Сыйластық пен құрмет – қоғамның алтын діңгегі

Адам баласы – табиғатынан қоғамда өмір сүруге бейім жаратылыс. Бірлігі жарасқан, татулығы берік қоғамның ең басты тірегі – адамдар арасындағы сыйластық пен құрмет. Бұл қос қасиет – жеке адамның да, тұтас ұлттың да деңгейін анықтайтын асыл өлшем. Сыйластық – тек сөзбен айтылатын құр тілектестік емес, ол – адам жанынан шығатын шынайы ықылас, шын ниеттен туатын әрекет. Біреудің ойын тыңдау, пікіріне құрметпен қарау, ар-намысына тимеу, кішіпейілді болу – осының барлығы сыйластықтың сыртқы көріністері.Қазақ халқы «Сыйласқанның үйі – құт, сырласқанның жүзі – жарық» дейді. Бұл сөзде үлкен даналық бар. Себебі, сыйластық болған жерде кикілжің, дау-дамай, алауыздық орын алмайды. Тіпті қиын жағдайдың өзінде сыйлас адамдар ортақ шешімге келіп, мәселені бейбіт жолмен шеше алады.
Құрмет – адамның ішкі мәдениеті мен тәрбиесінің айнасы. Құрметті тек үлкендерге ғана емес, әрбір адамға, оның еңбегіне, көзқарасына, жеке кеңістігіне де көрсету керек. Бұл – өркениетті қоғамның белгісі. Жұмыста бастық пен қызметкер арасындағы құрмет, отбасында ата-ана мен бала арасындағы құрмет, көшеде бейтаныс жандарға деген сыпайылық – барлығы да қоғамдағы үйлесімділікті қалыптастырады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде үнемі адамдарға жұмсақтықпен, мейірімділікпен қарауға, біреудің қадірін түсірмеуге шақырған. Бір хадисінде: «Сіздердің ең жақсыларыңыз – өзгелерге жақсы қарым-қатынас жасайтындарыңыз» деген.
Қазіргі кезде қоғамдық орындарда, әлеуметтік желілерде, көлікте, тіпті мешітте де кейбір адамдардың бір-біріне деген дөрекі сөздері, немқұрайлылығы байқалып қалады. Бұл – тәрбиенің, сыйластықтың жетіспеушілігінің көрінісі.Сыйластық – тек танитын адамдармен емес, танымайтындармен де орнауы тиіс. Қоғамда мейірім мен ізгілік көбейсе, ұрыс-керіс, қылмыс, қысым азаяды. Өйткені бір-бірін қадірлей білетін ортада жауыздыққа, әділетсіздікке орын қалмайды.
Ислам діні – бейбітшілік пен сыйластықтың діні. Құран Кәрімде Алла Тағала адамдарды ұлттарға, ұлыстарға бөліп жаратқанын айтып, бірақ олардың ең ардақтылары – тақуалары екенін білдіреді. Бұл – адамдардың сыртқы жағдайына емес, жүректегі тазалығына, ниетінің адалдығына мән беру деген сөз.Пайғамбарымыз сахабаларына әрдайым құрметпен қараған. Ол тіпті балаларға, құлдарға, кедей-кепшіктерге де ерекше ілтипат білдіріп отырған. Бұл – шынайы құрметтің үлгісі.Сыйластық пен құрмет – адамның ішкі мәдениетінен басталып, сыртқы қарым-қатынасында көрініс табатын құнды қасиеттер. Бұл қасиеттер жоғалған қоғамда береке де, бірлік те, мейірім де болмайды.Сондықтан әр адам алдымен өзінен бастауы керек: сөзімен де, ісімен де сыйластықтың үлгісін көрсете білуі қажет. Жанұядан бастап жұмыс орнында, көшеде, қоғамдық ортада осы ұстанымды ұмытпау – шынайы азаматтықтың, биік руханияттың белгісі.Ұмытпайық:Құрмет–адамды биіктетеді.Сыйластық – қоғамды көріктендіреді.Ал екеуі қосылса – өмірді гүлдендіреді.
Қасым МАХМҰД, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы