«Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді»

19 сәуір 2019 12542 0
Оқу режимі

Туылған баланы толық екі жыл емізу ананың негізгі міндеттерінің бірі. Шарананың ана құрсағындағы азығы туылған соң, анна сүтімен жалғасын табады. Құрсақ өміріндегі бала өмірі қандай ғажап болса, ана сүтінің де кереметі сондай үлкен. Қасиетті Құранда: «Аналар сәбилерін толық екі жыл емізсін»[1] деген бұйрық бар. Оған қоса ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің екі жасқа толмай қайтыс болған баласы туралы былай дегені бар: «Жұмақта оның сүт анасы бар. Екі жылға толмаған жерін сол емізіп толтырады».

Толық екі жыл емізудің қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ байқай беріңіз. Ана сүті баланың етіне еніп, сүйегіне сіңеді. Кезінде Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Ана сүтімен біткен мінез сүйекпен кетеді» деп бекер айтпаса керек. Ана сүті баланың денсаулығына, тәрбиесіне, мінез-құлқына, қысқасы бүкіл өміріне әсер етеді. Сондықтан, бала емізетін ананың мінезі қаншалықты көркем болса, баланың да адамшылығы мен әдебі, ақыл-санасы соншалықты жоғары болады.

Хадис кітаптарында сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Сүтпен бірге ұқсау әрекеті де жүреді» деген хадисі келтіріледі. Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.ғ.с.) балаға ақымақ әйелді сүтана етуге болмайтынын да ескерткен. Міне, осы саладағы аят-хадистердің бәрін жинақтай келе мұсылман ғұламалары мынадай қағида шығарған: «Ему кезеңінде берілген анна сүті адам табиғаты мен мінез-құлқын өзгертеді». Егер де ананың ішіп-жеп жүргені адал болмаса, оны емген бала да келешекте ата-анасын қуандыратындай болып шықпайды.

Ертеде имам Әбу Мұхаммед әл-Жүуәйни деген ғалым өткен. Сол имам бір күні үйіне келсе, баласын басқа бір әйел емізіп отырады. Дереу баланы жұлып алып, басын төмен қаратып, аузына саусағын салып, ішін қысып, әйтеуір баланың ішкен сүтін құстырады. Содан соң: «Бала қанша қиналса да, бөтен анаға еміздіріп, қалыптасып жатқан мінез-құлқын бүлдіруге болмайды» деп істеген ісіне жауап береді. Сол бала кейін имам Әбул Мәъали деген әйгілі ғалым болады. Ол ер жетіп, уағыз немесе пікір талас жасап тұрғанда, тілі күрмелетін болса, әкесі соны «баяғы сүттен қалған бір нәрсе бар ғой» деп жориды екен.

Бір кісілер имам Мәликтен баланы христиан әйелдің емізгеніне қалай қарайсыз деп сұрапты. Сонда имам: «Жоқ, болмайды. Өйткені олар арақ-шарап ішеді. Доңыздың етін жейді. Балаға да солар әсер етеді деп қорқамын», – деп жауап қайырған екен.

Бұл айтылғандар ана сүтінің адам тәрбиесіне қатысты жағы. Ал, оның дене бітімге, денсаулыққа әсері өз алдына бөлек әңгіме. Мысалы, ана сүтінің құрамы баланың қажеттілігіне қарай өзгеріп отыратынын бүгінгі ғылым дәлелдеген. Ана сүті таза болады, пәк болады. Мұздай да емес, ыстық та емес, ұнамды болады. Кез келген уақытта ана омырауында дайын тұрады. Еметін сәбидің асқазанына лайық келеді. Өсіп келе жатқан нәрестеге қандай витамин керек болса, бәрі де ана сүтінен табылады. Микробтарды өлтіретін иммунитет те осы ақ сүттен табылады. Тағы бір ерекшелігі ана сүті баланы да, ананы да семіздік ауруына душар етпейді. Осының бәрін ескерген мұсылман ғұламасы Ибн Сина емізу жайлы былай деген: «Балаға мүмкіндігі барынша өз анасының сүті берілуге тиіс. Өйткені, ана омырауындағы сүтте зиянды нәрсені кетіру тұрғысынан өте үлкен пайда бар».

Бұл аталғандардың бірін де химиялық қоспалармен әзірленген жасанды сүттерден таба алмасымыз хақ. Ендеше, бұл айтылғандар түрім өзгереді, фигурам бұзылады деген сылтаумен бала емізуден қашып жүргендердің құлағына алтын сырға деген ойдамыз.

Емізуші әйелдерге мемлекеттік демалыс берудің негізі де Ислам дінінде жатыр. Түндердің бірінде халифа Омар ибн Хаттаб (р.а.) бір үйдің сыртынан жылаған баланың дауысын естиді. Оның анасына барып: «Оны еміз» деп бұйырады. Сонда әйел: «Мүминдердің билеушісі баланың емшектен шыққанына дейін жәрдемақы бөлмейді. Содан соң оны емшектен шығарып қойғанмын», – дейді. Сонда хазреті Омардың көзіне жас іркіліп: «Баланы өлтіруге сәл қалыппын ғой. Еміз, еміз. Ақша бөлінеді», – деп шығып кетеді. Содан кейін әр бала үшін туылған күнінен емізілетін мерзіміне дейін мемлекеттік қазынадан қаражат бөлдіреді.

Ана да бала емізгенде ниетін Алланың разылығына байлауы керек. Ибн Омар (р.а.) бала емізіп отырған әйеліне былай деген: «Сенің бала емізгенің жануарлардың төлдерін емізгеніндей болып жүрмесін. Алладан сауабын күтіп, мейіріммен, жылылықпен еміз. Сенің сүтіңмен баланың мінезі тіріледі. Сонда баламыз Аллаға құл болып шығар». Осындайда баласын дәретсіз емізбеген Зере әжелер қандай дана болған деп тамсанамыз.

Алла Тағала емізулі аналар мен балаларға мықты иман мен денсаулық берсін.

 


[1] «Бақара» сүресі, 233-аят.

Тегтер: бала емізу

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру