ҚАДІР ТҮНІНІҢ ҚАСИЕТІ (Жиырма жетінші күн)

16 наурыз 2026 61 0
Оқу режимі

16 наурыз

Жиырма жетінші күн

Қадір түнінің қасиеті

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Қадір түні (араб тілінен аударғанда ليلةُ القدر – ләйләтул-қадір) қасиетті түн деген мағынаны білдіреді. Бұл жайлы Құран Кәрімнің «Қадір сүресінде» баяндалған. Жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болуына байланысты мұсылмандар Рамазан айының соңғы он түнін түгелдей құлшылықпен өткізуге тырысады.

Құран Кәрімге тәпсір жазған мәшһүр ғалым ибн Кәсир «Қадір» сөзінің төмендегідей үш мағынасы бар екенін айтып өтеді:

  1. «Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Осыған байланысты қадір түні дегенде Алланың тағдырды үкім ететін түні екендігін білуге болады. Бұл жердегі тағдыр ұғымы, әуелгі тағдырдың паш етілуі болатын. Өйткені Құран Кәрімде:

فِيهَا يُفْرَقُ كُلُّ أَمْرٍ حَكِيمٍ

«Ол кеште барлық хикметті істер айқындалады», – деп бұйырылған («Духан» сүресі, 4-аят).

Қатада: «Бұл түнде келесі жылғы істердің тағдыры жазылады», – деді («Тафсир әт-Табари» 25/65). «Қадір» сөзі «абырой, бедел» мағынасын береді. Яғни, қадір түні ұлық және аса қадірлі түн дегенді білдіреді. Мұндай жоғары дәрежеге лайық болуының себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Бұл туралы Құранда:

لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ

«Қадір түні мың айдан да қайырлы», – деп баяндалады («Қадыр» сүресі, 3-аят).

  1. «Қадір» сөзі «сығылысу» мағынасын береді. Осыған байланысты ғалымдар қадір сөзі тарылу мағынасын да білдіреді деген жорамал жасаған. Өйткені бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскеннен соң, жердің тарлығынан сығылысады.
  2. Қадір түні – ең қадірлі түн! Алла Тағала оны берекелі етіп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ осы түнді мың айдан да маңыздырақ (қайырлы) етті. Ал мың ай сексен үш жылға тең келеді екен. Есептесек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек, Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. 95 жылдық адам өмірін алсақ, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады, сонда толық 80 жыл өмір сүргені. Ендеше, адам өмірінде бір қадір түніне дөп келу, бүкіл өмірін құлшылықпен өткізгендей сауапқа кенелтеді.

Ибн Әбу Хатм, Жүніс Али ибн Үрбадан мынандай риуаят келген:

«Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исрайл ұрпақтарының ішінде Аюб, Зікірия, Хазикал, Нұн атты төрт адамның Алла Тағаланың разылығы үшін сексен жыл тоқтаусыз жиһад жасағандығын айтады. Оны естіп сахабалар таңдай қағысады. Осы сәтте, Жебірейіл періште Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қадір түнінің не екенін білесің бе. Қадір түні мың айдан да қайырлы» («Қадір» сүресі, 2-3) деген аятты нәзіл етіп, Жебірейіл (оған Алланың сәлемі болсын): «Бұл сенің үмметің таңдай қағысқаннан да жоғары», – дейді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аталмыш аятты сахабаларға паш еткенде, олардың қуанышында шек болмаған еді».

Қорыта айтқанда, Қадір түні жасалған ізгі амалдар мен құлшылықтар басқа күндері жасалған істерден сауап тұрғысынан әлдеқайда артық.

 

 

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру