ШИҒА ШЫҒАРҒАН ШЫРҒАЛАҢ

01 желтоқсан 2023 2522 0
Оқу режимі

Имам Маликтің замандасы, хадис ғалымы Шағби: «Уа, Малик! Мен барлық адамның табиғатын зерттедім. Мыналар сияқты ақымақ елді көрмедім. Бұл жануар кейпінде болса есек, құс бейнесінде болса құзғын болар еді», – деп шиғалардың болмысы жайлы ой бөліскен екен. Ғалымдар бұл ағымның тарих сахнасына шығуын саяси себептермен, соның ішінде Абдулла ибн Сәбә есімді яһудимен байланыстырады. Ал кейбір ғалымдар халифа сайлаудағы басты үш көзқарастың шығуымен байланыстырады. Қалай болғанда да шиға ағымы тарихта бірнеше тармаққа бөлініп, саяси мақсатына байланысты атауын шекпен сияқты алмастырып келген. Шиғаның сахабалар салған сара жолға теріс екенін көрсететін ақидалық, фиқһи және тарихи көзқарасын басты төрт мәселемен түсіндіруге болады.

Біріншісі, билік (имамат). Садық Роханидан шиға ақидасындағы он екі имамның көзқарасын мойындамайтын адам жайлы сұрағанда ол: «Имамдықтың (шиға басшылары) пайғамбарлықтан дәрежесі жоғары. Діннің кемелденуі де мұсылмандар әміршісі Әли имамның басшылыққа келуімен болды. Сондықтан он екі имам мәселесіне иман етпеген адам кәпір күйінше өледі», – деген. Бұл – шиғаны әһлі сүннет жолынан бөліп шығарған басты мәселе. Әһлі сүннет уәл жамағат ғалымдары халифа, яғни басшылық сайлау немесе тағайындау арқылы жүзеге асады деген. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейін төрт халифаның билікке келуі осы жүйе бойынша болған. Шиға ақидасында Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) имаматқа (халифалыққа) Әли бин Әбу Тәліпты таңдаған. Әлиден кейінгі билік (имамат) те оның ұрпағының тізгінінде қалуы тиіс. Бұл әулеттен басқаға билік өтпеуі керек. Шиға сенімінде әділ халифалар Әбу Бәкір, Омар және Осман билігі шариғат бойынша заңды болған жоқ. Қала берді, олар (Әбу Бәкір, Омар және Осман) Әлиден билікті күштеп тартып алған. Міне, бұл – шиға ақидасы.

Бұған дәлел ретінде Хум суы жанындағы оқиға хадисін алға тартады. Хум – Мекке мен Мәдина ортасындағы жер. Хадис имам Ахмед, Ибн Мәжа, Бұхари және Мүслим еңбектерінде бар. Мәдинаға қайтып келе жатқан мұсылмандар Хумға келіп аялдайды. Йемен ғазауатында Әлиден дөрекілік көрген Бурайда есесін алмақ болып, сол жағдайды Пайғамбарымызға айтады. Сонда Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мүбәрак жүзі түнеріп: «Мен сендерге жандарыңнан да артық қадірлі емеспін бе?» – дейді. Жұрт: «Иә, солай», – деседі. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім мені жақсы көрсе, Әлиді де жақсы көрсін», – деген екен. Бұл хадисті шиға ағымы: «Мен кімге басшы болсам, Әли де соған басшы», – деп түсінеді. Имам Байһақи (Алла оны рақым етсін) «Иғтиқад уа һидаят илә сабил рашад» атты еңбегінде былай жазады: «Муәлә (жақсы көру) хадисінің мәтінінде Пайғамбардан кейінгі билік Әлиге көшеді деген мағына жоқ. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұндағы айтпақ ойы, хадистің бізге жеткен тізбектеріне сүйенсек, хазіреті Әлидің қасиеті жайлы. Оқиға былай болады. Йемен жорығына хазіреті Әлиді (Алла оған разы болсын) аттандырады. Ғазауаттан кейін Әлиді тым қатал деп шағымданушылар көбейеді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әлидің қасиетін және өзінің оған деген ерекше сүйіспеншілігін адамдарға айтып, Әлиге (Алла оған разы болсын) деген өшпенділік болмауын ескертті. Сөйтіп «Мені жақсы көрсеңдер, Әлиді де жақсы көріңдер» деді.

Бірде Әлидің немересі Хасан ибн Хасанға (Алла оған разы болсын) бір кісі: «Алла елшісі Әлиге қатысты: «Мен кімнің басшысы болсам, Әли соның басшысы» деп айтқан жоқ па?» – дейді. Сонда ол: «Алла елшісі бұл сөзімен билікті, ел басқаруды меңзегісі келсе, намаз, зекет, Рамазан оразасы және қажылық парыздарын анық және дәлме-дәл айтқандай, бұл мәселені де астарламай ашық айтар еді. Пайғамбарымыз адамдарға: «Бұл (Әли) – менен кейінгі сендердің басшыларың. Оның айтқан бұйрығына құлақ салыңдар және мүлдіксіз орындаңдар», – деп айтар еді», – деген екен.

Екіншісі, исмет. Бұл – күнә атаулыдан тазалық. Шиға ағымында он екі имам деген түсінік бар. Олар – мұсылман әлеміне билік жүргізетін тұлғалар. Алғашқысы – Әли ибн Әбу Тәліп. Соңғысы – Мұхаммед ибн Хасан. Ол – Махди. Шиға көзқарасы бойынша, осы он екі имам (басшы) күнә атауынан пәк. Дәлел ретінде олар: «...Уа, Пайғамбар отбасы! Алла сендерді настық атаулыдан толық арылтып, әбден тазартып, пәк етуді қалайды» деген аятты («Ахзаб» сүресі, 33-аят) қолданады. Алайда, Құран мен сүннет күнәдан пәк тек пайғамбарлар екенін айтады. Пайғамбарлардан басқа сахаба да, табиғин де, әулие де қателеседі және күнә жасауы мүмкін. Күнәдан пәк болуы – тек пайғамбарларға тән қасиет. Міне, бұл – әлһі сүннет уал жамағат ақидасы.

Үшіншісі, сүннет. Әһлі сүннет пен шиға ақидасы Құраннан кейінгі екінші шариғат көзі сүннет деп біледі. Шиға ақидасы бойынша сүннетке Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзінен бөлек он екі имамның ой-пікірі, ижтиһады да кіреді. Негізінде хадистерді жеткізген бірінші буын сахабалар болатын. Алайда шиға ағымы барлық сахабаның жеткізген хадисін мойындай бермейді.

Төртіншісі, сахабалардың мәртебесі. Олар да – пенде. Демек олардың қателесуі, күнә жасауы – заңдылық. Сахабалар әділ, тақуа және дінді ұстануы мен өмір салты түзу болғандықтан, Құран және сүннетті бізге жеткізген. Сондықтан сахабалар сөзі – Құран және хадистен кейінгі шариғаттың қайнар көзі. Тіпті сахабалар арасындағы қарама-қайшылық оқиғаларға ижтиһад жасады деп қараймыз.

Шиға ағымы сахабаларды әділ, пасық және мұнафиқ деп үшке бөледі. Шиғаның радикалды тармақтары сахабаларды күпірлікпен айыптауға дейін барады. Тіпті олар Пайғамбар жұбайлары мен сахабаларға тіл тигізеді. Мысалы, шиға ағымының шейхы Тақиуддин Ибраһим ибн Әли Амали «Мисбах» атты кітабында хазіреті Әли айтқан дұға деп Әбу Бәкір мен Омарға (Алла оларға разы болсын), олардың қыздары Айша мен Хафса аналар жайлы ауыр сөздер жазады. Ол дұғаның соңы: «Уа, Алла! Әбу Бәкір мен Омарға, қыздары Айша мен Хафсаға тозақта адамдар шошитындай азап бер», – деп аяқталады. Әрине, бұл – хазіреті Әлидің емес, шиға ағымының сөзі.

Сондай-ақ Яқуб Кулайни «Рауда» кітабында Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бақилық болған соң хазіреті Әбу Бәкірге байғат ету оқиғасын жазады. Бұл оқиғаны екі сахаба арасындағы әңгіме ретінде келтірген. Парсы сахаба Салман мен хазіреті Әли әңгімесі деп жазады. Мешіттегі байғатты айта келе ең бірінші байғат еткен қаусаған қария болды дейді. Салман ол қарияны бұрын-соңды көрмегенін айтады. Ол еңіреп шығып: «Саған байғат ететін күнді көргеніме шүкір», – деп етегі жасқа толды дейді. Сонда хазірет Әли: «Ол – қария кейпіндегі Алланың дұшпаны Ібіліс еді», – дейді». Әли Набати «Сырат Мұстақим» атты кітабының екі тарауын мұсылмандардың анасы Айша мен Хафсаны қаралау және жамандауға арнаған. Мұндай ақида адамды діннен шығарады. Өйткені Әбу Бәкір мен Омар жайлы келген хадистерге сүйене отырып, әһлі сүннет уал жамағат ғалымдары Әбу Бәкір мен Омарға тіл тигізудің күпірлік екенін айтқан. Ал Құран Кәрімде хазіреті Айша мен Хафса жайлы «Пайғамбардың жұбайлары», «мұсылмандардың аналары» делінген. Сондықтан Пайғамбарымыздың  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайлары жайлы жаман сөз айту Құранға қарсы шығу, Алла елшісінің ар-намысына қол сұғу болғандықтан, адамды иманнан айырады.

Қорыта айтқанда, Қази Ғияд (Алла оны рақым етсін): «Имамдар (шиға басшылары) пайғамбарлардан абзал деген сөзі үшін шектен шыққан рафидилерді діннен шықты деп кесіп айтамыз», – деген. Ибн Касир (Алла оны рақым етсін): «Мұхаммед – Алланың елшісі. Онымен бірге болған мүміндер кәпірлерге тым қатал, ал өзара сондай мейірбан. Олардың әркез рукуғ жасап, сәждеге жығылып, Алланың шексіз рақымы мен разылығын тілегенін көресің. Олардың белгісі – жүзіндегі сәжде ізі мен иман нұры...» («Фатх» сүресі, 29-аят) аятына имам Малик сүйеніп, сахабаларға өшпенділік көзқарастағы рафиди (шиға) ағымына күпірлік үкімін берген», – дейді. Құртуби (Алла оны рақым етсін): «Малик өте дұрыс айтқан әрі аятты дәл тәпсірлеген. Кімде-кім сахабаның біріне тіл тигізетін болса, әлемдердің Раббысына қарсы болып, мұсылмандардың шариғатын жоққа шығарғаны», – деген.

Имам Малик (Алла оған разы болсын): «Сахабаларды балағаттаған топ әу баста Пайғамбарға тіл тигізбек болған. Алайда мұнысынан түк шықпаған. Жұрт Пайғамбар жайлы: «Ол жаман адам болған екен. Ізгі адам болса, айналасына ізгі жолдастар топтасатын еді», – деген ой қалыптастыру үшін сахабаларға тіл тигізе бастады», – дейді. Әбу Хамид Ғазали (Алла оны рақым етсін): «Шиға ағымы Жағфар бин Мұхаммедтің сөзі деп мынаны айтады: «Құрбан болайын деп тұрған Исмаилге мәлім болған жайт Аллаға аян емес еді». Білімсіздік және құбылу Аллаға тән қасиет ретінде көрсетілгендіктен, мұндай сөз – ашық күпірлік», – дейді (Мұстафа, 1-том, 110 бет). Саясат және өшпенділік нәтижесінде туындаған шиға шығарған шырғалаң шариғат адамды иманнан айырады, Құран құндылықтарынан алыстатады.

 

Төлеби ДӘДІЛҰЛЫ,

Алматы қаласының бас имамы

«Мұнара» газеті, №19, 2023 жыл 

 

Пікірлер Кіру