ПРОФЕССОР ДОСАЙ КЕНЖЕТАЙДЫҢ ПАРАҚШАСЫНАН

19 маусым 2024 1370 0
Оқу режимі

Қазір үш жыл болды ”Республикалық қуғын сүргін құрбандары ақтау“ комиссиясында діни бағыт бойынша жауапты ретінде мүшемін. Талай сұмдық құжаттар архивтерде жасырын жатыр екен, құпия мөрі басылып.

Сол дәуірді көз алдыңа елестетсең, өкіріп жылағың келеді. Сталиндік репрессия дінге, дін өкілдері-қожа, молда, ишан, шайх, сопы, пір, мурид, мустазиб, азаншы.. тб шаблондармен топ топқа бөліп арнайы статьямен атқан, жер аударған, сібірге айдаған, аман қалғандары қашқан, одан тірі қалғандары бүркеншіктеніп, қалтырап үреймен күнелткен. Бұлар нағыз құрбандар.

Қылмыстары діндар, аузында калимасы болғаны үшін. 58 статья. Революцияға, совет үкіметіне қарсы наразылық көрсеткені үшін осы статьямен жазаланған. Архивте аты жөні барлары ғана тіркелген, НКВД ның аты тіркеусіз “үштік”, “бестік” жандайшаптары қолынан тіпті көмусіз қалғандары қаншама…

Сансыз құрбандар. Санаттағы сонымен қатар санатсыз атылғандар. Ақ көңіл мұсылмандарды арбап, ішіне тыңшы- құлақ салып, бір-біріне жалған куә қылып протокол жасап тергеу, соттау, құжаттау, тіркеу қағаздарын толтырған. Бәрі бір типтегі құжаттар. Ішінде латынша, кирилше, арабша графикамен әртүрлі қолтаңбамен жазылса да, орталықтандврылған бірыңғай сұрақ анкеталары, 58 статьяға бейімдеу тергеу тактикалары, советтік режимдік методологиялары, стратегиялары… тарих деректері болып қалған. Бірақ бұл деректер қағаз жүзінде, фактологиялық қуаты болса да, жалған, тарихи танымды бұрмалау үшін таптырмас құжаттар.

 Атылғандардың аты бар моласы жоқ. Моласы барлардың да аты жөні жоқ. Қырғын десе қырғын, мақсатты адам өлтіру машинасы сияқты. Хақ, құқық, ерік сияқты ұғымдар орнына зорлау, мәжбүрлеу, жазалау, ату ғана ең қысқа жол болған. Яғни осылайша советтік атеистік коммунизмге барар жолды қысқартқан. Себебі ол мақсатқа жету жолында дін және діндарлар ең басты кедергі…

 Салдарына қарасаңыз, орыс глобализациясы атеизм ұранымен жетпіс жылда, ұлттығымызды жарым жан етті. Ұлттығымыздың анықтамасы ол қазақ мәдениеті. Ал мәдениетіміздің барлық 18 қабаты зардап шекті. Тіл қабаты шала жансар әлі сол басын көтермеген қалпы. Қаншамыз ана тіл нәрін сезінбейтін болдық. Түріміз қазақ, тіліміз орысша деген сияқты. Мәденитеттің екіншісі ойлау қабаты тіл нәрсіз болған соң да, басқа өркениеттің, ұлттың ойлау жүйесіне ауысып кеткен. Әдет ғұрып, салт дәстүр деген құндылықтар бұлар да мәдениетіміздің асыл қабаттары-тоз тозы шықты. Ең бастысы ұлттық сана ол да қазақ мідениетінің ең басты қабаты, әрең әрең маздап тұр.

 Мұны не үшін тізбелеп жазып отырмын, айтпағым мәдениет қабаттарын біріктіп тұтастандырып, сақтап тұратын діңгек ол дін болатын. Ол ислам діні. Біз бүгінгі қазақ мәдениеті, ұлты деген анықтаманы мұсылман болғаннан кейінгі кезеңдерде алдық. Демек біздің мәдениетіміздің он сегіз қабаты түгел исламмен өрілген. Сол қабаттардың қабырғасы кеңестік атеизм саясаты салдарынан сөгіліп ыдырай бастады.  

Бірақ құдайға шүкір, бүгін Егемендік алып, саяси ерік қолымызға тиіп, жабық қоғам стандарын сілкіп, ашық демократиялық, құқықтық, зайырлы ел деген жахандық стандарттағы паспорт алдық, мемлекет ретінде танылдық. Соңғы кезде ашық демократиялық ұстанымның мәні мен қадіріне жете алмайтын бауырларым, исламға, дінге қарсы топырақ шашып, өздерінің отырған бұтақтарына балта шауып жатыр. Өздерінің отырған бұтағы деген ол қазақ мәдениеті. Қағынан жеріген құландай болып отыр.

Бұл кеше ғана советтік режимнің езгісінде діні үшін, елі, жері, құндылығы жолында шәйіт болған, құрбандардың әруағын сыздату деген сөз. Мәдениетті дін анықтайды. Қазақ мәдениеті -қазақ мұсылмандығы деген сөз. Ал дініңді ауыстыруың ”қайта туылу- маулуд сани” яғни басқа мәдениеттің жетегіне ілестің деген сөз. Шырақтарым, дін исламға топырақ шашып, қазақ болмай ақ қой, үнсіз басқа дінге кете бер.

Себебі зайырлы елміз, дін таңдауың бар, оған құрметпен қарау міндетіміз. Онсыз да Қарағандыда католик дін қызметкерлері қазақтардан шығып жатыр. Алдынан құдай жарылқасын! Жастарды былай қойғанда, бүгін “ата сақалы аузына түскен” шалдарымыз да исламға қарсы үн қосып жатыр. Олар енді сол баяғы ата бабаларын қуғындаған, езген, қырған кеңестік құндылықтардан арыла алмай жүргендер. Оларға аяушылықпен ғана қарайды екенсің. Қысқасы қазақ болу деген дін ислам арқылы ғана мүмкін нәрсе. Оның ғылыми негіздемесін де, тарихи тәжірибесін де қысқаша айттым. Толық білейін десеңіз, “Зайырлы ел- қайырлы ел” деген монографиямда, қарапайым тілмен, еш бөтен термин, категориясыз жеткізуге тырысқам.

Оған да болмаса, жеке номеріме жазыңыз. 87014799670. Сіз үшін уақатымды бөлуге дайынмын, бауырым!

Пікірлер Кіру