Салауат – сараңдықтан сақтайды

13 қараша 2020 6394 0
Оқу режимі

Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) қызы Фатимаға (р.а.): «Адамдар ішінде ең сараңы кім деп ойлайсың?» – деп сұраған екен. Фатима (р.а) анамыз: «Алла Тағала нәсіп еткен дәулеттен садақа бермейтін адамды ең сараң деуге болар», – дейді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жоқ, менің атым аталған жерде маған салауат айтпағандар. Міне, солар – нағыз сараңдар!» – деген екен.

Жалпы, екі дүние сұлтаны болған Мұхамед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың есімін естігенде  салауат айтып, сәлем жолдау – барша мұсылманға міндет болып саналатын істердің бірі. Үмбетіне үлгі болып, сүннетімен сара жол қалдырған Сүйікті елшіге (с.ғ.с.) салауат айтқан адамның сауапқа кенелетіні тағы бар. Бұл жайында Алла Елшісінің өзі былай дейді: «Маған бір рет салауат айтқан кісіге Алла Тағала он сауап жазады». Демек, бір сәт уақытымызды қиып, бір ауыз салауат жолдасақ, Жаратушы құзырында сауап жинайды екенбіз. Қасиетті Құран Кәрімнің «Ахзаб» сүресінде Алла Тағала: «Расында Алла, Пайғамбарға рахым етеді. Және періштелер салауат айтады. Әй, Мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер», – деп әмір етеді.  

Ислам ғұламалары әрбір мұсылман баласына өмірінде бір салауат айту – парыз деп бекіткен. Ал, Оның (с.ғ.с.) атын естігенде, жазғанда, оқығанда  салауат айту – уәжіп, кейіннен қайталау – сүннет амал болып табылады.

Ақиқатында, көркем мінезді кемеліне келтіріп, пайғамбарлар падишасы атанған Мұхамед Мұстафа (с.ғ.с.) өзіне айтылған салауатқа мұқтаждығы жоқ. Керісінше, біз оған салауат айтып, сәлем жолдау арқылы Алла Тағала құзырында мәртебеміз жоғарылап, кешірімге ие боламыз. Өйткені, Алла Елшісіне (с.ғ.с.) салауат жолдап, оған және оның отбасына береке мен тыныштық тілеу – жүрегімізді нұрға бөлеп, сүйіспеншілік сезімін оятады. Ал, Алла Елшісін сүйген адамның жүрегі кірден тазарып, нұрлана түсетіні сөзсіз.

Әбу Дәрдадан жеткен бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кім таңғы және кешкі уақыттарда маған арнап он рет салауат айтып, сәлем жолдайтын болса, қиямет күні менің шапағатыма бөленеді».  Ал, Әлемнің рақым нұры, екі дүние сардарының атын ести тұра, салауатқа сараңдық танытқан жанның таулар жүндей түтіліп, көлдер құмға жұтылып, анасы баласынан безетін ақырет күні орнағанда, өкініштен опық жеп, сан соғып қалары ақиқат. Сондықтан да сынақ өмірдің әр сәтін сауапқа арнап, Сүйікті Елшіміз (с.ғ.с.) айтқандай сараңдықтан сақтанайық!

САЛАУАТ АЙТУ ҰНАМДЫ БОЛАТЫН ОРЫНДАР МЕН УАҚЫТТАР 

Азан айтылған кезде азаншының сөздерін қайталап болған соң артынша салауат айту. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Егер азан естіген болсаңдар, дереу азаншының сөзін қайталап отырыңдар да, артынша маған «Аллаһуммә салли алә Мұхаммадин уә алә али Мұхаммад, кәмә саллайтә алә Ибраһимә уа алә али Ибраһим, иннакә хамийдун мәжийд» деп салауат айтыңдар...», – деп өсиет еткен.

Дұғаның алдында және соңында салауат айту. Негізінде, әрбір дұға етуші адам әуелі Алла Тағалаға мадақ айтып, екінші Оның пайғамбарына (с.ғ.с.) салауат айтып, сонан соң барып өз қалағанын сұрап, артынан тағы да пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтуы керек. Пайғамбарымыз бұл жөнінде былай деген: «Екі салауат арасында айтылған дұға міндетті түрде қабыл болады».

ЖҰМАНЫҢ КҮНІ МЕН ТҮНІНДЕ САЛАУАТТЫ КӨБІРЕК АЙТУ

Оның аты аталғанда, жазылғанда және атын естігенде салауат айту. Бұған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Тирмизиден жеткен мына бір хадисі дәлел: «Менің атым аталған жерде маған салауат айтпаған адам оңбай кетсін».

Таңғы және кешкі уақыттарда салауатты көбірек айту. Бұл жөнінде ардақты сахаба Әбу Дәрда (р.а) ақиық елшінің (с.ғ.с.) мына бір хадисін жеткізеді: «Кімде-кім таңғы және кешкі уақыттарда маған арнап он рет салауат айтып, сәлем жолдайтын болса, қиямет күні менің шапағатыма бөленеді».

Мешітке кіргенде және шығып келе жатқанда. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мешітке кірерде «бисмиллаһ, алхәмдулиллаһ, уәс сәлату уәс сәләму алә расулиллаһ, Аллаһуммәғфирли зәнби уәфтәх ли әбуәби рахматик» деп және шығарда «бисмиллаһ, алхәмдулиллаһ, уәс сәлату уәс сәләму алә расулиллаһ, Аллаһуммәғфирли зәнби уәфтәх ли әбуәби фадлик» деп айтыңдар», –деген.

Қуат Ерғалиұлы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру