РУХАНИ БАЙЛАНЫСТЫҢ ЖАЛҒАСЫ

11 қыркүйек 2023 2352 0
Оқу режимі

Біздің еліміз ежелден түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің тоғысатын орталығы болып табылатындығы тарихи шындық.

          Осы тұрғыдан алғанда, көптеген ғасырлар бойы әртүрлі халықтар мен сенімдердің рухани мұрасынан нәр алған халқымыз төзімділіктің, келісімнің және өзара сыйластық сияқты баға жетпес қасиеттерді бойына сіңіре білді.

Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» – деген қанатты сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық, бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді.

          Тәуелсіздігімізді алған уақыттан бастап елімізде конфессияаралық және дінаралық сұхбат пен келісімнің бірегей моделі құрылды. Аталмыш модель тиімділігінің бірден-бір көрінісі – әр үш жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері.

          2003, 2006, 2009, 2012, 2015, 2018 және 2022 жылдары Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съездері тәуелсіз Қазақстан тарихында ғана емес, әлемдегі аса ірі халықаралық іс-шаралардың қатарынан табылды.

Бұл форумдардың сәтті өтуі еліміздің қазіргі заманның аса өзекті мәселелеріне жауап беретін кемелденген мемлекет ретінде халықаралық аренадағы беделінің артуына себепші болды. Әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съезі Қазақстанның дінаралық сұхбат үдерісіне қосқан қомақты үлесі болды және төзімділік, өзара түсіністік пен ынтымақтастық қағидаттарын нығайтуда әлемдік қауымдастықтың алдында айрықша орын алды.

          «Біздің съезд өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат», – деп президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл съездердің жаһандық констуктивті диалог алаңы екенін атап өтті.

          Елордамызда өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің жеті Съезі де діндер мен өркениеттер арасындағы қақтығысқа қарсы бағытталып, діннің бейбіт сипатта болатынын және әртүрлі діндердің бейбіт қатар өмір сүре алатынын алдыға тартты.

Ерте заманнан сайын даламыз діндер мен мәдениеттердің тоғысында орналасып, асыл дініміз исламды ұстанып, өзіндік мәдениет қалыптастырған қазақ халқының маңдайына Әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшыларын өз жеріне шақырып,мәмілеге келтірудің тарихи миссиясы жазылған сыңайлы.

 

Әнуар қажы ІЗІМБАЙҰЛЫ,

Маңғыстау облысының бас имамы

 

 

 

 

 

 

Пікірлер Кіру