Рамазан айында көп кездесетін қателер

25 мамыр 2018 11991 0
Оқу режимі

Алла Тағала оразаны үлкен мақсат үшін парыз етті. Ораза – тақуалық, жанды тазарту және бойдағы мінездің мінін түзейтін құлшылық. Ауыз бекіту пенделерді аштық және шөлмен қинау емес. Сондықтан тұтқан ораза шариғат үкімдеріне сай және әдептері сақталса, мол жемісін береді. Алайда, өкініішке орай кейбір ораза тұтушы қауым бұл үкімдер мен әдептерге мән бере бермейді. Соның салдарынан оразаларына кері әсер ететін және сауабын кемітетін қателіктерге жол береді. Міне, сол кең тараған қателіктерден сақ болыңыздар:

1. Бұл айдың қасиеттеріне аса мән бермеу.  Былайша айтқанда, он екі айдың сұлтанын басқа айлар сияқты еш өзгеріссіз қарсы алу. Ораза келе жатыр деп тақуалық пен құлшылықты күшейтіп, кедей-мұқтаждарға көмек беріп, дайындық жасаудың орнына тек азық-түлікпен қамданып қарсы алу;

2. Рамазан айы келгенін жақтырмау. Ораза айының тез өтуін іштей қалау. Мұндай ой құлшылықтың нәпсісіне ауыр тигендігінен және құмарын тиюға мәжбүр болғандықтан келеді. Ол адам құлшылықтың рақаты мен ләззатын сезінбейді. Мұндай адамдар оразаны айналасындағыларға еліктеп немесе амалсыздан тұта салады. Осының салдарынан оразаның несібесінен мақұрым болады.

3. Оразаның үкімдерін үйренбеу. Қажетті сауалдарға жауап іздеуде енжарлық таныту. Рамазан оразасы – парыз құлшылық, сондықтан мұсылман жан ораза қалай тұтылады, оның парызы, уәжібі, сүннеті мен мәкруһ және бұзатын амалдарын білу тиіс;

4. Ораза кезінде күнәлардан алшақ жүрмеу. Көп жағдайда ораза тұтушы өзін ас-судан және құмарлықтан тыйғанымен, ғайбат айту мен өсек-аяң, балағат сөздерден және көзін тия алмай жатады. Ал, хадисте: «Кімде-кім жаман сөзден және әрекеттен тиылмаса, оның тағам мен сусыннан тиылғаны Алла Тағалаға қажет емес», – деп айтылған.

5. Ораза кезінде орындауға болмайды деген оймен кейбір сүннет амалдарды тәрк ету. Мәселен, дәрет алғанда су кетіп қалады деген қауіппен ауыз-мұрынды шаймау. Әсілі, су жұтқыншаққа кетпесе болғаны. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәреті жайлы: «Ол дәретті жақсылап алатын, саусақтарының арасын салалап, жақсылап мұрнына суды тартып тазалайтын, тек оразада өйтпейтін», – деген риуаят бар.

Осы секілді кейбір жандар мисуакты оразаны бұзады деп күндіз қолданбайды. Ал, негізі мисуакты ораза тұтушы тәулік бойы қолдана беруіне болады.

6. Құлшылық пен қайырымдылықты тек оразада жасау. Рамазан бітісімен-ақ баяғы сол күнә мен жаман әдетіне оралу. Бұл Рамазан айынан сыбағасыз қалғанын білдіреді. Оразаның олардың жан дүниесіне ешбір әсер етпегенінің белгісі. Қасиетті Рамазан айының Раббысы болған Алла тағала қалған он бір айдың жаратушысы емес пе?! Ал, Жаратушы Ие пендесіне әмірін орындауды және күнәдан қашуды барлық уақытта парыз еткен. Тек оразада емес.

7. Бұл айда оразаны сылтауратып, күнді ұйқы және жалқаулықпен өткізу. Бұл өз кезегінде бес уақыт намазды дұрыс оқуға кедергісін тигізеді. Ал, түнде жағымсыз, құп саналмайтын әрекеттермен уақытты өлтіру. Осылайша адам қасиетті күндерді түк пайдасы жоқ іспен өткізеді.

8. Күндіз аш және шөлдеп жүргендіктен мінез жаман болып, ашушаңдық пайда болуы. Хадисте: «Ораза – қалқан. Сендер ораза тұтсаңдар, жаман іс жасама, жаман сөз сөйлеме. Егер біреу ұрысса немесе тіл тигізсе, мен оразамын деп айтсын»,– деген.

9. Айдың соңғы күндеріндегі құлшылыққа мән бермеу. Рамазан айының басында намаз оқитын және құлшылыққа ерекше ден қойған адамдардың саны көп болады. Айдың орта шенінде олардың бірте-бірте азаяды. Ал, айдың соңында тіптен. Керісінше, айдың соңғы күндері құлшылықты көбейту керек. Себебі, пайғамбарымз (с.ғ.с.) Рамазан айының соңғы он күні ерекше құлшылыққа ден қоятын еді. 

Пікірлер Кіру