Қажылық ғибадаты
Хаж сөзі араб тілінде құрмет тұтылған қасиетті жерді зиярат ету мағынасын білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – қажылық айлары деп аталатын арнайы уақытта Сауд арабиядағы Мекке қаласының жанындағы Арафат тауында ғибадат ниетімен бір мезет тұру, сосын Қағбаны тауап[1] ету және қажылықтың арнайы басқа амалдарын орындау арқылы атқарылатын ғибадат.
Қажылық ғибадатының орындалатын айлары
Шәууал, Зилқағда және Зилхижжа айының алғашқы он күні. Қажылықтағы әрбір амал үшін белгіленген арнайы уақыт бар. Зиярат тауабының уақыты құрбан айт күні таң атысымен басталып, қажылыққа ниет еткен адамның өмірінің соңына дейін. Бірақ зиярат тауабын құрбан айттың алғашқы үш күнінде орындау уәжіп болғандықтан, кімде-кім осы уақыттан кешіктірсе, қажылығының дұрыс болуы үшін құрбан шалуға міндетті. Ал Арафат тауында тұрудың уақыты болса, арафа күні түс ауғаннан құрбан айт күні таң намазының уақыты кіргенге дейінгі уақыт.
Қажылық ғибадатының пайдалары мен хикметтері
Шамасы жеткен әрбір мұсылман баласына қажылық ғибадаты парыз болғандықтын орындаушысы, ең бірінші, Алланың сый-сыяпатына кенеліп, күнәларынан арылады. Өйткені, Алла Тағала өзінің әмірлерін орындаған құлдарын ақыретте сый-сыяпатқа бөлейтіні туралы уәде еткен. Қажылық ғибадатын ықыласпен орындаған құлдардың күнәларының кешірілетіні жайында
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім әйелімен жақындаспай (жақындасуға тартатын барлық іс әрекеттерден аулақ болып) және күнә істеместен қажылық жасайтын болса, анасынан жаңа туғандай күнәларынан арылып қайтады»,[2] – делінген. Иә, жүрегіне Хақ сәулесі ұялаған әрбір мұсылманның асыл арманы Алла Тағаланың құзырына мына жалған дүниеде пендешілікпен істеп қойған күнәларынан арылып, анасынан жаңа туған сәбидей пәк күйде, жарқын жүзбен бару. Сондықтан да түн ұйқысын төрт бөліп, тәһажжүд оқып, ғапыл құлдардың шырт ұйқыда жатқан осы бір мезетте Раббысымен оңаша қалып, көз жасымен күнәлі жүрегін жуып, күнәларына кешірім тілеп жалбарынады. Тәубе етіп, шыжыған ыстықта нәпіл ораза ұстап, ықыласыма аз да болса басқаға көрсету, мақтаныш сезімі араласпасын деген ниетпен тасада ешкімге көрсетпей садақа береді. Жалпы айтқанда, өміріндегі әрбір мүмкіншілікке, әрбір істеген жақсылығына, күнәларының кешірілуіне себеп болар деген үлкен үмітпен қарайды.
Шыр айналып, зар илеп, күнәларына кешірім тілеген осы бір шынайы құлға Алла Тағала қажылықты парыз етті. Өйткені, бұл парызда ғұмыр бойы іздеген асыл арманын таппақ. Ол күнәсінан жаңа туған сәбидей арылу, тазару.
Пайғамбарымыздың басқа бір хадисінде Алла құзырында қабыл етілген қажылықтың қарымы жәннат екенін айтқан: «Бір умра екінші умраға дейінгі аралықта жасалатын күнәларға кәффарат, ал, қабыл болған қажылықтың сауабы тек қана жәннат».
1. Исламият туып, құлаш жайған бұл қасиетті топыраққа бару Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) және атақты сахабалардың қаһармандықтарымен таныстырып, жүрегімізге жаңару, Ислами өмірімізге үлкен серпін әкеледі. Мыңдаған қасиетті естеліктердің қазынасы және Алланың сүйікті Елшісінің (с.ғ.с.) исі сіңген топырақтың әрбір бұрышында теңдесі жоқ әлемнің нұрлы сыры жатыр. Пайғамбарымыз шыққан ол топырақта өлі жүректер тіріліп, мұсылмандар жап-жаңа жан рақаты мен қуанышына кенеледі.
2. Қажылық кезінде адамдардың ағылып әр құрлықтан келуі психологиялық тұрғыдан адамның дүниетанымын кеңейтіп, оның тағы бір беймәлім қырын аша түседі. Осы наным-сенімді ұстанып, соның үкімін атқарып жүрген жалғыз мен емес екенмін деген ой-пікір қалыптасады. Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан әр тілде сөйлейтін, әр түсті, мемлекет басшысынан бастап қарапайым халыққа дейін бай-кедей әр ұлт өкілінің бір жерде бас түйістіріп, қасиетті Қағбаның алдында ерекше бақытты күй кешіп, аппақ ихрамға оранып, бір зікірді қайталап қажылық парызды атқаруы мұсылман жұртшылығының өзара ынтымағы мен бірлігін күшейтіп, иманын нықтай түседі. Бұл біздің үлкен күш, үлкен жамағат екенімізді ұқтырады. Қажылыққа келген мұсылмандардың саны қанша болса, қажылық барысында біздегі иман да сонша есе арта түскендей әсер қалдырады.
Осы бір сырды аңғарғандар сәл бір шу шыға қалса өздерін жақтайтын он-он бес адамның басын тоқайластырып жіберіп шеру өткізуге даяр тұрады. Мақсат – сол істі жақтайтындардың аз емес екенін көрсету, өзара күш-қуаттарын арттыру, сенімдерін бекіту. Жалған дүние тірлігінің өзін осыншалықты қызғыштай қорғап жатқанда ақиқат үшін бас біріктіріп бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың қаншалықты маңызды екендігі өзі-ақ белгілі болғандай.
Егер мұқият көңіл бөлінсе, адамды жан-жақты қолға алған Ислам діні бес уақыт намаздың өзін жамағатпен оқуды бұйырады. Одан қала берді аптасына бір рет мешітке бас сұғып жұма намазын оқуды парыз еткен. Жыл сайын екі рет айт намазында да мұсылмандардың басын қосады. Ал қажылықта болса бұл дәстүр өз шарықтау шегіне жетеді.
3. Ұлтына, нәсіліне қарамастан мұсылмандардың арасындағы имани байланыстардың артуы, Ислам бірлігінің күшеюі қажылыққа келу арқылы іске асады. Өйткені дүниенің шартарабынан келген мұсылмандар мынаны ұғады: «бәріміздің де Жаратушымыз бір, Ризық беруші Иеміз бір, Құлшылық етушіміз де бір... Дініміз де бір... Пайғамбарымыз да бір... Құбыламыз да бір... Осылай бір-бірімен жалғасқан жүздеген бірлер... Осынша бірлер өзара бірлік пен келісімді, сүйіспеншілік пен бауырмалдықты қажет етеді».
Иә, бұлардың барлығы - ғалам мен планеталарды бір-біріне жалғап тұрған рухани шынжыр іспетті жеке адам ретінде әрі мемлекет ретінде Ислам әлемінің бірлігі мен ынтымақ, татулығына негіз болатын байланыстар.
Қажылық осылайша Ислам бауырмалдығының іске асуын қамтамасыз етеді. Дүниенің түкпір-түкпірінен келген мұсылмандардың өзара бауыр екендігі қажылықта дәлелдене түседі (АҚШ-тағы қара нәсілді мұсылмандар тобының жетекшісі Малкольм Иксті бұрынғы теріс ұлтшылдық пікірінен арылтқан да осы қажылық барысында көз жеткізгендері болатын).
4. Қажылық - мұсылман ұлттар арасындағы теңдіктің іс жүзіндегі көрінісі. Неге десеңіз, мұсылман ұлттар қажылық кезінде бай-кедей, білімді-білімсіз, ұстаз-шәкірт, шен-шекпен жағынан кім болса о болсын барлық дүниелік атақ-лауазымдарын бір жаққа ысырып қояды. Киімдерін шешіп бәрі бірдей аппақ ихрам киеді. Басқа мұсылман бауырларынан ажыратқысыз кейіпке еніп, ешбір айырмашылықтары болмайды. Сырттай көз тастасаң бәрі бірдей ақ кебінге оранған секілді. Еріксіз Мақшарда мазардан түрегелер сәтті елестетеді.
Алла Тағала «Хужурат» сүресінің 13-аятында «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата, Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ бір-бірлеріңді тану үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік. Шындығында, Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың. Күмәнсіз, Алла толық білуші, әр нәрседен хабар алушы», – деп бұйырады. Яғни сендерді ұлттар мен ұлыстарға, қауымдар мен тайпаларға бөлуімнің астары бір-бірлеріңді тануда, бір-біріңнің қоғамдық өмірлеріңмен етене танысуда жатыр, сол себепті қашанда өзара көмектесесіңдер, әйтпесе сендерді әр бөлек қауым ретінде жаратуымдағы мақсат бір-біріңнен суып, бір-біріңе алакөзденіп жауласу емес деген сөз.
5. Қажылық мұсылмандар үшін сабыр мен талпынысты үйрететін мектеп. Қажылық мектебі үздіксіз ғибадат жасату арқылы нәпсінің тізгінін тартып ауыздығын салады, мұсылман бауырларды бір-бірін сыйлап, сыпайылық танытуға үйретеді. Қажылық сапары барысында ешбір қайтарымсыз мал жұмсау, Алла үшін не нәрсені болса да шығындау парасаты өседі. Жақсылық пен жамандықтың арасалмағы бағамдалып, Алланың дұшпаны мен досының ақ-қарасы ажыратылады. Шайтанға тас атқан кезде, Қағбаны тауап еткенде, Мәдинаға ат басын бұрғанда, қара тасқа сәлем салғанда осындай терең ой құшағында тербеліп, ішкі жан сарайымыз тазарып сала береді.
6. Қажылық кезінде мұсылмандардың небір ішкі керемет сезімдері оянып, жүректері үлкен әсерге бөленеді. Алғашқы мұсылмандардың уахидың таңғажайып күйіне елітіп, әсемдіктерінен сөз етіскендігі, әр бірі Құранның түсіндірмесі секілді адамзатқа ұмытылмас әсер қалдырғаны, осы қасиетті топырақта небір жанкештілік қимыл-әрекет, дархан мінез, өнегелі өмір іздері қалғандығы мұсылмандардың көз алдынан тізіліп өтіп, санада қайта жаңғырады. Мұсылман қажылардың рухын биіктетіп, шабытын шарықтатады.
7. Қажылық мәңгілікке ойып жазылған иләхи естеліктердің еске түсірілуі. Оған мысал, жалғыз өзі бір үмметті құраған хазіреті Ибраһим мен ұлы Исмайылдың ғибратты ғұмыры, соңғы Пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) көктегі періштелердің өзін қызықтырған өнеге-үлгісі, иманын қызғыштай қорғап өмір мен өлімнің арасында ажалмен арпалысқан даңқты сахабалардың ерліктері-бәрі де тізбектеліп қажылық кезінде көз алдымыздан өтіп жатады. Оған қоса, Алла разылығы үшін сәбиін көтерген күйі жолға шыққан ананы да, Алла разылығы үшін деп жанын қиған асыл перзентті де, аяулы ұлын Алла разылығы үшін сапарға аттандырған әкені де, діндар күйеуінің бір сөзін екі етпей бағынған ананы да - бәрін осы аймаққа келіп қажылық жасағанда еске түсіресің[3].
«Ислам ғылымхалы» кітабынан алынды
Дереккөз: muslim.kz