РАМАЗАН АЙЫНЫҢ 10 АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

11 наурыз 2023 4295 0
Оқу режимі

Әлемге көз салсақ, Алла Тағала әр нәрсені өзінше ерекше етіп жаратқанын көре аламыз, әр нәрсенің өзіндік ерекшелігі бар. Бұл – Алла Тағаланың хикметі. Сол үшін де адам мен адам, мекен мен мекен, уақыт пен уақыт бір-біріне ұқсай бермейді. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, өзіндік қасиеті бар.

Осындай ерекшелігі және қасиетімен ерекшеленген уақыттың бірі – Рамазан айы. Бұл айдың өзге айлардан он артықшылығы бар. Соларды атап өтсек.

1) Рамазан айының әуелгі түнінің артықшылығы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл туралы:

إذا كان أول ليلة من شهر رمضان صفدت الشياطين ومردة الجن ، وغلقت أبواب النار فلم يفتح منها باب ، وفتحت أبواب الجنة فلم يغلق منها باب ، وينادى مناد كل ليلة : يا باغي الخير أقبل ويا باغي الشر أقصر ، ولله عتقاء من النار وذلك كل ليلة

«Рамазан айының әуелгі түні келісімен жындардың бұзақылары мен шайтандар кісенделеді. Тозақ есіктері жабылып, оның ешбірі ашылмайды. Жәннат есіктері ашылып, оның ешбірі жабылмайды. Әр түні шақырушы (періште): «Әй, жақсылық іздеуші, қабыл ал! Әй, жамандық көздеуші, пейіліңнен қайт!» – дейді. Онда Алланың тозақтан босататындары болады. Әрі бұл (Рамазан бойы) әр түнде орын алады»[1], – дейді.

2) Рамазан айында жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады. Бұған қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с):

هذا شهر رمضان جاءكم تفتح فيه أبواب الجنة وتغلق فيه أبواب النار وتسلسل فيه الشياطين

«Бұл келген Рамазан айы, онда жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді»[2], – деген.

3) Рамазанның оразасы – шайтанды кісендейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тағы бір сөзінде:

إذا دخل شهر رمضان فتحت أبواب الجنة وغلقت أبواب جهنم وسلسلت الشياطين

«Егер Рамазан айы келсе, жәннат есіктері ашылып, жәһаннам есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді»[3], – дейді. Бұл хадисті ашықтаған имам Нәуауи (р.а) кітабында Қазы Иядтың (р.а) мына сөзін келтірді: «Бұл хадистың мағынасын (оразаның әсерінен) мол сауап пен көп кешірім болатыны себепті шайтандар адамдарға азғырулары мен зияндарын келтіре алмайтындығы деп түсінуге де болады. Себебі, бұл уақытта шарасыз қалған шайтандар кісенделгендей күй кешеді. Олар адамдардың бірін азғырса, бірін азғыра алмайды алмайды, әрі бір нәрседе зиян тигізсе, бірінде тигізе алмайды»[4].

4) Рамазан айының оразасы күнәларды жуып-шаяды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтады:

الصلواتُ الخمسُ ، والجمعةُ إلى الجمعةِ ، ورمضانُ إلى رمضانَ ، مكفِّراتُ ما بينهنَّ إذا اجتَنَبَ الكبائر

«Күнделікті орындалған бес уақыт намаз, әрбір жұма намазына қатысу, Рамазан сайын ұсталған ораза, осы аралықта, үлкен күнәдан басқа жасалған кіші күнәлардың бәрінің кешірілуіне себеп болады»[5]. Имам Мунауи бұл хадискті ашықтай келе: «Бес уақыт намаз, жұма намаз, Рамазан барша күнәларды жуып-шаяды. Тек үлкен күнәларды кетіре алмайды, себебі олардың жағдайы басқа...»[6], – дейді.

5) Рамазанда жасалған кіші қажылықтың сауабы еселене түспек. Ибн Аббас (р.а) жеткізген хадисте Пайғамбар (с.ғ.с):

عُمرة في رمضان تعدل حَجَّةً

«Рамазанда жасалған кіші қажылық үлкен қажылыққа тең келеді»[7], – деген. Ғалымдар мұндағы «тең келуді» сауабы тұрғысынан деп ашықтаған.

6) Бұл айда Құран түскен. Алла Тағала Құранда айтады:

شَهْرُ رَمَضَانَ الَّذِيَ أُنزِلَ فِيهِ الْقُرْآنُ هُدًى لِّلنَّاسِ وَبَيِّنَاتٍ مِّنَ الْهُدَى وَالْفُرْقَانِ فَمَن شَهِدَ مِنكُمُ الشَّهْرَ فَلْيَصُمْهُ وَمَن كَانَ مَرِيضًا أَوْ عَلَى سَفَرٍ فَعِدَّةٌ مِّنْ أَيَّامٍ أُخَرَ يُرِيدُ اللَّهُ بِكُمُ الْيُسْرَ وَلاَ يُرِيدُ بِكُمُ الْعُسْرَ وَلِتُكْمِلُواْ الْعِدَّةَ وَلِتُكَبِّرُواْ اللَّهَ عَلَى مَا هَدَاكُمْ وَلَعَلَّكُمْ تَشْكُرُونَ

«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар»[8]. Имам Ибн Кәсир бұл аятты тәпсірлеп: «Алла Тағала бұл аятта Рамазан айын мақтап тұр. Себебі барлық айлардың ішінен Құранды түсіру үшін ораза айын таңдаған. Сонымен қатар, барша иләһи кітаптар Рамазан айында түскені туралы деректер де келтірілген...»[9], – деген. Осы үшін де мұсылман жұртшылығы Құран айында көп Құран оқуды әдетке айналдырған. Рамазан – Құран айы.

7) Бұл айда қасиетті Қадір түні бар. Алла Тағала бұл кешке толық бір сүрені арнаған. Онда: «Қадір түні мың айдан артық»[10], – деген. Имам Қуртуби осы аятты тәпсірлеп: «Артықшылығымен, ұлықтығымен артық. Бұл түнде көптеген артықшылықтар бар. Бұл түнге мың жылға шаққанда топталмайтын жақсылық үлестірілген»[11], – деген.

8) Бұл айда тарауық намазы оқылады. Бұл айда мұсылман қауымы бір ай бойы Пайғамбар ( с.ғ.с) сүннетін жандандырып, тарауық намазын оқиды. Ол намазды мешітте жамағатпен оқып, бір-бірімен бауырластығын арттырып, мешітті намазбен тірілтеді.

9) Иғтикаф[12]. Рамазан айының соңында иғтикаф жасау – сүннет амал. Айша анамыз (р.а) :

أن النبي صلى الله عليه وسلم ، كان يعتكف العشر الأواخر من رمضان حتى توفاه الله ، ثم اعتكف أزواجه من بعده

«Пайғамбар (с.ғ.с) қайтыс болғанға дейін Рамазанның соңғы он күнінде иғтикаф жасайтын. Кейіннен жұбайлары иғтикаф жасады»[13], – деген. Имам Абу Дәуід иғтикафтың хикметін «асқазан мен жүректі артық нәрселерден босатып, жекеше қалып Аллаға қарай беттеу»[14] деп түсіндірген.

10) Рамазан – жомарттық пен Құран оқу айы. Ибн Аббас (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Рамазандағы халін сипаттап:

كان رسول الله صلى الله عليه وسلم أجود الناس ، وكان أجود ما يكون في رمضان حين يلقاه جبريل ، وكان يلقاه في كل ليلة من رمضان فيدارسه القرآن ، فلرسول الله صلى الله عليه وسلم أجود بالخير من الريح المرسلة

«Алла елшісі (с.ғ.с) адамдар арасында ең жомарт жан болатын. Рамазан айы туып, Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен жиі жолыққанда, одан өткен мәрт адам болмайтын. Жәбірейіл періште Рамазан айының мүбәрак әр түнінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп, екеуі бірге Құран оқитын. Алла елшісі (с.ғ.с) Жәбірейіл (ғ.с.) періштемен жолыққан кездерінде жер бетіне береке әкелетін желден де  жомарт болып кететін еді»[15], – деген. Имам Ибн Рәжәб (р.а) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) неліктен Рамазан айында аса мәрт болатынын ашықтап, мына себептерді атап өткен:

  • «Уақыттың қасиеті. Бұл кезде амалдардың сауаптары еселене түспек. Имам Тирмизидің хадис жинағында: «Ең жақсы садақа – Рамазанда жасалған садақа»[16], – деген хадис келтірілген.
  • Ораза ұстаушы, намаз оқушы, зікір жасаушы адамға көмекке асығу. Себебі игілікке жасалған көмек сол игіліктің өзіндей болмақ...
  • Бұл айда Алла Тағала жомарттық жасап, құлдарына мейірімін төгеді, кешірім жасайды, тозақтан шығарады, оның ішінде әсіресе қадір түнінде... ендеше құлдардан кім мейірімдік жасап, аш адамды тойдырса, мейірім танытқаны болмақ. Ал, Алла Тағала құлдарының мейірімділеріне мейірім танытады. Кім Алла үшін жомарттық жасаса, оған Алла жомарттық танытады.
  • Ораза мен садақаның бірге жүруі – жәннатқа апарар жолдардан...»[17]

Міне, осындай мол береке мен сансыз сауапқа толы Рамазан айы да жақын қалды. Алла Тағала құлдарына мол игілік жаудырғалы тұр. Бұл игіліктен не еншілей аламыз?! Нендей жақсылыққа қол жеткізіп, нендей жаман әдетімізден арыла аламыз?! Бұл сұраққа тек өзіміз ғана жауап бере аламыз. Алла Тағала баршамызға Рамазан айын барынша кемел түрде қарсы алып, Алла Тағаланың қалағанындай ораза ұстауымызды нәсіп етсін...

 


[1] Ахмад, Байхақи
[2] Насаи
[3] Бухари, Муслим
[4] Шарх Сахих Муслим
[5] Муслим
[6] Тайсир бишарх Жамиъ сағир
[7] Муслим
[8] Бақара 185
[9] Тафсир Ибн Кәсир
[10] Қадр 3
[11] Тафсир Қуртуби
[12] Иғтиқаф – бір жерде тұру, күту, өзін бір жерге қамау деген сөз. Фиқһ терминінде – бір мешітте немесе соған ұқсас бір жерде иғтиқафқа ниет етіп, белгілі бір мезгіл сол жерде қал (Ислам ғылымхалы)
[13] Бухари
[14] Субулус-сәләм
[15] Бухари
[16] Тирмизи
[17] Латаифул-маъариф

Дереккөз: Muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру