Періштелер сурет тұрған және  ит болған жерге кірмейді…» деп жауап берген еді. Басқа бір жерде ибн Омардың (р.а.) риуаяты бойынша пайғамбарымыз:

«Аңшылық пен малшылықтан тыс үйінде ит асыраған адамның сауабы күнде кеміп отырады», – дейді. Яғни малды, үйді қорғау, аң аулау сияқты нақты қажеттілік болмаса, үйдің ішінде ит асырауға дінімізде тыйым салынған.

Қазіргі дамыған медицина иттен адамға жұғатын бірқатар аурулардың түрлерін де анықтағаны белгілі.

Бұған қоса, ит жолдан өткен-кеткендердің есін шығарып, жеп қоя жаздап арпылдап келген қонақтарды қорқытады. Әсілі үйде ит асырауға кететін күші мен қаражатын мүмін өзге де қайырлы істерге жұмсағаны абзал. 

Ит ұстаған үйге періштелердің келмеуі иттің ластығы не діни тұрғыдан нәжіс саналатындығы болса керек, бірақ оның басқа да себептері болуы мүмкін. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Егер иттер де жеке басына үмбет болмағанда, оларды қырып тастауға бұйрық берер едім», – деген хадисі табиғаттағы экологиялық тепе-теңдіктің сақталуында иттердің де өз үлесі бар екенін білдірген тәрізді.

Негізінде, пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Періштелер тірі жандылардың суреті ілінген үй мен иті бар жерге кірмейді» деген хадисіне байланысты ғалымдар түрлі пікір өрбіткен. Кейбір ғалымдар бұл жерде ниеттің өте маңызды екенін ескеріп, яғни, суреттің ешқандай құлшылықпен табынумен байланысы жоқ болған жағдайда, намазға тұрған адамның құбыла жағынан басқа  қабырғаларға сурет ілуге рұқсат бар екенін айтады.

Ислам дінінде сурет пен мүсіннің тыйым салынуына қатысты көптеген себептер бар. Ең алдымен сурет пен мүсіннің тыйым салынуына исламнан бұрынғы надандық дәуірдің әсері болғандығын ескергеніміз абзал. Яғни пұттарға табынудан енді ғана арылған қауымға көне, жаңсақ сенімдердің қайта сіңісіп кетпеуі үшін пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сурет пен мүсінге байланысты қатаң ескертулер жасайды. Тіпті Бухари мен Муслим риуаят еткен хадистерде осы тақырыпқа байланысты пайғамбарымыз: «Ақыретте тірі жандылардың суретін салғандарға Аллаһ тағала олардың салған суреттеріне жан беруін әмір етеді. Суреттерге жан бермейінше оларды азаптайды… Ұлы Жаратушыдан өзге оларға ешкімнің де жан беруі әсте мүмкін емес»,– деген.

Бұған қоса періштелердің жағымсыз иісті де ұнатпайтындығын айта кету керек. Муслимнің риуаяты бойынша пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): 

«Сарымсақ, жуа және куррас (пияздың бір түрі) жеген адам мешітке келмесін. Өйткені адамдар ұнатпаған иісті періштелер де ұнатпайды», – деген. Бұл жерде пайғамбарымыз мешіт немесе сол секілді өзге де ғибадат орындарына мүмкіндігінше жағымсыз иіспен бармау керектігін  ескертуде. 

Сарымсақ пен жуа жайлы басқа хадистерде де көп айтылады. Бірақ бұл Алланың аталмыш нығметтерін мүлде жеуге болмайды деген мағынаны білдірмейді. Бұған дәлел ретінде пайғамбарымыздан (саллаллаһуаләйһиуәсәлләм): «Сіз еш сарымсақ жемейсіз бе?», – деп сұралғанда, – «Маған Жәбірейіл періште кез келген сәтте уахи әкелуі мүмкін. Сол үшін жемеймін. Ал сендер жей берсеңдер болады», – деген жауабын келтіруге болады.

 

Қалмахан Ержан

 

 

Пікірлер Кіру