Сауданың ең жаман табыс көздері

26 наурыз 2019 8302 0
Оқу режимі

Дінге қайшы табыс табу жолдарына әуелі Алланың әмірі үшін және мұндай кіріс көзі басқалардың ақысын мансұқ еткендіктен тыйым салынған. Харам санатындағы табыс көздеріне келетін болсақ, олар мыналар: есірткі, арақ-шарап, темекі саудасынан түскен табыс.

Ислам адамды ақыл-естен тандырып, өз іс-әрекетіне есеп беруден қалдыратын алкогольді ішімдіктер, есірткі, басқа да есеңгірететін заттардың саудасына тыйым салған. Бұл заттарды тауар айналымынан шығарған. Сөйтіп, көпшілік арасында маскүнемдіктің, нашақорлықтың кең жайылуының алдын алған.

Бұл жолдағы саудагерлер - қоғам үшін аса қауіпті қылмыскерлер. Олар үшін адам өмірі түк емес. Аз күндік бас пайдасына бола адамдарды шыңырауға құлатып қарап отырады. Әдетте, есірткінің дәмін татып, оған бой алдырған адамдар ақыл-ой, сана-сезім, ар-ождан, намыс-ұят секілді адами қасиеттерден жұрдай болады, сосын жан түршігерлік қылмыстарға бой ұрып, ауруынан айығуға күш-қайрат таба алмайды. Бұл – тұтастай ұрпақтың, елдің ақысының бұзылғаны.

Жезөкшелік - адамның тәнін саудалап, ақша табудың амалы ғана емес, ол адам өмірі үшін де, қоғам үшін де аса қауіпті құбылыс. Қоғамдағы отбасы, дін, мемлекет институттарының қызметін жоққа шығарады, қалыптасқан адамгершілік, адалдық, ар-намыс, сенім, сүйіспеншілік секілді моральдық, этикалық құндылықтарды аяққа таптайды. Құран Кәрім жезөкшелікке былай деп тыйым салған: «Зинаға жоламаңдар (оған бейімдейтін әртүрлі әрекеттерден аулақ болыңдар)! Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол»[1].

Жезөкшелікпен айналысқандар, жезөкшелікпен айналысуға тырысқандар, жезөкшелер үйін ашқан «жеңгетайлар» қоғамның рухани азғындауына, арсыздық пен ұятсыздықтың етек жаюына, бұрын-соңды кезікпеген ауру-сырқаудың белең алуына себепші. Оның зауалы, жазасы туралы айтудың өзі артық әңгіме секілді.

 


[1] «Исра» сүресі, 32-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру