САУДАГЕРЛЕРГЕ КЕҢЕС

18 наурыз 2024 1422 0
Оқу режимі

Сауда-саттықпен айналысатын адам ақыреттегі сыбағасынан айырылып қалмау үшін ниеті тек дүние табу болмауы керек. Басты ниет – халал табыс табу, адамдардан қайыр сұраудан сақтану, табысы арқылы ақыреттік амал істуеге уақыт бөлу болуы қажет. Намаздарын қаза қылмай, уақтылы оқу керек. Базарға шыққанда халал мен харамға мән беріп, жүрекпен Алланы зікір етуді үзбеу қажет.

Пайғамбарымыз саллаллаһу аләйһи уә сәлләм: «Кімде-кім базарға шыққанда Ләә илләһә иллаллаһу уахдәһу ләә шәриикә ләһ, ләһул мүлку уәләһәл хамду, юхии уә юмиит уәһуә хайюл ләә иәмуут, биәдиһил хайр уәһуә аләә күлли шәй ин қадиир дұғасын оқыса Алла Тағала ол үшін миллион сауап жазады, миллион күнәсін кешіреді, миллион дәрежесін көтереді» деген.

Базарлар саудагерлерді ақырет базарларынан ұзақтатпауы керек. Ақырет -базарлары дегеніміз – мешіттер. Алла Тағала Нұр сүресінің 37-аятында «Өздерін сауда-саттық; Алланың зікірінен, намазды орындаудан, зекет беруден тоспайтын адамдар бар. Олар, жүректер мен көздердің қорқыныштан қозғалатын күнінен қорқады» дейді. 

Хазреті Омар радиаллаһу анһ саудагерлерге былай деді: «Күндеріңіздің алғашқы бөлігін ақыреттік істерге арнаңдар, одан кейінгі уақытты дүниелік істерге арнаңдар». Сәләф Салихин де күндерінің алғашқы және соңғы бөлігінде ақыреттік амалдар жасап, күн ішінде дүниелік тіршіліктің амы үшін жұмыс жасайтын еді. 

Күндіз-түні үздіксіз міндетті жауапкершілігі бар періштілер таң және екінті намаз уақтында ауысым жасайды. Алла Тағала құлдарының халін періштелерден де жақсы біле тұра жауапты періштелерден: «Құлдарымның жанынан кетерде олар қандай халде еді?» деп сұрайды. Періштелер намаз оқитын адамдар жайлы: «Олардың жанынан кетерде намаз оқып жатқан еді, қайта барғанымызда да намаз оқып жатқан кездерінде жолықтық» деп жауап береді. Осыдан кейін Алла Тағала: «Олай болса сендер куәсіңдер, мен ол құлдарымды кешірдім» дейді.

 

 

Пікірлер Кіру