ҚАРА ШАҢЫРАҚТЫҢ ҚАСИЕТІ КЕМІМЕСІН!

07 қыркүйек 2023 4852 0
Оқу режимі

Қазақ халқы жеті атаға толмай қыз алысып, қыз беріспей, неке салтымен қан тазалығын сақтаса, «Қара шаңырақ» ұғымы арқылы ұлттық идеологиялық бірліктің іргетасын қалады. Осы бірлік бүгінге дейін жалғасын тауып, әр қазақ отбасының босағасы берік, шаңырағы биік болуына ұлттық дүниетаным тұрғы­сынан қызмет етіп келеді.

Қазақ ұғымында қара шаңы­рақ (үл­кен үй деп айтылады) туыс-ту­ғанды татулыққа шақыратын бе­рекенің бесігі, баба рухын ұр­пақтан-ұрпаққа жеткізетін тылсым күш сіңген қасиетті орда саналады. Заттық мұрадан бас­тау алып, соңы рухани мұраға, ұлттық құндылыққа айналып кете берген қасиетті қара ша­ңырақ әу баста бір отбасының шаңырағы болса, кейін бір әу­леттің, бір рулы елдің, бір тай­паның пір тұтар түп қазығына ай­налады. Былайша айтқанда, табиғаттың заңы бойынша тамырдай тарамдалып, бөлініп көбейе беретін адам баласының кіндігі екі-ақ нәрсеге байлаулы десек, оның бірі – туған жер, енді бірі – осы қара шаңырақ.

Қазақтың ұрпақ тәрбиесі қара шаңырақта ананың ақ сүті мен әлдиі, әкенің ақылы мен әмірі арқылы қалыптасады. Қазақ салтында әке-шеше баланы кәмелет жасына толғанша бағып-қағуға жауапты болса, бала есейгенде әке-шешесін қарап-күтімдеуге, ұлдың біреуі әкесінің орнын басып, шаңырақтың түтінін түтетуге міндетті. Үйдің ұябасары аталатын бұл жауапкершілікті жұмыс көбінде кенже ұлдың мойнына жүктеледі, кейде бұл таңдау үйдің үлкен ұлына немесе ортаншысына да түсіп жатады.
Қазақ салтында бала көтер­меген әйелдер ұрпағы өсіп-өнген қара шаңыраққа барып дәм татып, сол шаңырақтағы көп бала көтерген әйелдің киімін ырымдап киетін әдет болған. «Осы шаңырақтың, үлкендердің жолын берсін» деп тілек тілеген. Ұзақ жолға аттанарда қара шаңырақтан дәм татып, үлкендерден бата алып аттанса, жаңа түскен келін, ең әуелі, шаңыраққа сәлем жасап құрметін білдіреді.

Қара шаңырақ дәстүр жал­ғас­тығының арқасында қартта­рымыз қараусыз далада қал­маған. Қаратұяғынан хал кеткенде қайыр тілеп, көмек сұрап, ешкім­ге жалынбай, балаларының қолын­да бақытты тұрмыс өт­кіз­ген. Онан да маңыздысы, алдыңғыға мұрагер, кейінге бұй­дагер болған жетелі ұрпақтың қара шаңырақты қастерлеуінің арқасында қазақ даласында қарттар үйі болмаған. Қазір осы дәстүр қандай деңгейде? Бүгінгі сүткенжелер өз шаңырағының түтінін түзу ұшырып, ата дәстүрді ардақтап жүр ме? Әрине, жалпы жақтан айтқанда, бұл дәстүріміз әлі де өз жалғасын тауып келеді.
Дейтұрғанмен, жастарға ақы­лын айтып отыратын алтын кө­кірек қарттардың қатары сирегелі қасиетті шаңырақтың қымбатын біреуіміз білсек, біреулеріміз бағалай алмай жүрміз. Ата-ана­сының қан-терімен оқуын оқып, қызметке ілінген соң, «жеткен қыз төркінін танымас» дегендей, ата-анасынан теріс айналатын ақылсыз ұл да, ата-енесімен бірге тұрғысы келмейтін өркөкірек келіндер де көп. «Әке-шешеңді бақпаймын» деп өлмелі шал-кемпір үшін шармаяқтасып, шаңырағын шайқалтып жатқан жастар да жетеді. Қартайып қау­сағанында қара шаңырағын ама­наттағанды қойып, кәрі жанын қоярға жер таппай, Қарттар үйін жағалап жүрген ата-аналар да табылады. «Қартайғанда ұлдың қабағына, келіннің дастарқанына қарап отыратын шамамыз жоқ, зейнетақымыз өзімізге жетеді, жағдайымыз кетіп жатса күтуші алармыз» деп балаларын бөлек шы­­ғарып, екеуі ғана оңаша отыр­ған ата-әжелер де кездеседі.

Әр ұлттың өзіне тән отбасылық дәстүрі бар. Сол отбасылық дәстүр, жоғарыда айтқанымыздай, уақыт ұзара келе бір өңірдің, бір ұлттың, керек десеңіз, бір мемлекеттің отбасылық әдет-ғұрпына айналады. Мәселен, Америка, Италия, Франция, Германия сияқты елдерде қазақ ұлты сияқты әке-шешесі өлгенше баласының отбасына жәрдемдесетін немесе баласы қартайған әке-шешесін бағуға міндетті емес. Керісінше, бала кәмелет жасына толған соң өз күнін өзі көреді, ата-анасы өз жиған-тергенін өмірін мағыналы өткізуге жұмсайды. Отбасында әйелдің десі озған қытай қарттары жиған-тергенін баласына береді, егер ата-анасының жиған мүлкі болмаса, әйелінің қабағына қараудан аса алмайтын қытай жігіттері оларды тастап кетеді. Сондықтан да қытайдың қарттары зейнетке шықса да, қоқсық ақтарып дүние жинауға мәжбүр. Қазір Қытайда ұлдан гөрі қызды жақсы көру, қыздың орнын биік санау күшейіп барады. «Ұлдан гөрі қыз ата-анасына қарайласады, күйеуі екеуі бізді бағады» деп қарайды. Бұл жағдай Қазақстанда да жоқ емес секілді. Іргедегі орыстан жұқты ма, жоқ еркектерден дес кетті ме, кім білсін, арыстандай ұлдары бар ата-аналар қыз-күйеуінің қолында тұруға мәжбүр болатын жағдай да көбейіп келеді.

Мұның түбі қазақтың қара шаңырақ дәстүрінің үзілуіне немесе қара шаңырақтың қыз арқылы басқа әулетке өтіп кетуіне себеп болып жатыр. Ал дәстүр бойынша атам қазақ қызын құтты ұясына қондыруға асыққан. Содан бас­тап ол – басқа әулеттің, басқа ша­ңырақтың адамы. Ол айналып келіп ата-анасын бағуға міндетті емес. Әке-шешесінен енші де алмайды, бар мүлкі – жасауы. Былайша айтқанда, ол өзінің ата-анасын емес, ата-енесін сыйлап, бағып, күтімдеуге міндетті.

Дамыған елдерде қарттардың баласын бөлек шығарып жіберіп, өз күнін өзі көруі қоғамдық сақ­тандыру түзімнің кемелділігі, қарттардың экономикалық жақтан тәуелсіздігінің белгісі саналады екен. Қазақстанға да осы көзқарас дендеп кіріп кетпесе де, балалардан оңаша отыруды аңсайтын ата-әже де аз емес. Бұл да, жоғарыда айтқанымыздай, қоғамдық сақ­тан­дыру түзімнің тиімділігі деп айтуға болады. Алайда бұл жерде ата-әжелеріміз ұлттық дәстүр мен ұрпақ тәрбиесіндегі өздерінің орнын ескерусіз қалдырып отыр.

Қазақтың қай баласы ата-апа­сының тәрбиесін көрмеді дейсіз?

Қазақтың қай баласы ата-апа­сының тізесіне сүйеніп отырып ертегі, келелі кеңес тыңдап өспеді?

Жас отаулардың тұңғышының көбі «ата-апасының баласы» болып ержеткен жоқ па?

«Ауылыңда қарт болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей, қазақтың көп тәлім-тәрбиесі ата-әженің аузымен немере, шөберелеріміздің құлағына жетті. Ата-әжелердің арқасында немерелердің ділі де, тілі де таза болған жоқ па?

Осы тұрғыдан алғанда, жас отау­­лардың қарттармен бір­ге тұруды ауыртпалық санауы немесе қарттардың жастардан бөлек отыруы ұлттық тәр­бие­міздің әлсіреуіне, оның соңы ба­лаларымыздың мейірімсіз, есейгенде әке-шешесіне қарамайтын безбүйрек болуына апара жатыр. Түтіні бөлектің тәрбиесі де бөлек. Бүгін сен балаңның көзінше ата-анаңды қараусыз қалдырсаң, «балапан ұядан нені көрсе, ұш­қанда соны іледі», ертең өзің де әке-шешең сияқты қараусыз қа­латыныңа күмәнсіз сене бер.

Бұл жөнінде халық арасында мынадай аңыз бар:

 Ертеде бір жігіттің әкесі әбден қартайған шағында «әкем енді ештеңе істей алмайды, бекер маған масыл болады, өзі де қиналады. Одан да ертерек өліп қалсын» деп дарияға тас­тап жіберіпті. Күндердің бірінде әкесін дарияға тастаған мықты да қартайыпты. Сақалынан суы ағып, мәлкілдеп отырған оны азамат болған баласы дәл өзі сияқты шешім жасап, дарияға қарай алып жүріпті. Дарияның жағасына барғанда «әке, айтарың бар ма?» деп сұраған баласына әкесі: «Балам, мен осылай өлуге тиістімін. Себебі мен де жас күнімде әкемді суға ағызып жіберіп едім, енді, міне, сол қатыгездігім алдымнан шықты. «Өгізге туған күн бұ­зауға да туады». Сен бүгін мені суға ағызып өлтірсең, ертең сені де балаңның солай өлтіретінін есіңнен шығарма» депті. Әкесінің бұл сөзін ой елегінен өткізген баласы «жоқ, мұным болмайды екен, мен бүгін әкеме не істесем, ертең балам маған соны істейді екен» деген ақылға келіп, әкесін өмір бойы бағып, өз босағасынан о дүниеге аттандырыпты. Обалы әкенің әкесіне істеген қамқорлығын көріп өскен балалары кейін ол қартайғанда, алақандарына салып бағыпты-мыс. Демек, ертең баламның алдында кемсеңдеймін деген адам, бүгін өз баласының алдында ата-ананы қалай сыйлаудың үлгісін көрсетсін. Әкені, әке шыққан қара шаңырақты қастерлесін. Міне, бұл – біздің ұлттық тәрбиеміздің іргетасы.

Қара шаңырақтың қасиеті туралы «сіз не айтасыз?» деп қазақтың дала заңын, ұлттық дәстүрін көп зерттеген заңгер Талғат Омар ақсақалға сұрау қойғанымызда, былай деді: «Бұл тақырып өте маңызды. Себебі бұл – біздің ұлттық идеологиямыздың тамыры. Ағашты кессең де, тамыры сау болса, қайта көктейді. Қазір сол тамыр қиылып барады. Қара шаңырақ – бір отбасының құты, әулеттің өсіп-өнген тамыры. Осы тамырдан айырылған соң, әке-шешесін құрметтемейтін, ұлтын, Отанын ойламайтындар көбейді. Қазір азаматтық қоғам құрамыз деп ентігіп жүр. Меніңше, қазақ сол азаматтық қоғамды баяғыда құрып, оны қара шаңырақ ұғы­мы арқылы бүгінге жеткізді. Қа­зақтың ұлттық тәрбиесінің түп тамыры болған қара шаңырақ қашанда қастерлеуге лайық. Мәселен, мен он ағайындымын. Үйдің екінші баласы едім. Қара шаңырақты мен бастым. Шешем ерте қайтыс болды, ал әкемді 33 жыл бағып, өз босағамнан шығардым. Қазір өзім де ұл мен келіннің қолында, немеремнің қызығына тоймай отырмын. Қарттардың өз қара басын күйт­теп, балалардан бөлек, немереден алыс отырғанын да құп санамаймын. Ата-әженің тәрбиесін көрген немере салиқалы болып ержетпей ме?! Оның үстіне, қа­ра шаңырақ құт ретінде түркі қа­ғанатынан бері жалғасып келеді. Бұл – арадағы құт-ырыс, байлық емес, ол ұрпаққа күш бе­ретін тылсым энергия. Былайша айтқанда, қара шаңырақта бабалар рухын бізге жеткізетін тылсым күш бар. Жігітке қуат беретін екі күштің бірі – кіндік қа­ны тамған туған же­рінен алатын энергиясы болса, енді бірі – осы қара шаңырақтан алатын қасиет. Бұған әсте нем­құрайды қарау­ға болмайды.

Соңғы жылдары Германияда «Ата-әжелер арендасы» саудасы қарқын алды. Бұл сауданы қыздырғандардың көбі – жас отаулар немесе жалғызбасты ата-ана. Олар өздерінің әке-шешесі жоқ болса да, балаларын үлкендерге мейірімді, үлкендермен оңай тіл табысатын етіп тәрбиелеу үшін өзгелердің ата-әжелеріне азырақ ақша төлеп, оларды өз үйіне үне­мі келіп тұруға, кішкентай баласымен әңгімелесіп, оларды тәр­биелеу жұмысына қол ұшын бе­руге ұсыныс етеді. Бұған күні бойы төрт қабырғаға қамалып, зерігіп отырған ата-әжелер қуана келіскен. Нәтижеде, қарттар құ­лазудан құтылса, балалар қарттардың мейіріміне бөленіп, олар­дан көп тәлім-тәрбие алған. Ба­ла тәрбиелеудің, қарттарды құлазудан құтқарудың мұндай тәсілі ертең жалпы дүниеге таралуы мүмкін. Ал біз ше? Ұрпақ жүрегіне ұлттың ұлы қасиетін егетін ең қастерлі адамдарды жаутаңдатып, қарттар үйіне жібере бастадық немесе оты бө­лек, өз күнін өзі көріп жүр.

Қысқасы, қара шаңырақты қастерлеу, ата-ананы бағып-қағу – сан ғасырдың сынағынан өткен асыл дәстүріміз. Әрине, қазіргі нарық заманында қызмет, кәсіп жағдайымен ата-анадан алыс­та, қара шаңырақтан шалғайда жүру шарасыздықтың ісі десек те, қара шаңырақ алдындағы жауапкершілік, ата-ана алдын­­дағы перзенттік борыш күн­кө­рістің қамымен өлшенбейді.

 

Қалиақбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Пікірлер Кіру