ҚАЙ УАҚЫТТА ЗЕКЕТ БЕРУГЕ БОЛАДЫ?

08 қаңтар 2024 1712 0
Оқу режимі

Ислам дінінде балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс,қарызы мен қажеттілігінен артық өсімді мал-дүниесі (ақша, алтын, күміс, сауда заттары және жайылымдағы төрт-түлік малы) нисап мөлшеріне жетіп, сол нисапқа бір жыл бойы иелік еткен мұсылманның мал-мүлкінен зекет беруі – парыз (Фатху бабил ғиная, 2 том, 5-7 беттер).

Төмендегі шарттар табылған жағдайда зекет беру парыз болады.

Біріншіден, мал-дүниесі нисап мөлшеріне жету керек. Нисап деген –зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының пәтуасы бойынша, нисап мөлшері 85 грамм алтынның бағасымен есептелінеді. Оның құны Ұлттық банк бекіткен алтынның 585 сынамасымен анықталады. Бүгінде ол шамамен 1 млн 285 мың теңгені құрайды.

Мал-дүниесі нисапқа жеткен адам бай атанады. Адамның күнделікті ішіп-жейтін тамағы, киетін киім-кешегі, тұратын үй-жайы, мініс көлігі, сауын сиыры, оқитын кітаптары, қолданатын ыдыс-табағы мен тұрмыстық құрал-саймандары қажеттілік саналады. 

Екіншіден, нисап мөлшеріне жеткен мал-дүние бір жыл айналымда, яғни зекет берушінің иелігінде болуы шарт. Мұндағы мезгіл мұсылман күнтізбесі, яғни қамари жыл санауы бойынша есептеледі. Мысалы, өткен Рамазан айынан биылғы Рамазан айына дейінгі уақыт бір жыл саналады. Бір жылға толмаған мал-дүниеден зекет беру міндет емес.

Үшіншіден, нисапқа жеткен және бір жыл толған мал-мүлік иесінің қолында, оны кедергісіз жұмсай алатын болуы тиіс. Жоғалтқан немесе біреуден ала алмай жүрген малдан зекет берілмейді. 

Біреуден алған қарыз және аманат малынан зекет берілмейді. Біреуге берген қарыз өзінің мал-дүниесі болып саналады. Сенімді адамға қарыз беріп, қалаған уақытта оны қайтарып алуға шамасы жетсе, ондай қарыздан да зекет беріледі.

Төртіншіден, зекет берілетін мал-мүлікте иесінің сауда ниеті болуы керек. Яғни сатуды, одан материалдық пайда табуды көздеген адам сол нәрседен зекет береді. Егер сату ниеті болмаса, заттың құны қанша қымбат болса да, одан зекет берілмейді. Мәселен, жалға берілген үйі немесе өнім өндіретін зауыты және ондағы қымбат жабдық, құрал-сайманнан зекет берілмейді. Одан алынған жалгерлік ақыдан және түскен пайдадан ғана зекет береді.

 

Дайындаған Хасан АМАНҚҰЛ

 

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру