Құран оқып беріп, оқуға қабылданды

01 қыркүйек 2020 6817 0
Оқу режимі

Бір айлық жазғы демалысты өткізіп болып,  30-қыркүйек күні қалаға келіп жеттік. Қаладағы үйге орналасып болғанымыз сол еді, алғашқы қоңырау 1-қыркүйек те келіп қалды. Үйіміздің алдында терезеден қарасақ, мектеп формасын киген балалардан мектеп ауласы гүлге оранған қызыл алаңға ұқсап тұр. Қызым екеуміз терезеден қызығып қарап тұрмыз. Қызымның жасы әлі бесте болатын қыркүйек айының соңында алтыға толады. Мектеп шарты бойынша бала мектепке қабылдану үшін алты жасқа толу керек екен.

Содан не керек, қызымызды бірінші сыныпқа жіберу мәселесі артта қалған болатын. Сол күні уайым  қысты, ауылдан шығарда анамның «қызыңды мектепке нулевой сыныпқа бер» деген сөзі құлағымда шыңылдап тұр. Баламды мектепке берсем ба, жоқ әлі ерте ме» деп әйеліммен ақылдастым. Ол да: «бала қиналып қалмай ма?» – деп алаңдап қояды. Дегенмен, қыз баласы ғой, ертерек мектепке берсек, өзімізге жақсы. Кім біледі, әлі он екі жыл оқиды деген ойлар да келіп қояды. Енді, міне, екі ой арасында тұрмын. Түнде Алладан жәрдем тілеп, екі ракағат намаз оқып, екі ойдың жақсысына шығаруды сұрап дұға еттім.

Таңертеңгісін қызымның қасына барып:

– Қызым, мектепке барасың ба? – деп сұрадым.
– Барамын! – деді ол еш ойланбастан. Сонда мен анасына қарап:
– Қызымды киіндіріп бер, біз мектепке барамыз! – деп айттым. Қызым қуанып кетті. Жаңадан алған спорттық киімі болатын соны үстіне киіп алып үйден шықтық. Жаз бойы өзіміздің дайындалған материалдарымыз бар еді, олардың барлығын бір бума қылып салып алдым.

Енді екеуміз мектепке бара жатырмыз. Жолда қызымнан:
– Қызым, шынымен мектепке барасың ба? – дедім.
– Ия, әке.
– Онда қазір мектепке барғанда, сенен не сұраса да дұрыстап жауап бер, – деп қызымды өзімше дайындап бара жатырмын.

Мектепке кіріп едік, бізді бірден бастауыш сыныптарының меңгерушісіне жіберді. Ол кісіге кіріп, отырып мән жайды түсіндіре бастадым:
– Сәлеметсіз бе, рұқсат па екен? – деп кабинетіне бас сұқтым.
– Ия, кіріңіздер.
– Біздің қызымыз мектепке барғысы келеді.

Алайда, қызымның жасы осы айдың аяғында ғана алтыға толатынын айттым. Соған қоса жаздағы дайындалған материалдарды алдына жайып көрсетіп жатырмын.

– Кешіріңіздер, барлығын түсінемін. Бірақ мектепке алтыға толмаған балаларды қабылдай алмаймыз, – деген жауаптан басқа нәрсе естімедік.
– Онда басшыға кірсек болады ма? – деп сұрадым.
– Кіріңіздер, ол кісі де бәрібір соны айтады, – деп бастауыш меңгерушісі шығарып салды.

Қызымның жігері жаншылатын болды-ау деген ой мазамды алды. Оның алдында өзімді ыңғайсыздау сезініп тұрмын. Кішкентай кезде мектепке бара алмай қалған балаларға ата-анасы «қорықпа әлі жетіп аласың» деп айтушы еді. Сондай жағдай бола ма деген ой келе берді. Сонда да қызым екеуміз мектеп директорының алдына кірдік. Қысылып тұрып:
– Біз сіздердің мектептеріңізге ата-ана болсақ деген едік, – деген сөздермен бастадым.
– Баланың жасы қаншада?
– Бесте, бірақ осы айдың ішінде алтыға толады, – дедім. Мектеп басшысы қызыма қарап тұрып сұрақтар қоя бастады:
– Атың кім?
– Жансұлу.
– Жасың нешеде?
– Бесте.
– Әкеңнің аты кім?
– Жандос.
– Әкең қайда жұмыс істейді.
– Спортта.
– Спортта не істейді?
–Балаларды жаттықтырады, күреспен шұғылданады, – деп жауап беріп тұр. Әр сұраққа жауап берген сайын өзім сұраққа тартылып жатқандай сезініп отырмын.
– Ал, қане енді маған бір жаттау айтып берші, орныңнан тұр, тұрып айтсаң жақсы естіледі – деді мектеп басшысы. Содан соң «Аю отыр партада шығар?» деп демін ішке тартқанда, мысқылдың сыңайы байқалды.

Қызым маған қарап, «не айтамын» дегендей миығымен басын изеді. «Аю отыр партада шығар» дегенін естіген соң оны барлық бала біледі, ал біз ерекше тұспен келейк деген ниетпен.
–  Ал қызым, апайға құран оқып берші, – дедім.
– Бисмилләһир рахманир рахим. Қул һуааллаһу ахад …, – деп Жансұлу қызым «Ыхылас» сүресін оқып берді.
– Әй, мынау керемет қой, Құран сүрелерін оқып жаттап жүрген қызға бірінші сынып бағдарламасын игеру қиын емес шығар? – деп мектеп басшысы таңданысын білдіріп жатыр. Содан соң бастауыш сынып меңгерушісіне қоңырау шалып, «қазір Сізге бір қыз баласы әкесімен барады, қыздың құжаттарын қабылдап, ертеңнен бастап партаға отырғызыңыз. Ата-анасынан бала оқу бағдарламасына үлгеріп отыратындығы туралы қол хат алыңыз» деп тапсырма беріп жатты. Мен де ішімнен «Аллаһқа шүкіршілік» айтып, қуанып отырмын. Қызымның жүзінен де қуаныш сезіліп тұр. Екеуміз қуанып бөлмеден шықтық. Директордың кабинетіне ең жақын орналасқан акт залы бар екен, сонда кіріп сәжде жасап, Аллаға мадақ айттым.

Осылай истихара намазының жауабын алдық.

Қоныспаев Жандос Абумуталифұлы
Muslim.kz мұрағатынан, 2017 жыл

Пікірлер Кіру