- Мақалалар
- Құрбан айт: рәсімнің мақсатына үңілу
Құрбан айт: рәсімнің мақсатына үңілу

Мұсылмандардың жүректері жыл сайын Құрбан айт мейрамын қуанышпен, шаттықпен қарсы алады. Бұл мейрамға дайындық ретінде олар құрбандыққа мал сатып алуға асығады — әркім ниеті мен мақсатына қарай әрекет етеді. Ақылды әрі қоғам жағдайын бақылайтын мұсылман үшін осындай діни мерекелерде орын алатын жағдайлар жасырын емес. Атап айтқанда, кейбіреулердің мақтаныш пен көзге түсуге ұмтылып, тіпті мүмкіндігінен тыс қарызға батып, өзіне қиындық туғызуы — тек құрбандық шалудан қалмас үшін жасалады. Егер құрбандыққа мал сатып ала алмаса, ондай адам елден ұялып, жасырынып жүреді. Алайда көпшілік мұсылмандар — Алла рақым еткендерден басқасы — бұл ұлы рәсімнің мақсатын естен шығарады немесе елемейді.
Белгілі және мойындалған шариғат ережесі бойынша, Алла Тағала белгілеген әрбір үкімнің артында діни не дүнияуи (немесе екеуі бірдей) мақсаттар мен пайда жатады. Мұсылман ғалымдарының бірауыздан айтқан пікірінше, шариғатта ескерілген пайда дегеніміз — бұл дүнияуи мүдде, оның салдары ақыретке де әсер етеді. Бұл мақсаттар дін үкімдерінің ұсақ-түйек тармақтарында да көрініс табады. Құрбандық шалу рәсімі де соның бірі. Осыған байланысты бұл мақалада құрбандықтың үкімін емес, оның шариғатта бекітілуінің даналығы мен мақсаттарын сөз етеміз. Ісімізді Аллаға тапсырамыз.
Бастапқыда: Құрбандық шалудың шариғатта белгіленуі жайлы мұсылмандар арасында ижмағ (пікір бірлігі) қалыптасқан. Бұл — Алла Тағаланың мына сөзінен туындайды:
«(Мұхаммед, оларға) айт: Расында, менің намазым да, құрбандығым да, тіршілігім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббысы — Алла үшін. Оның ешбір серігі жоқ» (Әнғам сүресі, 162-163 аяттар).
Тағы бір аятта:
«Раббың үшін намаз оқы да, құрбан шал!» (Кәусар сүресі, 2-аят).
Сондай-ақ мейірім пайғамбары — Мұхаммедтің (с.а.у.) іс-әрекетімен дәлелденген. Құрбандық шалу - ханафи мәзһабында уәжіп (міндетті) амал болып табылады.
Бұл мақалада құрбандықтың үкімдерін тарқатудан гөрі, оның артында жатқан хикметтерге тоқталуды көздеймін.
Құрбандық шалудағы айқын мақсаттардың бірі — мыналар:
1. Құлшылықты Аллаға арнау және толық бойсұнушылықты көрсету:
Құрбан шалу — бұл құлшылық. Оны Алладан басқаға арнауға болмайды. Алла Тағала:
«Расында, менің намазым да, құрбандығым да… Алла үшін» — деп, құрбандықты Ислам дінінің негізі — намазбен қатар қойды. Бұл екі құлшылық та тек Аллаға ғана арналуы тиіс. Бұл — құлшылықтың шынайы мағынасы.
Имам Ибн Касир осы аятқа түсіндірме беріп:
«Алла Тағала пайғамбарына мүшріктерге былай деп айтуын бұйырады: сендер пұттарға табынып, солардың атымен құрбан шалсаңдар да, мен олай жасамаймын. Менің намазым да, құрбандығым да бір Аллаға ғана. Бұл — “Раббың үшін намаз оқы да, құрбан шал” деген аятпен үндес. Яғни, намазың мен құрбаның тек Аллаға арналсын» — деген.
Имам Табари де осы аятқа былай деп түсініктеме береді:
«Бүкіл намазың мен құрбаныңды тек Раббыңа арна. Ешқандай серіктер мен пұттарға емес. Саған берген нығметі үшін шүкір ретінде құрбан шал».
2. Құлшылыққа құлшыныспен кірісу және оны қуанышпен қарсы алу:
Алла Тағала құлшылық түрлерін әртүрлі етіп белгілеген. Егер бір ғана құлшылық түрі болса, адам жалығып кетер еді. Ислам дінінде жүрекпен, денемен, малмен жасалатын, әрі осының бәрін қамтитын құлшылықтар бар. Бұл — құлшылыққа ынталандырады.
Құрбандық шалу — адамның нәпсі-қалауларына да сәйкес келетін құлшылық. Себебі ет жеу — адамның табиғи қажеттілігі. Ал Алла Тағала бұл әдетті құлшылыққа айналдырып, сауапқа айналдырды. Адам жанына жағымды бұл іс — қуаныш пен шаттықты тудырады. Бұл Алланың нығметі. Осы нығметке шүкіршілік ету керек.
Аятта:
«(Мұхаммед, оларға) айт: Алланың кеңшілігі мен мейірімімен ғана қуансын! Бұл — олардың жиған-тергенінен артық» (Юнус сүресі, 58-аят).
3. Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) сүннетін жаңғырту:
Құрбандық шалу — Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.) баласы Исмаилды (ғ.с.) құрбан етуге бел буғанын еске түсіреді. Бұл — Алланың бұйрығына толық бойсұнушылықтың көрінісі. Алла Тағала былай дейді:
«Біз оны ұлы құрбанмен ауыстырдық. Кейінгі ұрпақтар арасында оған (Ибраһимге) жақсы естелік қалдырдық. Ибраһимге сәлем болсын!» (Саффат сүресі, 107-109 аяттар).
Ғалымдар: «Құрбандықтың “ұлы” деп сипатталуы оның көлемімен емес, мәнімен байланысты» — дейді. Алла бұл құрбандықты Ибраһимге арнаулы сүннет етті. Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) бұл сүннетке ілесуге бұйырылды:
«Сосын саған: Ибраһимнің дінін ұстан! — деп уахи еттік» (Нахл сүресі, 123-аят).
4. Туысқандық байланысты нығайту:
Құрбан айт — туыстар бір-бірімен қауышатын, қарым-қатынасты жаңғыртатын уақыт. Кей адамдар тек осы мейрамда ғана туыстарын көре алады. Араларында мейірім орнап, сыйластық артады. Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) құрбан етінен туыстар мен көршілерге таратуға шақырған. Бұл — толық иманның және үлкен сауаптың белгісі.
Хадисте:
«Кім Аллаға және Ақырет күніне иман келтірсе, қонағын құрметтесін» — делінген. Егер қонақ туысы болса, бұл — әрі туыстық байланыс, әрі сауап, әрі махаббатты арттырады.
Көңілді жүз, жылы сөз арқылы туыстық байланысты жандандырып, имани бауырластықты күшейтеді.
5. Кедей-кепшіктерге көмектесу:
Бұл — шариғаттағы ең ұлы мақсаттардың бірі. Құрбандыққа семіз әрі бағалы мал шалуға шақырылған. Анәс (р.а.) риуаят еткен хадисте:
«Пайғамбар (с.а.у.) екі мүйізді, ақ-қара түсті қошқарды құрбандыққа шалды. Оларды бауыздарда “Бисмиллә, Аллаху Акбар” деп айтты» (Бухари, Муслим).
Тағы бір риуаятта: «Екі қошқар семіз еді» делінеді. Абу Умама ибн Сахл:
«Біз Мединада құрбандық малдарын семіртетінбіз, мұсылмандар да солай жасайтын» — дейді.
Семіз мал кедейлерге көбірек пайда әкеледі. Сонымен қатар, бұл — мал иесінің жомарттығы мен кең пейілінің белгісі. Ол кедейлермен Құрбан айт қуанышын бөліседі. Алла Тағала және пайғамбар (с.а.у.) құрбан етінен жеуді де, өзгелерге таратуды да бұйырған.
Абдулахад СМАНОВ, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы, PHD доктор
- ВКонтакте
- РћРТвЂВВВВВВВВнокласснРСвЂВВВВВВВВРєРСвЂВВВВВВВВ
- РњРѕР№ Р В Р’В Р РЋРЎв„ўР В Р’В Р РЋРІР‚ВВВВВВВВРЎР‚
- Telegram