ШӘКӘРІМНІҢ ҮШ АНЫҒЫ НЕНІ БІЛДІРЕДІ?

18 тамыз 2023 6157 0
Оқу режимі

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадистерінде Ынсап, Әділет, Мейірімділік жайында көптеп баян етеді, Ислам дінін ұстанған біздің бабаларымызда өз еңбектерінде, өлең-жырларында, шығармашылықтарында осы тақырыптарды жиі кездестіреміз. Солардың бірі де бірегейі – Шәкәрім бабамыздың «Үш анық» еңбегі. Бұл еңбегінде ойшыл бабамыз Ынсап, Әділет, Мейірімділік жайында кеңінен айтып өтеді. 

Бірінші анық: Жаратушы білімі. Егер себепсіз бар болған Атом немесе Нұр десек, олар қозғалыста. Ал қозғалыстың өлшеулері бар. Ол қозғалыстың абсолюттігін айтып отыр. Қозғалыстың себебі – себепсіз себепте, яғни түп Жаратушыда. Ал ол түп себеп өлшене ме? «Өлшеулі нәрсе өзі бар болған емес», – дейді Шәкәрім. Олай болса, өлшеусіз нәрсенің бар болғанын қалай білмекпіз. Өлшеусіз нәрсені ғылымда абсолют дейді.Түп себептің өлшеуі жоқ. Ол Жаратушы білімі. Жаратушының өзі де абсолют, Жаратушының білімі де абсолют. Хакім Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегеніндей.

Екінші анық: Жан туралы. Адамзат тарихында жан мәселесімен айналыспаған, пікір айтпаған ғұлама жоқ. Жан туралы айтылған, жазылғандарда есеп жоқ. Жанның мәңгілігі деген мәселені өлімге қатысты түсіндіріп көрген Шәкәрім: «Мен жан жоқ, өлген соң өмір жоқ дегенге таңғаламын. Оларға мұндай сөзді қандай ой айтқызып отыр екен?» дейді.

Үшінші анық: Ұждан туралы. Шәкәрім пайымдауынша, жанның екі өмірдегі азығы – ұждан. «Адамдығы Ынсап, Әділет, Мейірім үшеуін қосып айтқанда, мұсылманша – ұждан». Абай да, Шәкәрім де ар деген ұғым қолданады. Ар білімі дегенде ұждан, Ынсап, Әділет, Мейірім дегендер Ар білімін құрағандар. Бізге де керегі осы үшінші анық, Шәкәрім атамыз айтып жатқан ұжданның ішіне Ынсап, Әділет, Мейірім кіреді. Ал енді бірінші Ынсапқа тоқталсақ. Рақым, Ар, Ұят табылмаса, Өлген артық дүниені былғағаннан, – деген екен Шәкәрім атамыз. Жалпы,  ынсап дегеніміз не?! Кемеңгер ата-бабамыз ынсапты қанағат пен ұжданның арасына қоюы тегін емес. Қанағат белгілі бір жағдайда ашкөздікке салынбай, барға шүкіршілік ете білу болса, ынсап – сол қанағатты тудыратын, Жаратушының бергеніне тәубе етуден пайда болатын адам жанының бір қазынасы. Ынсапты адам – иманды адам. Тілін кәлимаға келтірмеген болса да, әлдеқандай бір күштен қорқып, құлқынының қамын ойлап кетпей, сабыр етіп, қанағат ететін болса, жүрегінде иманның бастауы, көңілінде ынсап болғаны. Адамға арам мен адалдың арасында таңдау жасайтын сәт келгенде ұжданы белгі береді. Арыңды былғап, ақиқаттан аттама дейді. Сонда байқасаңыз, ұждан деген – адамның Құдайдан ұялуы, яки қорқуы. Егер адам ұжданын тыңдаса, қанағат етеді. Сол екі ортада ынсап жатыр. Жүректегі ұждан мен амалдан көрінетін қанағатты байланыстырып тұрған көпір – сол ынсап. 

Әділеттілік Дін исламымыз шариғатта әділдіктің орнауына қатты мән берген, әділ болуды ешкімнің еркіне тастамай, бәлкім әр адамға міндеттеледі.Алла Тағала Құранда былай дейді: «Алла сендерге аманаттарды иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік айтқандарыңда әділ үкім шығаруды бұйырады. Міне, осылайша Алла сендерге қандай керемет насихат айтуда. Шүбәсіз, Алла – Сәмиғ (бәрін естуші) және Басир (толық көруші)» («Ниса» сүресі, 58-аят).

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім мұсылмандарға үкім етіп, әділдікпен үкім етсе оған жәннат нәсіп болады, егер кімде-кім зұлымдықпен үкім етсе, тозақта болмақ», – деп ескертеді.

Мейірімділік Құран Кәрімде Алла Тағаланың құлдарына деген мейірімділігі мен рақымдылығы туралы аяттардың көптеп келуі, Алланың адамзатқа деген сүйіспеншілігіне білдіреді. Яғни Алла Тағала көптеген аяттарында: «Алла – құлдарына ерекше мейірімді» («Бақара» сүресі, 207-аят); «Күмәнсіз Алла адамдарға ерекше мейірімді және өте рақымды» («Хаж» сүресі, 65-аят) деп, құлдарын өте жақсы көретіндігін және оларды қолдап, қорғаштайтындығын айқын білдірген. Ислам руханиятының төрінен орын алатын мейірімділік пен рақымдылық тек адам баласымен ғана шектеліп қалмай, хайуанаттарға да мейірімділікпен мәміле жасауға көңіл бөледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадис-шәріпінде былай дейді: «Бір адам сапар шегіп бара жатқанда қатты шөлдеді. Тіпті шөлге шыдай алмайтын дәрежеге жетті. Сол уақытта бір құдыққа кез болды. Құдықтың ішіне түсіп шөлін қандырды. Құдықтан шыққанда шөлдегеннен топырақ жалап жатқан бір итті көреді. Әлгі адам өз-өзіне: «Мына ит те мен сияқты қатты шөлдеген екен ғой» деп қайтадан құдыққа түсіп, аяқ киіміне су толтырып алып шығып итке береді. Алла Тағала оның бұл әрекетіне риза болып күнәларын кешіреді». Сонда сахабалардың кейбірі: «Уа, Алланың Елшісі! Бізге хайуанаттарға жасаған жақсылықтарымыз үшін де сауап бар ма?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иә, әрбір мақлұқатқа жасаған жақсылық үшін сыйлық бар», – деген (Бұхари).

Рахымберді Рүстем
«Ғылмани» мешітінің азаншысы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру