ТАҒЫ ДА ӘРУАҚ ТУРАЛЫ
Тақауда ғана «әруақ» тақырыбына қатысты тұжырымдарымды айтқам. Десе де, әлеуметтік желіде бұл мәселе әлі қызу талқыланып жатыр екен. Тағы да беш тиынымды қоса кетуді жөн көріп отырмын.
Біріншіден, Қарақан дәуіріндегі Сатұқ Боғра хан мен Мұса қаған жүргізген рухани процесстерді қаперге алсақ, Алаш баласының Хақ дінді қабылдағанына арысы мың жыл, Алтын Орда дәуірінде Өзбек ханның діни реформасын негізге алсақ, Дешті-Қыпшақ халқының мұсылманшылдық жолға түскеніне берісі жеті жүз жылға жуық уақыт болды. Өз басым аталған тарихи кезеңдегі рухани үдерістерді зерделеп жүргеніме ширек ғасыр уақытқа жуықтады. Қазақ халқының дүниетанымына қатысты осы шаққа дейін жарық көрген іргелі зерттеу жұмыстарына һәм діни шығармаларға мәтіндік талдау жасағанымызда "әруақ қолдасын" деп айту ширк болады" деген бірде-бір пікірді ұшырастырған емеспіз. Әгәрки, "әруақ қолдасын" деген сөз ширк болса, неге дін ғұламалары бұлай айтуға тыйым салмаған? Әлде, бұрнағы ғұламалар "ширктің" не екенін ұқпайтын дүмбілез бе еді?! Даурығып жатқан ағайын мәселенің осы жағына назар салса екен.
Екіншіден, «әруақ қолдасын», «әруақ желеп-жебесін» деген сөздің не мағына беретінін әлі ұқпай жүрген сияқтымыз. Әсілі, діндегі маңызды ұстындар мен ұғымдар қазақ тілінің сөздік қорына араб тіліндегі атауымен келмеген. Мысалы, арабшадағы «сәлат» сөзі қазақ тіліне «намаз», «құлшылық», «мінажат» деген атаулармен енген. «Сәум – қазақ тіліне «ораза тұту» мен «ауыз бекіту» атауларымен кірікті. «Рәсул» – «елші» және «пайғамбар», «қиямет» – «қалғаншы шақ», «жәннат» – «ұжмақ», «жаһаннам» – тамұқ», «сират» – «қыл көпір», «мәлайк» – «періште, «бес ене», т.б. Сол секілді әһлі-сүннет ақидасында рұқсат етілген «тәуассул» мен «истиғаса» ұғымдары да қазақ тілінің сөздік қорына арабшасымен емес, «әруақ қолдасын» және «әруақ желеп-жебесін» атауларымен кірген. Сондықтан, бұрын «әруақ қолдасын» және «әруақ желеп-жебесін» деген сөздер ешқандай дау тудырмаған. Бізде «әруақ қолдасын» деп айту «ширк» болады» деген пікірлер қай уақыттан бастап көрініс берді? Расын айтар болсақ, тәуелсіздіктен кейін ортаға шықты. Кімдер «ширк» – деді? Уаһабилер екені таласссыз ақиқат!
Үшіншіден, «әруақ қолдасын» тақырыбы дауға айналғаннан бері талай адам өз ойларын ортаға салып жатыр. Кіндіктен төмен әлемді жырға қосқыш аузы туалет ақынсымақтардан бастап, блогер, журналист, жазушы, тіпті спортышыларға дейін пәтуа беретін болды. Дін маманы болмаған соң көпшіліктің лақпа пікіріне түсіністікпен қарадық. Ол ол ма, кеше Мысырда әл-Әзһар бітіріп келіп уағыз айтып жүрген бір жігіттің «әруақ» тақырыбындағы пікірін естіп айран-асыр болдым. Әлгі сабаздың Мысырда пәленбай жыл жүріп не оқығанын түсінбедім. Уағызында көкнар ішіп алған адам құсап «истиғаса» мен «тәуассулды» ажырата алмай, бірді-бірге соғып ұрып отыр. Атам қазақ: «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» осындайда айтқан екен ғой деп, не күлерімді, не жыларымды білмедім. Бұл дегеніміз біздің қоғамның әлі дұрыс дін мамандарына жарымай отырғанын көрсетеді.
Төртіншіден, пікірталас барысында «әруақ қолдасынды» жақтап шыққан базбір бауырларымыз Құдай-тағаланы бір шетке ысырып қойып, бәрін «әруақ қылады» деп оттап отыр. Теология ғылымында әу баста әлемді жаратып, одан кейінгі ғаламның тағдырына араласпайтын «Тынығушы Құдай» деген пантеистік түсінік ұшырасады. Ислам тарихында «Қадария» және «Муғтазалия» секілді осы көзқарасты ұстанған адасқан ағымдар болған. Кейін бұл пікір христиандықтың ішінде протестанттардың шығуына да әсер етті. Алайда, әһлі-сүннет жолы бұл пікірді мүлде қоштамайды. Бұл Имам Матуриди ақидасы бойынша адасушылық болып саналады. Құран-кәрімде «Алла-тағаланың әмірінсіз ағаштың жапырағы де жерге түспейді» (Әнғам, 59) деп бұйырылған. Ендеше, кімде-кім «Алла-тағаланың тағдыр етуінсіз зәредей бірдеңе болады» десе, ол әһлі-сүннеттен емес. Бұлай айтушылар бағзыда өліп қалған адасқан ағымдар «Қадария» мен «Муғтазалияны» тірілтушілерге жатады.
Бесіншіден, «әруақ қолдасын» деген ұғымның түпкі мәнін ұқпайтын тек уаһаблилер емес, мұсылман әлемінде көптеген адасушы діни топтар бар. Олардың кейбір өкілдерімен уағында талай айтысып-тартысқанбыз. Базбір бауырларым «Олар салафилерге қарсы ғой, неғыласың?» деп мәселені терең ұқпай маған басу айтқан. «Әруақ» тақырыбы күн тәртібінде қызу талқыға түскен сайын сол сектанттардың бет пердесі шешіліп жатыр. Бейне Алла-тағала «әруақ» тақырыбын көлденең тартып, кімнің дүмше, кімнің адасқан, кімнің түзу жолда екенін аңғартып жатқандай. Осы тұрғыдан алғанда «әруақ» тақырыбының талқыға түскені дұрыс болған тәрізді.
Пы-сы: Алла-тағалам осы сынақтарда Алаш баласын адасудан сақтасын деп тілеймін!