Қауесет таратуға қатысты үкім

10 ақпан 2020 8537 0
Оқу режимі

Құран Кәрім мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінде келген дәлелдер халық арасында сыбыс, қауесет таратуды, анық-қанығына жетпеген сөздерді, жалған негізсіз ойларды жаймас бұрын тиісті орындарынан, жауапты адамдардан білмей тұрып,  қандай да бір кісінің осы негізсіз қауесеттерді жаюын шариғи тұрғыдан харам екендігін білдіреді. Ондай істер халық арасында толқулар мен бүліктерге себеп болады. Алла Тағала қазіргі кездегі қауесет тарату деп аталатын көріністі «иржаф» (яғни «сілкіну») деп сипаттады. Ол - қоғамда жалған және негізсіз хабарлар арқылы  қорқыныш пен үрей тудыру. Ол жайлы Құранда:

"لئن لم ينته المنافقون و الذين في قلوبهم مرض و المرجفون في المدينة لنغرينك بهم          ثم لا يجاورونك فيها إلا قليلاً . ملعونين أينما ثقفوا أخذوا و قتلوا تقتيلاً"

«Ант болсын егер екіжүзділер, жүректерінде дерт болғандар және Мәдинада өсек тарқатып жүрушілер  қылмыстарынан тоқтамаса, әлбетте сені оларға үстем етеміз. Сосын олар қалада сенімен бірге тұра алмайтын болады. Олар қарғысқа ұшырап, қайдан табылса да, ұсталып өлтіріледі,»[1] - делінді.

Негізге сүйенбеген ойлар адамдар арасына бүлік салып, тиыштықты жояды. Алла Тағала Құранда осындай ойлардың жетегінде кетіп, оларды өз бетімізше анықтау мақсатында өзге адамдар жайында жаман ойда болып, тыңшылық жасауды, олардың істерін тіміскілеуді харам іс деп, күнә екенін білдірді:

"يا أيها الذين آمنوا اجتنبوا كثيراً من الظن إن بعض الظن إثم و لا تجسسوا و لا يغتب بعضكم بعضا أيحب أحدكم أن يأكل لحم أخيه ميتا فكرهتموه و اتقوا الله إن الله تواب رحيم"

«Әй, мүміндер, көп күмәнді ойлардан сақтаныңдар, өйткені кейбір күмәнді ойлар – күнә. Басқалардың айыптарының соңынан тыңшылық жасап жүрмеңдер. Біреуді біреу ғайбаттамасын. Сендерден біреу өзінің өлген туысқанының етін жеуді жақсы көреді ме? Әрине оны жек көресіңдер. Алладан қорқыңдар. Расында Алла тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімді»[2].

Әбу Һурайра риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ақиқатына жетпеген ойлардан сақтаныңыздар. Расында ондай ойлар - ең жалған әңгіме. Тыңшылық етпеңіздер. Араларыңызда қызғаныш өршітпеңіздер. Бір-біріңізбен қарама-қайшылыққа келмеңіздер. Бір-біріңізді жек көрмеңіздер. Әй Алланың құлдары, бір-біріңізбен бауырмал болыңыздар»[3], - деген.  

Қауесет тарату мен оның зардабынан сақтанудың жолы – оны біреуге айтудан тартыну және алғаш  ауыздан шығармай тұрып естіген күйде қалдыру. Тіпті хабар рас болса да, оны дереу таратып жіберудің қажеті жоқ және міндетті іс емес. Керісінше ол хабарды жауапты, қатысы бар тараптардан сұрауы керек. Өйткені естігеннің бәрін айтуға асығу өтірік сыбыс таратып қоғамның арасына мазасыздық салып, соңы өлім мен апатқа апарып соғуы мүмкін. Мұндайда адамның асығыстық етуі қылмысты істердің туындауына себеп болады және өзін күнәға итермелейді. Осыны ескертіп Алла Тағала:

"وإذا جاءهم من الأمن أو الخوف اذاعوا به ولو ردوه إلى الرسول و إلى ألي الأمر منهم لعلمه الذين يستنبطونه منهم ولو لا فضل الله  عليكم  ورحمته لاتبعتم الشيطان إلا قليلا"    

«Қашан оларға тыныштық немесе қауіп-қатер хабары келсе, оны жайып жібереді. Егер олар өздеріне келген хабарды жаймастан бұрын пайғамбарға және өздерінің арасындағы басшыларына ғана жеткізгендерінде еді, хабарды (оның анық-қанығын) білгісі келгендер солардан анығын білген болар еді. Егер сендерге Алланың кеңшілігі болмағанда, көпшілігің шайтанға ілесіп кеткен болар едіңдер»[4], - деді.

Сондықтан Алла Тағала бізге естігеніміз амандық немесе қауіп жайлы хабар болсын, оны тарқатпас бұрын жауапты, істі түбегейлі білетін тараптардан сұрауымызды бұйырды. Білгеннен кейін айтқан хабар шындығына көз жеткен, рас хабар болар еді. Аятта растығына жетпеген сыбысты тарату шайтанның ісі деп сипаттап, одан ескертті. Хабардың бұрыстығы себепті оған сеніп, өкініште қалмауымыздан тағы бір аятта ескертіп:

 "يا أيها الذين آمنوا إن جاءكم فاسق بنباء فتبينوا أن تصيبوا قوما بجهالة فتصبحوا على ما فعلتم نادمين"

«Әй, муминдер, сендерге пасық біреу бір хабар жеткізсе, сендер шынайы жағдайды білмеген қалыптарыңда бір қауымға қайғы жеткізіп қойып, істеген істеріңе өкініп қалмауларың үшін ол хабарды тексеріп көріңдер!»[5], - дейді.

Қауесеттің зардабынан қалай сақтауымыз керек? Ол төмендегідей сақтану ережелерін үнемі көз алдымызда ұстаумен болады:

Бірінші: Егер қатерлі сыбыс тараса, исламдық ережені сақтамақ болған кісі өзі мен өзгелер жайында жақсы ойда болуға асығуы керек.

Екінші: Қауесет таратушылардан олар айтып жүрген хабардың болғанын шындыққа шығаратын дәлелдер талап ету керек. Сондай-ақ оқиғаны көрдім деген адамнан оқиға жайлы толық сұрау қажет. Өйткені естідім делінген сыбыстар тіпті негізсіз немесе көрдім деген хабарлар жалған болып шығуы әбден мүмкін.

 Үшінші: Естіген, шындығына көз жеткізіп үлгермеген хабардың жайылуына көмектесіп, оны біреуге айтудан тыйылу уәжіп.

Төртінші: Кісі өзі жай-жапсарын білмеген нәрсе туралы айтылған хабарға кірісуден аулақ болуы керек. Әсіресе ол жайлы ешбір дәлел келтірілмесе, ол хабар өтірік болып, бекер даурығу орын алуы мүмкін.

Бесінші: Қауесетті жеңіл көріп, немқұрайлы қарау дұрыс емес. Кейде оған адамдар қарсылық көрсетпей, кәдуілгі іс ретінде қабылдайды. Бірақ ол соңы ел тыныштығы мен қоғам ішінде іріткі тудыру үшін әдейі жасалады, кейде қақтығыс пайда болып, ушығады.  Жер бетінде қан төгіске дейін апарып соғады. Сондықтан ол Алланың қасында кіші іс емес, күнәлі де ауыр іс екенін білуіміз қажет.

Алтыншы: Мұндай дұрыстығы мен бұрыстығы білінбеген хабарды естігенімізде: «Бұл жаланы айту біз үшін дұрыс емес. Әй пәк Алла, бұл хабар - үлкен жала!»[6], - делінген аяттағыдай, жалған хабарға құлақ салып, оны басқаларға айтуымызға тыйым салды.          

 


[1] «Ахзаб» сүресі, 60-61 аяттар.
[2] «Хужурат» сүресі, 12-аят.
[3] Бухари, Муслим.
[4] «Ниса» сүресі, 83-аят.
[5] «Хужурат» сүресі, 6-аят.
[6] «Нұр» сүресі, 16 аят. 

 

Дереккөз: fatua.kz

Пікірлер Кіру