Қайрат Нұрқанат Берікұлы

13 желтоқсан 2018 4925 0
Оқу режимі

1995 жылы 27-мамырда Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Астана қаласы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, филология факультетінің түлегі. Көптеген республикалық, облыстық айтыстардың жүлдегері.

Жаратушының расулы – жаратылыстың асылы

Пейілі кәусар, жүрегі мамық,
Бір жанды барша біледі халық.
Қараңғылықта қалдырмай бізді,
Көзімізді ашқан күн еді жарық.

Жүзіне біткен нұрын көргелі, 
Тірілді қайта түңілген көбі.
Жымиғаны да жылу сыйлады, 
Жұрттың бәріне жұмыр жердегі.

Алса да көп ел алдында кеңес, 
Өзеуреп өзін паң қылған емес.
Көріскен жанның көбелек қанат -
Көңілін нәзік қалдырған емес.

Теректей мұңды шыбық қылатын,
Қайғының бәрін ұмыттыратын.
Қара құйындай қарсы келгенге,
Күндей жадырап күліп тұратын.

Жалғаннан іздеп пайда басына,
Жалпақтаған жоқ бай баласына.
Құл менен байды еш алаламай,
Құрметті болған айналасына.

Нәпсімен күрес - ауыр майданнан,
Құлқынын  жеңіп табылмай даудан.
Жолын кескенге жомарттық қылып,
Жауындай көрмей бауырға айналған.

Бұл барлық мінез бір адамдікі,
Раббысын сүйген шын адалдікі.
Жаратылыстың сырын игерген,
Ғаламнан озған ғұламамдікі.

Ол менің Асыл, Хақ Пайғамбарым,
Күнәдан таза – Ақ Пайғамбарым.
Бар елге жеткен есімі дара,
Әлемге біткен - Бақ Пайғамбарым.

Тарихқа бәрі көңілін бөлсін,
Алтын адамның өмірін көрсін.
Елшіге берген тұтас мінездің,
Еншілесек қой бөлігін болсын.

Жаратқан, жеткіз аңсаған жаққа,
Ізгілер толы самсаған баққа.
Пайғамбар сенген үмбеттен қылшы,
Пайдамыз тисін барша адамзатқа.

Сапынан болмай пәтшағарлардың, 
Руханияттан ақсағандардың.
Көркейтсек екен жан дүниемізді,
Көбейтіп санын жақсы адамдардың!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру