ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫЛЫҚ САПАРҒА АТТАНАРДА

07 тамыз 2024 1214 0
Оқу режимі

Құнанбайдың қажылық сапарға аттанар алдында Ұлжанға айтқаны:

...Бәйбіше, үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Ұзақ кешкен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел өзің едің. Өзіме тағдыр бақ берген жанмын деуші ем.

Айтыспасақ та, жер танытып отыратын қабақ пен жүрек бар еді, соған сенуші ем де, кейде шәлкес, кейде қия да басып кете беруші ем. Бағыма масайып еркелегенім болса керек.

Енді қай дөңнің басында қалармыз, кім біледі. Сенің айтар кінәң болса да, менің саған артар бір түйірдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ бейілің үшін балаларыңның бағы ашылсын.

Мен айтарды өзің айтыпсың. Менің арманымды өз арманың етіпсің. - деді

Бұл – Меккеге жүрер алдындағы Құнанбайдың Ұлжанға айтқан сөзі.

Қалың туыс, үйірлі ағайын, шоғырлы бала-шаға, дос-жаран, тамыр-таныс, нешеме әйелдер ішінен жалғыз Ұлжанмен арыздасты.

Ұлжанның нұрлы біткен ақшыл-қызғылт жүзі ішін тоңазытқан сезімнен көкшіл тартып, қатты өзгерді. Бірақ көпке шейін үндемей отырып, жүрек тоқтатты:

- Мырза, аталық арманыңды ақтар балаң болсын. Сен үшін де, өзім үшін де тілер бар тілегім осы ғана! Мынадай сапарыңа кінә түгіл, наз ертсем, оным білместік болар еді.

Мені дардай етіп көтеріп айттың. Бірақ мен ондай емеспін ғой. Әр кездегі ісімді ойласам, өзімнің де кінәм көп. Жөн бе, теріс пе, білмеймін, мырза, - деп күйеуінің бетіне салмақпен қарады."

Қайран бабаларым, еркегі - ер, баласы - дана, қызы - қылықты, әйелдері - ана, апа болған күндер-ай...

 

Клара Бектемірдің жазбасынан

Пікірлер Кіру