Сүйіспеншіліктің бес тілі

15 шілде 2021 7059 0
Оқу режимі

Сүйіспеншілік дегенде, біз мұнда жастардың айтып жүрген күйдім-сүйдімін айтайын деп отырған жоқпыз. Біз түсінушіліктің, ымырашылдықтың, яғни отбасын бақытқа жетелейтін бес жолды, тәсілді түсіндірейін деп отырмыз. Бірақ, бұны басқаша әдіс-тәсілмен түсіндіреміз. Кейбіреулер «Біздің өз ғалымдарымыз тұрғанда басқаның керегі не?» деген пікір айтады. Бір ұстазым айтушы еді: «Батыстың психологтары мен философтарының, қолына қалам ұстар ғалымдарының ойлары – біздің Құран аяттары мен хадистерді жетік меңгеруге бір-бір баспалдақ», – деп. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.) айтпап па еді: «Сонау Қытай да болса да білім үйреніңдер», – деп. Ал, дана халқымыз: «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» деген емес пе?! Бұл тұста кезінде орта ғасырда Ислам ғұламалары әлемдік және батыстық ғалымдардың, оның ішінде Сократ пен Аристотель сынды философотардың еңбектерін арабшаға аударып, оны әрмен қарай дамытқанын еске алсақ жеткілікті болар. Сондықтан да ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) отбасы, бала тәрбиесіне арналған сүннетін, сөздерін түсінуіміз үшін батыстық психологка жүгінсек.

Гэри Чепмен деген батыстық психолог өз еңбегінде бес сүйіспеншілік тілінен сыр шертеді. Оның айтуынша, көптеген жанұя бірін-бірі дұрыс түсінбеуінен отбасылар шайқалуда. Яғни, бір-бірінен күтетін құрметті немесе қызметті аңғара алмауыларында. Ендігі кезек соларға тоқталсақ. 

Жақсы сөз

Қазақта «Жақсы сөз жарыс ырыс» демей ме?! Көптеген отбасылар сөз құдіретін түсінбеуде. Сөздің құдіреттілігі соншалықты «Сөз сүйектен, таяқ еттен өтеді» демей ме? Кейбір әйелдерге жақсы сөз жетпей тұрады. Ол әйелге мың жерден жағдайын жаса, уақыт бөл, бірақ оған жақсы сөз жетпейді. Әйелдерге көп сөздің қажеті де шамалы. Мысалы «Дайындаған тамағың қандай тамаша бопты!» немесе әйелі күйеуіне «Қоқысты шығарғаның үшін рахмет!», күйеуі әйеліне «Мына көйлекте тым әдем боп кеттің» деген сияқты жылы, жағымды сөздерді жиі-жиі айтып тұру керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жақсы сөз айтыңдар немесе үндемеңдер», – деген.     

Уақыт өткізу

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) күні үш бөліктен тұратын болған. Бірінші бөлігін халыққа арнаған, екінші бөлігін отбасына, үшінші бөлігін Аллаға құлшылыққа арнаған. Осымен қатар, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кей-кездері хазіреті Айшамен күресетін немесе жүгіріп, жарыстан болған. Қараңызшы, бір үмбеттің пайғамбары жұбайына қаншалықты көңіл бөліп, бірге уақыт өткізген.

Г.Чепменнің зерттеуінше, көптеген отбасы бірін-біріне жеткілікті деңгейде уақыт бөлмейді. Ал, енді ол жұбыңыздың сүйіспеншілік тілі болатын болса, соның салдарынан ажырасуға дейін барады. Бір әйел болады, оларға барлық жағдайды жасайсың, қазақшалап айтқанда ішкені алдында, ішпегені артында, бірақ әлгі әйел күйеуінен еш разы емес. Кесе-шәйнекті сындырып, соңында баланы ұрып жылатып, берекені алғаны алған. Сондағы оның сүй,спеншілік тілі – күйеуінің онымен аз да болса уақыт өткізуі.

Сыйлық

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңізге сыйлық сыйлаңыздар, бұл араларыңыздағы сүйіспеншілікті нығайтады», – деген. Шынында да, адамның көпшілігі сыйлық алғанды жақсы көреді. Қазақта «Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады» демей ме? Сол құрғырдың денсаулыққа зияны болса да мұндағы айтпағы көңілдің нәзіктігі ғой. Болмашы нәрседен көтеріліп, болмашы нәрседен түсіп отыратын. Бірақ кейбір адамдар бар жанұясында сыйлық беру мәдениеті қалыптаспаған. Менің бір жолдасым бар еді. Өмірінде үйінде мереке тойлап, бір-біріне сыйлық жасамаған. Міне, осындай адамның жұбайының сүйіспеншілік тілі егер сыйлық болса, онда оны мәңгілік түсінбей өтеді.

Көмек

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз көйлегін өзі тігіп кигендігі туралы хадистер бар. Сахабалар тарапынан Хазіреті Айша (р.а.) анамыздан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйде не істейтіндігі сұралғанда, Оның (с.ғ.с.) басқалар сияқты үйдің барлық шаруаларына араласатынын, қойларды сауып, өзіне қатысты жұмыстарды атқаратынын айтқан.

Кейбір адамдардың сүйіспеншілік тілі оған азда болса үй жұмыстарында көмек қолын созу, көмектесу болып табылады. Профессор, әлемге әйгілі психолог Гэри Чепмен: «Мен әйеліме көмектесіп аптасына үйді бір рет сыпырып тұрамын», – дейді.   

Қатынас

Қазақта «Ұлы сөздің ұяты жоқ» деген. Отбасылық өмірде маңызды нәрсенің бірі, ол – жұптардың төсек қатынасы болып табылады. Өкінішке орай көптеген отбасылар, әсіресе, дүниеге 4-5 баласы келген жұптар төсек мәдениетіне көп мән бермей кетеді. Немесе жұмыстан шаршап жүрген кісілер де сылтауратып, бұған селқос қарайды. Мысырлық бір психологтың айтуынша, мұсылман әлемінде көптеген отбасылар төсек мәдениетін жетік меңгермегенінен, мән бермегенінен ажырасып тынады екен. Осыған орай Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):  «Ері төсекке шақырған уақытта оған келуден бас тартқан әйелге періштелер таң атқанға дейін лағынет айтады»,[1] деген.

Өйткені, мұсылман баласы Алла жаратқан табиғи қажеттіліктерді неке қиып, отбасын құру арқылы халал жолмен өтеуді бұйырған. Ер адам өз әйелінен төсек қатынасына байланысты қажеттіліктерін өтей алмаса харамға, яғни, зинаға баруы мүмкін. Хазіреті Омар (р.а.) бір күні Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп:

– Уа,  Алланың Елшісі! Мен құрыдым. Маған Алладан кешірім тілеуіңізді сұраймын. Мен әйеліме артынан жақындадым (яғни, тиесілі, бала дүниеге келетін орнынан. Өйткені, сол кездегі иудейлер әйелге арт жағынан жақындауды харам деп білетін еді. Бала ауру болып туылдады деп сенетін).

Сол оқиғаға байланысты Алладан мына аят келеді: «Өйткені, әйелдерің – егіндіктерің. Егіндіктеріңе қалай қаласаңдар, солай келіңдер»[2].

Ұрыс неден шығады?

Халқымыз: «Өз жұртың – күншіл, нағашы жұрттың – сыншыл, қайын жұрттың – міншіл келеді», – дейді. Қазақ халқында бір жаман мінез бар, ол -  жас-жұбайлардың арасына түсіп, бірін-біріне жамандап, соңында ажырастырып тынады. Әрине, бұны істегенде өз перзенттеріне жаманшылық ойлап істемейді. Екі жақта жастардың құқын қорғадым, келесі жаққа ақысын жібермесін деп ақырында жанұяны ажырастырып, бақытсыздыққа душар еткендерін білмей де қалады, білсе де кеш түсінеді. Осындай да «Екі жастың арасына есі кеткен түседі» деп қандай дөп айтылған десеңші!

Бақытжан Өткелбаев


[1] Бұхари, Никах бабы, 85-хадис.
[2] «Бақара» сүресі, 223-аят.

 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру