ҚАЗАҚ ҚАЙ КЕЗДЕ СҮЙІНШІ, ҚАЙ УАҚЫТТА БАЙҒАЗЫ СҰРАҒАН?

14 қазан 2024 721 0
Оқу режимі

Сүйінші сұрау

Қуанышын жасырмайтын ақкөңіл, ашық-жарқын қазақ халқы, өзгелердің қуанышын өз қуаныштарындай көретіндіктен, өшкені жанып, өлгені тірілген ерекше қуанышты елден бұрын көргенде, сондай- ақ, біреудің жан тебірентерлік ұлы жақсылыққа жолығарын алдын ала білгенде, əйелінің ұл тапқанын күні бұрын естігенде, сондай-ақ, басқа біреудің жақсылығы мен игілігін елден бұрын сезгенде қуаныш иесіне дереу «шүйіншілеп» шауып барып, қуантып «сүйінші» сұрайды. Міне, бұл «сүйінші сұрау» деп аталады.

Қазақ салтында «сүйінші» сұрап барған адамның меселдесін қайтармайды. Қалайда, оған қуанышты істің салмағына қарай лайықты нəрсе сыйлап қайтарады.

Көрімдік сұрау

Жақсылық пен жаңалыққа жаны құштар қазақ халқы жақсылық пен жаңалығына «көрімдік» сұрап, өз қуаныштары мен жаңалықтарына өзгелерді де ортақтастырып отырады. Міне, бұл «көрімдік сұрау» деп аталады. Мысалы, жаңа туған нəрестеге, жаңа түскен келінге, жаңа көтерген отауға, жаңа салдырған үйге, сарайға «көрімдігін беріп көріңіз» деп, көрмекші болған адамдардың алдын тосып көрімдік сұрайды. Оған өзінен «көрімдік» сұралған адамдар тай-тайынша, қой-қозы жəне бағалы заттардан «көрімдік» береді.

Байғазы сұрау

«Байғазы» – жаңа киім киген, жаңа ер-тұрман мінген жəне жаңа зат алғандарға берілетін жоралғы, сыйлық. Қазақ салтында, жаңа киген киім, жаңа мінген ер-тұрманын, кей жерде жаңа мінген аты мен бағалы мүліктерін жанашыр, жақын адамдарына көрсетіп, «байғазы беріңіз!» деп сұрайды. Міне, бұл «байғазы сұрау» деп аталады. Егер, байғазыны киімге сұраса, «жасың ұзақ, киімің тозғақ болсын!» деп игі тілек білдіріп, байғазыға бір зат немесе қозы-лақ береді. Ал, ер-тұрманын көрсетіп сұраса, «мінісің көп болсын, дұшпаның жоқ болсын!» деп, оған да өз лайығына қарай байғазысын береді. Ал үлкендер бай- ғазы сұраса, тіпті де көңіл бөліп, меселдесін қайтармайды.

 

 Айып НҮСІПОҚАСҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру