САИД НҰРСИ: ӨМІР ЖОЛЫ ЖӘНЕ РИСАЛЕЙ-НҰР ШЫҒАРМАЛАРЫ
КІРІСПЕ
Саид Нұрси ислам әлеміне «Рисалей-Нұр» атты тәпсірімен танылған XX – ғасырдың ең көрнекті ислам реформаторы әрі жаңашыл ғұлама-ғалымдардың бірі болып саналады. Материалистік және секуляристік идеялардың кең тараған кезінде ғұмыр кешті. Сондықтан, саналы өмірін ислам мен иманның ақиқаттарын материялистік күдік-күмәндардан сақтап қалуға және оны үмметке жаңаша түрде жеткізуге арнады. Ол өзінің өмірін «Ескі Саид» және «Жаңа Саид» деп екіге бөлді. Ескі Саид дінге саяси жолмен қызмет етемін деп ойлады, және сол жолда 45 жасқа дейіңгі кезеңі өтті. Осы жылдары мемлекеттік және саяси қайраткерлермен етене араласты. Жалпы бұл кезең XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басына тура келіп, көптеген саяси төңкерістер, алпауыт империялардың өзара текетіресі, бірінші дүниежүзілік соғыс орын алып, соның нәтижесінде бірнеше империя күйреген кез болатын. Ал, жаңа Саид кезеңінде саясаттан да қоғамдық өмірден де толығымен бас тартып, қалған өмірін Иман мен Құран ақиқаттарын түсіндіруге арнады.
ӨМІР ЖОЛЫНЫҢ КЕЙБІР ҚЫРЛАРЫ
Саид Нұрси Һижраның 1293 жылы (миләди 1876) Түркияның шығысындағы Битлис облысының Нұрс ауылында дүниеге келген. Ол өзінің ілім жолын үлкен ағасы молда Абдуллаға шәкірт болудан бастайды, оның бұл кезеңдегі оқуы тек сарф (морфология) және наху (синтаксис) ілімдерімен шектелді. Содан кейін ол қалаларды аралап, медреселер мен ұстаздардан дәріс алып, олардың ислам ғылымдарының ішінде маңызды деп білген кітаптарын аз уақыттың ішінде үлкен құштарлықпен игеріп алады [1. 58 б]. Оған көмектескен бұл дарындылық пен жарқын зейінділік Алладан берілген қабілет екенін әрбір ұстазы қиын емтихандардан кейін барып мойындайды. Тіпті, Усул әл-Фиқһтің «Жамғул - Жауамиғ» кітабын бір аптаның ішінде жаттап алуы осының үлкен айғағы екенін көрсетеді.
Бұл жас жігіттің атақ-даңқы, өзінің ғылыми пікірталастарында өз аймағындағы барлық ғалымдардан асып түскеннен кейін көп ұзамай жан-жаққа тарайды, содан оны танитындар «Мәшһүр Саид» деп атап кетеді. Одан кейін «Телло» қаласына барып, сол жерде біраз уақыт турақтап Файруз Абадидің әл-Мұхит сөздігін «Син тарауына» дейін жаттап алады [2. 77 б].
1892 жылы Саид Нұрси «Битлис» қаласына барып, ол жерде қалалық мешітте сабақ беріп, халықтың көкейіндегі сұрақтарына жауап бере бастайды. Қаланың әкімі бұл жас ғалымның атақ-даңқы туралы естігенде, оны өзімен бірге қалуға шақырады. Ол жерде ол ғылыми кітаптарды, әсіресе кәлам ілімі, логика, тәпсір, хадис, фиқһ және грамматиканы жаттап алғанша оқуға мүмкіндік алады. Бір қызығы, бұл ғылымдардың саны сексен томға жуықтайтыны және осының барлығын жадында жатқа білгені айтылады [3. 83 б].
1894 жылы «Ван» қаласына барып, ол жерде математика, астрономия, химия, физика, геология, философия және тарих кітаптарын терең оқып білуге барын салады. Оның жарқын зейінділігі, мол білімі және асқан дарындылығы үшін «Ғалымдар кеңесі» оған «Бәдиүззаман» яғни, заманының ділмарі деген атақ береді [4. 87 б].
Осы арада жергілікті газеттерде, Британияның отаршылдық министрі «Гладистонның» Британдық парламент өкілдері алдында сөйлеген мына бір сөзі кеңінен таралады: «Құран мұсылмандардың қолында болса, біз оларға үкім жүргізе алмаймыз, сондықтан не оны өмірлерінен жойып жіберуге тиіспіз, не болмаса мұсылмандардың онымен байланысын үзуден басқа амалымыз қалмайды», - дейді. Бұл хабар оның болмысын сілкіндіріп, мазасын алып, шырқын бұзып, ұйқысын қашырады. Содан маңайындағы адамдарға батылдықпен белін буып: «Құран – нұры сөнбейтін және оның жарығын үрлеп өшіруге болмайтын алып мағынауи күн тәрізді екенін әлемге дәлелдеймін», - деп жариялайды [5. 89 б].
Осы мақсатта ол 1907 жылы Стамбул қаласына барып Сұлтан Абдул Хамидке шығыс Анадолыда «Әл-Азһар» университеті сияқты «Мәдраса әз-Зәһра» атты ислам университетін құру жобасын ұсынады. Бұл университеттің ерекшелігі: Исламның ақиқаттары мен діни зерттеулерді қазіргі жаңа заманауи ғылымдармен байланыстыру болатын. Бұл өз кезегінде өте маңызды мәселе еді [6. 104 б]. Себебі, не екеуін ұштастыру арқылы ортаға ақиқат шығады немесе оларды бөлу арқылы күдік-күмән мен фанатизм пайда болады.
Сол жерде оның ғылыми атақ-даңқы оның алдынан шығып, ғалымдар мен ұстаздар және студенттер оның маңайына жиналып, сұрақтарына сирек кездесетін зейінділікпен жауаптарын толыққанды алады. Оның «Бәдиүззаман» деген атағын бәрі мойындап, жинаған мол ілімі мен зейінділігін басқа ешкімде көрмегендіктерін айтып таңданысады [7. 90 б]. Тіпті, сол жиынға Мысардағы әл-Азхар университетінің ректоры, атақты шейх Баһид та қатысып, Еуропа мен Османлы мемлекеті жайлы не ойлайсыз? – деп сұрайды. Әрине, бұл сұрақты қоюдағы мақсаты ұшан-теңіз ілімін сынау емес еді, керісінше болашақты болжай алатын зердесін байқау және әлемдік саясатты қаншалықты түсінетінін білу болатын.
Саид Нұрси: «Еуропа ислам мемлекетіне жүкті, бір күні соны дүниеге әкеледі. Османлы да Еуропаға аяғы ауыр, ол да соны дүниеге әкеледі»-деп жауап береді.
Бұл жауапты естіген шейх Баһид: «Бұл жігітпен тартысу мүмкін емес. Мен де осылай ойлаушы едім, бірақ мұндай шешендік тілмен жеткізе білу тек Бәдиүззаманның қолынан келеді» - деген екен.
1911 жылы ол Шам еліне барып, Әмауилер мешітінің мінберінде тұрып ислам әлемінің дерттері мен оның емдеу жолдарын көрсетіп, мұсылмандарды ояу болуға және өркендеуге шақыратын мәні терең дәріс оқиды [8. 142 б]. Сосын Стамбұлға қайтып келіп, Сұлтан Рашадқа университет салудың маңыздылығын жеткізеді. Сұлтан оның ұсынысын қабыл алып, мемлекеттік қазынадан ақша бөледі. Тіпті «Ван» көлінің жағасында университеттің ірге тасын да қалайды. Бірақ, бірінші дүниежүзілік соғыс басталып жобаның аяқталуына кедергі болады [9. 143 б].
Саид Нұрси Осман империясының соғысқа кіруіне қарсы болғанына қарамастан, бұл туралы хабарланған кезде ол еріктілер тобымен бірге Кавказ жағынан шабуыл жасап жатқан патшалық Ресейге қарсы соғысқа қатысады. Еріктілермен бірге қаланы қорғау барысында ауыр жараланып, орыстардың қолымен тұтқындалып Сібірдегі түрме лагерлеріне жеткізіледі. Тұтқында болған кезде ол өзімен бірге болған (90) офицерге өзінің имандылық сабақтарын беруді жалғастырады, содан кейін иләһи қамқорлықпен тұтқындықтан қашып, Варшава, Германия және Венадан өтіп Стамбұлға келеді. Ол жерде Сұлтан, Бас мүфти, әскери Бас қолбасшы және көпшілік тарапынан салтанатты түрде қарсы алынып «Соғыс медалімен» марапатталады.
Мемлекет оған кейбір қызметтерді ұсынғанымен, өзі осы кезеңде үлкен ғалымдар қызмет ететін «Ислам ғылым ордасына» мүше болуды таңдайды. Осы аралықта көптеген еңбектерін, оның ішінде құнды тәпсір Ишарат әл-Иғжаз фи Мазан әл-Ижаз және арабша Мәснауи Нұриді араб тілінде жазып жарыққа шығарады [10. 163 б].
Англия бастаған басқыншылар Стамбұлға кіргеннен кейін Саид Нұрси ислам әлеміне қарсы жасалатын үлкен соққылардың болатынын сезіп, басқыншылардың зымиян саясатын әшкерелейтін «Хутууат әс-ситтә» кітабын жазып халықтың арасында кеңінен таратады. Ақиқатында, бұл кітап халықтың арасында қолдау тауып, ағылшындардың астыртын саясатына үлкен тосқауылдық жасайды. Тіпті, осы әрекеті үшін отарлау идеялогиясына жауапты басшының келісімімен оған қастандық жасау ұйымдастырылады. Кейіннен халықтың арасындағы атақ-даңқы мен абырой-беделінен қорқып келісімін қайтарып алады [11. 175 б].
Оның бұл батырлығын білген Анкарадағы үкімет басшылары оны марапаттау мақсатында шақырту хат жібереді. 1922 жылы сонда барып, вокзалда мемлекет қайраткерлері тарапынан салтанатты түрде қарсы алынады. Бірақ көп ұзамай шақырғандардан көңілі қалады, себебі олардың басым бөлігі діннен алшақ еуропашыл адамдар болатын. Сондықтан ол Парламенттің төрінде тұрып депутаттарға намаз жайлы айтып, оларды ислам университетін құру жобасына атсалысуға шақырады. Бірақ, елдегі секулярлық жағдай бұл жобаны аяқтауға оған мүмкіндік бермейді [12. 227 б].
1923 жылы Бадиүзаман «Ван» қаласына барып, қала маңындағы Арк тауында екі жыл ғибадат жасап, ойша толғану мақсатында оқшауланып өмір кешеді. Осыған қарамастан, ол дау-дамайлар мен ереуілдердің ұшқынынан құтылмайды, сондықтан ол көптеген адамдармен бірге 1926 жылы қыс маусымында «Бурдур» деген жерге жер аударылады. Одан кейін Анадолының оңтүстік-батысындағы «Барла» деген шалғай өлкеге жалғыз өзі айдауға жіберіледі. Осылайша дін дұшпандары оның аты жойылып ұмытылып кетеді деп ойлайды [13. 236 б].
Алайда Алланың қалауымен «Барла» өлкесі Құран нұрының үлкен қайнар көзіне айналып, онда Саид Нұрси Рисалей-Нұр шығармаларының басым көпшілігін жазады. Бұл шығармалар шәкірттері тарапынан қолмен көшіріліп халық арасында қызығушылықпен оқылып кең таралады.
Осы ағартушылық жұмысы үшін Саид Нұрси Түркияның көптеген қалаларында ширек ғасыр бойы бір қуғыннан екіншісіне айдалып, түрмелер мен тергеу изоляторларына тасталады. Шығармалары сарапшылар тарапынан қайта-қайта зерттеп тексерілгеннен кейін барып ешқандай айб тағылмай иелеріне қайтарып беріледі. Жазылған кітаптары бұқара халық пен зиялы қауым тарапынан қолдау табады.
РИСАЛЕЙ-НҰР ШЫҒАРМАЛАРЫ
Рисалей-Нұр шығармалары ескі османлы түрік тілінде жазылған Құранның нағыз тәпсірі. Ақыл мен логиканы пайдалана отырып, таухидты яғни, Алланың бар екенін және иманның ақиқаттарын ақылға қонымды теңеу-мысалдар арқылы дәлелдейді. Күпірлік пен адасушылықтың ауыр салдарын, сұмдық нәтижелерін осы дүниенің өзінде болатынын көрсету арқылы ең қырсық нәпсі құмар адамдарды да күнәлі істерден, харам ләззаттардан озбыр азғындықтардан жиіркендіріп, ішіндегі ақылы барларды олардан бастартқызып тәубаға келтіреді. Иман мен күпірді салыстыра отырып, адасу мен тура жол қалай болмақ екенін көзбен көргендей дәлелдейді. Сондықтан, оны мұқият түсініп оқыған адамның иманы тақлидиден (еліктеуші иманнан) тахқиқиға (шынайы, мызғымас иманға) шығады. [14. 455 б].
Бәдиүззаман Саид Нұрси 1950 жылға дейін (150) ге жұық трактаттан тұратын «Рисалей-Нұр» шығармаларын жазды. Кейіннен төрт негізгі томдар: Сөздер, Мектубат, Лемалар, және Шүғалармен толықтырылып барлығы Рисалей-Нұр жинақтары деп аталды. Ал 1954 жылдан кейін өзінің тікелей басқаруымен баспахана арқылы кітаптар көбейтілді. Кітаптың маңыздылығына орай баспадан көбейтіліп, кеңінен таралуы ақиқат болғанындай, қазіргі таңда бұл шығармалар да әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, үмметтің арасында кеңінен таралуда.
ҚОРЫТЫНДЫ
Саид Нұрси өзінің еңбектерінде ғылыми және философиялық әдістерді қолданып, ғылым мен сенім арасындағы үйлесімділікті көрсету арқылы күдіктерді жоққа шығарады. Құранның аяттарын қазіргі заманға сай етіп терең әрі қарапайым түрде тәпсірлейді. Исламның фиқһтық аспектілеріне емес, керісінше имани және рухани жағына көбірек көңіл бөледі. Сондай-ақ, исламның негізгі құндылықтары: сабыр, шүкіршілік, тәуекел және шынайылық пен ықыласқа ерекше назар аударып, адамдарды исламның тағылымдары бойынша өмір сүруге бағыттайды. Материялизмның түпкі мақсаты халықты діннен бездіру, өмірдің нағыз ақиқаттарынан адамдарды адастыру екенін айтады. Ал, иманы кәміл мұсылман мұндай ойындарға алданбайтыны баршамызға мәлім. Сол үшін бұл кітаптар исламтанушы, дінтанушы, имам-молдаларға және қарапайым халыққа таптырмайтын құрал қызметін атқара алады.
Темур АМАНҚҰЛ – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, дінтану және мәдениеттану
кафедрасыныңаға оқытушысы, Ph.D докторы.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
- Сиратун зәтиятун.,Бәдиүззаман Саид Нұрси., 2013 ж., Мекке.
- Сиратун зәтиятун.,Бәдиүззаман Саид Нұрси., 2013 ж., Мекке.
- Сиратун зәтиятун.,Бәдиүззаман Саид Нұрси., 2013 ж., Мекке.
- Сиратун зәтиятун.,Бәдиүззман Саид Нұрси., 2013 ж., Мекке.
- Сиратун зәтиятун.,Бәдиүззаман Саид Нұрси., 2013 ж., Мекке.
- Сиратун зәтиятун.,Бәдиүззаман Саид Нұрси., 2013 ж., Мекке.
- Сиратун зәтиятун.,Бәдиүззаман Саид Нұрси., 2013 ж., Мекке.
- Сиратун зәтиятун.,Бәдиүззаман Саид Нұрси., 2013 ж., Мекке.
- Сиратун зәтиятун.,Бәдиүззаман Саид Нұрси., 2013 ж., Мекке.
- Сиратун зәтиятун.,Бәдиүззаман Саид Нұрси., 2013 ж., Мекке.
- Сиратун зәтиятун.,Бәдиүззаман Саид Нұрси., 2013 ж., Мекке.
- Сиратун зәтиятун.,Бәдиүззаман Саид Нұрси., 2013 ж., Мекке.
- Сиратун зәтиятун.,Бәдиүззаман Саид Нұрси., 2013 ж., Мекке.
- Сайқал әл-Ислам., Бәдиүззаман Саид Нұрси., 2013 ж., Мекке.