Құдай Тағаланы еске алудың хикметі

03 наурыз 2021 5188 0
Оқу режимі

«Зікір» араб тілінде еске алу деген мағынаны білдірумен қатар Алла Тағаланы ойлау, мадақтау, шүкір ету, жаратылыс атаулыдан, күллі кемшіліктерден пәктеп тәсбих ету, оның ұлылығын паш ету секілді бірнеше терең ұғымды қамтиды. Дұрысында, Алла Тағаланы зікір етуді бір жерде отырып, Оны тілмен ғана зікір ету деп түсіну «зікір» сөзінің мағынасын толық ашпайды. Шынайы мұсылман Оны барлық жағдайда зікір етеді. Құранда: «(Олар) Алла Тағаланы түрегеп тұрып, отырып, (бүйірлеп) жатқанда да зікір етеді, көктер мен жердің жаратылыстары жайлы ойлайды»[1], деп, нағыз зікір етушілердің сипаттарын көрсеткен. Яғни, зікір етуші адам – отбасында яки ел арасында болсын ғұмырының барлық сәтінде Хақ Тағаланың тура жолымен жүруші. Оның шариғатына берік, жарлығына толықтай мойынсұнған жан.

Пайғамбарымыз: «Нағыз әулие сол – оған қарағанда Алла Тағала еске түседі», – дейді. Яғни, нағыз тақуа адам – өзінің барлық іс-қимылымен айналасына Құдай Тағаланың барлығы мен бірлігін еске түсіруші. Мұндай тақуа жандар бүкіл ғұмырын Алла Тағалаға арнайды. Бір жерге жинала қалса, Жаратушы Жаппар Иеден өзге әңгімесі болмайды. Сол жиналған жерде жылдар бойы отырса да, Ол туралы айтудан жалықпайды. Керісінше айтқан сайын Оған деген сүйіспеншілігі арта түседі. Кейде сағат бойы үнсіз отыруы да ғажап емес. Пәруаналар үн шығармай қалықтайды. Сырттай қараған адамға бұл таңсық қимыл болғанмен, негізі олардың іштей тілдесіп, сырласқандарын былайғы жұрт біле бермейді. Сондықтан да олардың кейде ел арасында «әпенде», «жынды» саналуы да ұшырасып жатады. Осыған орай Пайғамбарымыздың: «Адам сырттай қараған халыққа қылықтары оғаш көрініп «жынды» аталмайынша, нағыз мұсылман бола алмайды», – деген хадисі бар. Яғни, халық олардың іс-әрекетін түсіне алмағандықтан «мынауың нағыз жынды ғой» деп қолды бір-ақ сілтейді. Тақуалар керісінше, сол халықтың қылықтары жындының іс-әрекетіндей болып көрінеді. Бәлкім, олар: «Адамның жаратылыс мақсаты – Алла Тағаланы танып, оған құлшылық қылу, кәмілдіктің шыңына жетіп, Оның ризалығын алу, Оған жақындау. Бұл мүмкіндік осы қас-қағымдай көрінген қысқа ғұмырда ғана берілген. Осыны біле тұра адамдар неге сол келте өмірдің жалған дүниесіне қызығып, соған өлермендікпен ұмтылады» деп түсіне алмаса керек. Оның мысалы әрқайсысында жиырма төрт қап бидай бар екі адам тәрізді. Біреуі келер қысқа дайындық жасап, жаз бойы тер төгіп егін егер. Екіншісі жаз бойы көлеңкелеп, өткен-кеткен жолаушыға егуге арналған бидайын сатар. Екеуінің де қылықтары бір-біріне түсініксіз...

Сол сияқты олар да адам баласының алдында қабір әлемі, Махшар, одан әрі не аузын ашып Жәһаннам, не бауырын жазып Жәннат тұрғанда бейне бір жаздық тірлік үшін ғана тырбанған пенделердің қылығын түсіне алмаса керек. Міне, сондықтан олар жұрттың не дегеніне құлақ аспастан түпкі мақсаттарына жетуге тырысып, ғұмырын Алла Тағаланы зікір етіп өтуге арнайды.   

Пайғамбарымыз бірде былай дейді: «Алла Тағаланың жер бетін аралап Өзін зікір еткендерді іздейтін періштелері бар. Бұл періштелер Алла Тағаланы зікір етіп жатқан бір жамағатқа кездессе «Іздегендерің мына жақта» деп бір-бірін шақырады. Сонда барлығы жинала қалып, Жаратушыны пәктеп мадақтауға, тек Соған ғана құлшылық етіп ұлықтауға жиналған топты қанаттарымен бүркеп көк әлеміне дейінгі аралықты толтырады. Алла Тағала оларды жақсы біле тұра періштелерінен: «Құлдарым не деп жатыр?» – деп сұрайды. Періштелер: «Олар Сені тәсбих етіп, Сенің жаратылыс атаулыдан мүлдем пәк екендігіңді паш етуде. Саған тәкбір айтып, ұлықтап, Сенің құдіретің мен ұлылығыңның теңдессіз екендігін жариялауда. Һәм Сенің берген несібелеріңе шүкір етіп, мадақтауда. Саған тағзым етіп, Сенің құдіретің мен ұлылығыңның алдында өздерінің қауқарсыздығын танытуда», – дейді. Алла Тағала сұрағын жалғастырып былай деп сұрағын өрбітеді:

–  Олар Мені көріп пе еді?
–  Жоқ!
–  Көрсе не істер еді?
–  Егер Сені көргенде бұрынғыдан да терең құлшылыққа беріліп, шексіз тәсбих етіп, Өзіңді ұлықтай түсер еді.
Алла Тағала:
–  Олар не тілейді?
–  Олар Сенен Жәннатты тілейді.
–  Жәннатты көріп пе еді?
–  Жоқ, Раббымыз! Олар Жәннатты көрмеген.
–  Көрсе не істер еді?
–  Егер Олар жәннатты көргенде оған көзсіз қызығып, «Бізге Жәннатты нәсіп ете гөр!» деген тілектері телегей теңіз болып тербетілер еді.
–  Олар не нәрседен құтылуға тырысуда?
–  Әрине, олар Жәһаннамнан құтылуға тырысуда.
–  Олар Жәһаннамды көріп пе еді?
–  Жоқ, Раббымыз олар Жәһаннамды көрмеген.
–  Көрсе не істер еді?
–  Жәһаннамды көргенде бұрынғыдан бетер қорқып, түршігіп, одан бойын аулақ салуға тырысар еді.

Осы кезде Алла Тағала: «Сендерді куә ете отырып оларды кешірдім!», – дейді. Сонда бір періште: «Олардың арасында пәленше деген күнәһар бір құл да бар. Ол – бөлек адам. Оларға жатпайды. Басқа ниетпен барып, қастарына тізе бүккен», – дейді. Сонда Алла Тағала: «Оны да кешірдім! Мұндай жамағаттың қасында отырған адам да солардың арқасында бақыттан кенде болмайды!»[2], – дейді. Яғни бұл жерде күнәһар адам қанша күнәға батса да, тақуалармен жолыққанда күнәсі кешіріле кетеді деген сөз емес. Әуелі мұнда Хақ Тағаланың рақымының шексіздігін айтып тұр. Екіншіден, бір қоғамда елді туралыққа шақырып, тақуалық жолмен жүрген бір мұсылман жамағат болса, оның әсері тек өздеріне ғана емес жалпы қоғамға да болмақ. 

Ендеше, кейде қауқарсыз пенде дүниенің күйкі тіршілігіне алданып, тіпті қия басып ұйыққа түсуі де әбден мүмкін. Ондайда, тым болмағанда, тақуа жандармен араласып тұрғанның пайдасы тиері сөзсіз. 

М.Исаұлы

 


[1] . Әли Имран, 191.
[2] Бухари, Дауат 66.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру