ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ - ДИУАНИ ХИКМЕТ ЕҢБЕГІ

10 сәуір 2024 3034 0
Оқу режимі

Қожа Ахмет Ясауи XII ғасырда өмір сүрген Түркі әлемінің сопылық дүниетанымның негізін қалаушы, ақын, ойшыл, ұстаз, ағартушы, ғұлама пір. Толық аты-жөні: Ахмет бин Ибраһим бин Иляс. «Пір Түркістан», «Хазреті Түркістан», «Хазірет Сұлтан», «Қожа Ахмет», «Құл Ахмет Қажы» есімдерімен тарихта қалған. Орта азия түркі халықтарының пірі болған Қожа Ахмет Ясауи, қазақ халқының байырғы мәдениетінің тарихында айрықша орны бар ұлы тұлға.

Қожа Ахмет Ясауидің туған жері қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы. Әкесі Ибраһим сол кезеңінің сауатты, көзі ашық білімді, діндар адам болған. Қожа Ахмет Ясауи, алғашқы сауатын жеті жасына дейін әкесінен алады. Жеті жасында әкесі қайтыс болған соң  ұстазы Арыстанбабтан дәріс алады. Ол өмірден қайтқаннан кейін, Бұқараға аттанып, Жүсіп Хамаданидің медресесінде оқып, ол жерде білімін шыңдап үлкен жетістіктерге қол жеткізеді. Ұстазы қайтыс болған соң біраз уақыт сол медресеге басшылық жасаған. Ол жерде араб, шағатай, парсы тілдерін үйреніп, түркі тілдерінде өлеңдер жаза бастайды. Оны тәмәмдаған соң сопылық жол ұстанып, көптеген қалаларды аралап, туған шаһары Түркістанға қайтып оралады да, Арыстанбаб қалап кеткен  дәстүрді жалғастырды. Осында ол түркі дүниесіне кең танылған кемеңгерге айналды. Ал 63 жасынан бастап қалған өмірін жер астында, яғни қылуетте өткізді. Бұны Ахмет «Пайғамбар жасына жеттім. Маған одан артықтың қажеті жоқ», - деп түсіндіреді. Қанша жыл ғұмыр кешкені жөнінде әр түрлі деректер бар. Бір деректе 73 жыл, келесілерінде 85 жас деп берілген.

Қожа Ахмет Ясауидің шығармаларының негізі түп нұсқасы жоқ. Қолда бар түпнұсқалар болса, XVII ғасырлардан кейінгі кезеңдерге тиісті екендігі нақтыланған.Тек стилді формасы мен мазмұны жағынан Қожа Ахметке тиісті деген болжам жасалынады. Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет», «Фақырнама» (Пақырнама), «Миратул клуб» атты еңбектері бар.

Ахмет Ясауи түркі тілінде жатық әрі бейнелі жыр жазудың үлгісін жасап, шығыс әдебиетінде ертеден қалыптасқан, Құран Кәрімде баяндалатын тарихи оқиғалар мен пайғамбарлар қиссаларын хикметтерінде ұтымды пайдаланды. Оның 90 мыңдай шəкірт – мүриттері болғандығы айтылады. Олар ұстазының ілімін Орта Азияға таратып əкеткен. XIII–XV ғасырлар арасында Ясауи ілімі Хорезм, Мəуренаһр, Анадолыға дейін жеткен. Түрік жұртында Ясауиді құрметтеп, пір тұтқаны соншалық: «Мəдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет», – деген. Түркістан қаласында жерленген Қожа Ахмет Яссауи әзіреті сұлтан аталып, басына XIV ғасырдың аяғында Ақсақ Темір күмбез орнаттырды.

Оның бүгінгі таңда ұрпақтан-ұрпаққа жеткен еңбегі – «Диуани Хикмет» (Даналық кітабы) қыпшақ диалектілерімен көне түркі тілінде жазылған. Бізге жеткені XV-XVI ғасырлардағы көшірмесі ғана. Әр түрлі нұсқалары өте көп. Олардың көбі Ыстамбұл, Қоқан, Ташкент, Мәскеу, Алматыда сақталған. Бұл еңбек алғаш рет 1878 жылы жеке кітап болып басылып шыққан. Содан кейін ол Ыстамбұл, Қазан, Ташкент қалаларында бірнеше рет басылған. Соның бірі 1901 жылы Қазанда Тыныштықұлының қазақтарға арнап шығарған нұсқасы. Төрт тармақты өлеңмен жазылған бұл хикметте ақын өзінің бала күнінен пайғамбар жасына келгенге дейінгі өмір жолын баяндайды, тіршілікте тартқан азабын, көрген қайғысын айтады, бұқара халыққа үстемдік жүргізуші хандардың, бектердің, қазылардың жіберген кемшіліктерін, жасаған қиянаттарын сынайды, бұл фәнидің жалғандығын білдіреді.

Қожа Ахмет хикметтерінің жазылу тарихын, поэтикасын, сопылық-философиялық идеясын, қоғамдық-әлеуметтік мән-мағынасын, ислам дінін таратудағы рөлін М.Ф.Көпрүлузаде, Н.С.Банарлы, Е.Э.Бертельс, А.К.Боровков, Э.Р.Рустамов, В.И.Зохидов, т.б. ғалымдар жан-жақты зерттеді. Қожа Ахмет Иасауи «Диуани хикметте» «Аллаға жақындай түсу үшін» әрбір адам өзінің өмір жолында төрт баспалдақ өтуі керектігін айтады. Біріншісі – шариғат. «Шариғат» – ислам діні қағидалары мен шарттарын тақуалықпен мүлтіксіз орындауды әрі құдайға тебіреніспен құлшылық жасауды талап етеді. Екіншісі, «Тариқат» – дін ғұламаларына мүрит (шәкірт) болып, жалған дүниенің түрлі ләззаттарынан бас тарту, Аллаға деген сүйіспеншілікті арттыра түсу болып табылады. Бұл баспалдақ сопылықтың негізгі идеясын, мұрат-мақсатын аңғартады. Үшіншісі, «Мағрифат» дін жолын толық танып-білу сатысы деуге болады. Бұл баспалдақтың негізгі талабы – күллі дүниедегі болмыс-тіршіліктің негізі «бір Алла» екенін танып-білу, түсіну. Төртіншісі, «Хақиқат» – Аллаға жақындап, оны танып-білудің ең жоғары баспалдақ. Сопылық ұғым бойынша, «шариғатсыз» «тариқат», «тариқатсыз» «мағрифат», «мағрифатсыз» «хақиқат» болуы мүмкін емес. Бұлардың бірі екіншісіне өту үшін қажетті баспалдақ  болып табылады. Қожа Ахмет Иасауи Аллаға жету жолында міндетті түрде төрт асудан мүдірмей өтуі керектігін өзінің химетінде былай баяндайды:

«Әркім қылса тариқаттың даулы ісін,

Әуел қадам шариғатқа қоймақ керек.

Шариқаттың істерін ада қылып,

Одан кейін осыны қылмақ керек.

Шариғатсыз дәм бұйырмас тариқатта,

Тариқатсыз дәм бұйырмас мағрипатта.

Мағрипатсыз дәм бұйырмас хақиқатта,

Баршасын да шариғаттан сұрамақ керек...»

Қожа Ахмет Ясауидің хикметтеріндегі негізгі түйіні: Мансап пен байлық, билік, кедейлік пен қанағатшылдық, нәпсі мен тәубашылдық, Хаққа сыйыну секілді түйінді жәйттер дін талабы тұрғысынан айтылады. Бұл дүниенің баянсыздығы мен ол дүниенің бақилығын салыстыра отырып, қанағат, адамгершілк, мейірім-шапағат, адалдық, ізеттілік жайында сөз қозғайды. Аллаға және пайғамбарға махаббатты дәріптей отырып, жаратылғандарға мейірімділікпен қарауды үйретеді. Сонымен қатар, ол Мұхаммед пайғамбардан үрдіс болып келе жатқан жол: жиған малдың қызығын тек өзі көрмей, өзге жетім-жесір, мүсәпірлерге де қайырымды болу, жасаған күнәңді дер кезінде түсініп, тәубаға келу, Аллаға сол туралы шын көңілден жалынып-жалбарынудың қажеттігін хикметінде былай деп суреттейді:

«Мың түмен түрлі қате кетсе, ғафу қыл,

Артық-ауыс айтқан болсам, ғафу қыл.

Тәлауат қылмасам да калам алла,

Білмес күна, қателерді ғафу қыл.

Оқып қапыл болып нұқсан, қате кетсе,

Жөнсіздіктер менен кетсе, ғафу қыл.

«Мәдд»* пенен «тәшдидтерді»* алмастырып,

Осы сынды қателер менен кетсе, ғафу қыл.

Бұзып айтсам не бір сөзін, не әрпін,

Дұғаларды шала оқысам, ғафу қыл.

Аят, уәде, айттарды қылмасам жөн,

Түсінбестік жетіспеулер менен өтсе, ғафу қыл.

Ізет икрам Құранына қыла алмасам,

Бейәдептік, бейибалық менен өтсе, ғафу қыл.

Қателері көп сірә мен сияқты құлдардың,

Қарабет боп қате кетсе, ғафу қыл.

Қожа Ахмет міскіннің нұқсаны көп дүниеде,

Иа, раббы, құдайым, мың қатемді ғафу қыл»

 

Дерек көзі:

  https://articlekz.com/kk/article/16202

"Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 3-том

ДИУАНИ ХИКМЕТ (ХИКМЕТ ЖИНАҒЫ) / Топтастырып, қазақ тіліне аударғандар: Қ.Қари, Ғ.Қамбарбекова – Астана: «Ғылым» баспасы. 2016. – 210 б.

 

Саясат КӨКЕНАЙ

 

 

Пікірлер Кіру