ТӘҢІРШІЛДІК – ПҰТҚА ТАБЫНУШЫЛЫҚТЫҢ ЖАҢА ТҮРІ

04 шілде 2024 1188 0
Оқу режимі

Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай көптомдық жинағы әзірленіп жатқанын, аталған еңбекте осыған дейін жіберілген тұжырымдамалық қателіктер мен кемшіліктер қайталанбауы қажет екенін айтты. Біз осы көптомдықтың арнаулы томын әзірлеуге атсалысып жүрген тарихшы-медиевист Жақсылық СӘБИТОВТІ әңгімеге тартып, бірқатар өзекті сұрағымызды қойдық.

Алтын Орда – резиденцияның атауы

– Жақсылық Мұратұлы, бүгінде оқытылып жүрген тарих оқулықтарында шындыққа жанаспайтын мәліметтер аз емес екені көптен айтылып келеді. Тарихшы ретінде сіз басты қателіктер деп нені айтар едіңіз?

 – Ең алдымен қазақтың ортағасырлық тарихында мүлдем болмаған түрлі қағанаттар мен мемлекеттердің ғылыми айналымға еніп кеткені өкінішті-ақ. Біз мектепте Қарлұқ, Қарахан қағанаттары жайында оқыдық. Әлі күнге екеуі екі бөлек мемлекет деп айтылып жүр. Шын мәнінде олар бір халық, бір ел еді. Түсінікті болу үшін айтсақ, қарлұқ қағандарының династиясы қарахан мемлекетінде билік құрған. Кезінде тарихшылар династия ауысқанда жаңа ел пайда болды деп қате мәліметтерді тарихымызға енгізіп жіберді. Сондай орашолақ пайымдар салдарынан қазақтың ортағасырлық тарихы адам түсініп болмайтын фрагменттік жүйеге, яғни бір-бірін алмастырған түрлі қағандықтар жылнамасына айналды. Тарихшы Бөрібай Ахмедов 1965 жылы «көшпелі өзбек мемлекеті» деген жаңа «деректі» ғылыми айналымға қосты. Бұндай мемлекет тарихта ешқашан болмаған. Әбілқайыр ханның билігі тұсында оның жеке дара ел болғаны жайында бірде-бір тарихи дерек жоқ. Шын мәнінде, Әбілқайыр – алтынордалық хандардың бірі ғана. Сондай-ақ кеңес заманында Алтын Ордаға қарсы соғысқан Ақ орда дейтін мемлекетті ойлап таптық. Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда дегендер ақиқатын айтқанда бөлек ел емес, хандар отыратын резиденцияның аты ғана болатын. Яғни Жошы ұлысы деп аталған мемлекеттің хан ордалары еді.

– Алтын Орда дегеніміз де резиденцияның атауы ма?

– Әлбетте, солай. Жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттің аты Жошы ұлысы еді. Алтын Орданы қателесіп елдің аты деп орыс тарихшылары жазып жіберген. Сол арқылы қазір бүкіл әлем біздің ата-бабамыз құрған ұлысты Алтын Орда деп атап кетті. Біз өз тарихымыздағы осындай ойдан шығарылған олқылықтарды түзеп, шындықтың салтанат құруына табанды түрде кірісуіміз керек. Кірісіп те жатырмыз. Түрлі қағандықтардың басын қосып, олардың бәрі біртұтас мемлекет болғанын дәлелдейтін уақыт жетті. Мысалы, қарлұқтар Жетісуда 756 жылдан бастап 1212 жылға дейін 5 ғасыр бойы үздіксіз билік құрды. Бұл – оның адамзат тарихында айтарлықтай орны бар, осы аймаққа өзінің саяси, мәдени, діни ықпалын тигізген алып мемлекет болғандығының дәлелі. – Сіздің айтуыңызша, қарлұқтар, қараханидтер, түргештер, т.б. қағанаттардың бәрі жеке-дара мемлекет емес. Бұрынғы тарихшылар «династия ауысса, мемлекет ауысты» деп қате тұжырымдаған ғой? – Дәл солай. Мысалы, салыстырмалы түрде айтсақ, бізде соңғы 30 жылда билік басында Н.Назарбаев отырды, кейін оның орнына Қ.Тоқаев келді. Саяси билік ауысты, бірақ мемлекет сол қалпында қалды ғой. Міне, осы секілді династиялар ғана ауысып отырған. Қытайдың да тарихына қарасаңыз, түрлі династиялар алмас-кезек билікке келгенін көреміз, бірақ мемлекет пен халқы сол қалпы өзгерген жоқ. Біз кеңестік, посткеңестік кезеңдегі ғылымға белгілі болған ескі деректер негізінде оқытылған тарихты түзеуіміз керек. Одан бері қаншама жаңа мәліметтер ашылды, бұл өткенімізге жаңаша көзқараспен қарауды талап етеді.

Саяси мүдде тарихқа әсерін тигізеді

 – Президент Қ.Тоқаевтың жаңа академиялық көптомдықты дайындау тапсырмасы да осы мақсатты көздесе керек. Сіз өзіңіз оны әзірлеу жұмысына қатыстыңыз. Оның ерекшелігі неде?

 – Иә, орта ғасырларға арналған үшінші томды жазуға бас редактордың орынбасары ретінде тікелей атсалыстым. Біз өзімізге қатысты бөлімді жазып, дайындап бітірдік. Ерекшелігіне келсек, бұған дейін ел тарихының 5 томдығы жарық көрген болса, оның екінші томы орта ғасырларға арналған еді. Енді біз орта ғасырды үш бөлікке: ерте орта ғасыр, яғни қағанаттар заманы; Алтын Орда және Қазақ хандығы деп бөліп қарастырдық. Олардың әрқайсысы тереңнен зерттеу мен талдауды қажет етеді. Жалпы түркі жұртының ортағасырлық дәуірі – әлем тарихында өзіндік ізін қалдырған ұлы кезең боп саналады.

– Осы орайда біз Жошы ханды Алтын Орданың негізін қалаушы ретінде жаңаша дәріптеп жатырмыз. Соған қатысты бір сұрақ туындайды: егер Шыңғысхан әлемге «моңғол» деп танылса, оның үлкен ұлы қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаған ба?

– Біріншіден, тарихшылар арасында Жошы хан мен Шыңғысханның туыстық қатынасына байланысты таласты пікір әлі тоқтаған жоқ. Екіншіден, қалай болғанда да бұдан біздің тарихымызға ешқандай нұқсан келмейді. Мұндай мысалды Ресей тарихынан да табамыз. Орыс мемлекеттілігінің негізін қалаушы, Новгородтың бірінші князі Рюриктің шығу тегі швед болатын. Оны Ресей тарихшыларының өздері де мойындайды. Бірақ бұдан орыс тарихы зиян шегіп отырған жоқ. Сол секілді Алтын Орданың негізін қалаушы Жошы ханды Шыңғысханның ұлы екен деп ат-тонымызды алып қаша алмаймыз. Алтын Орда халқының негізін қыпшақтар құрағаны белгілі. Ең бастысы Жошыдан басталған хандық династия Кенесарыға дейін 6 ғасырға созылып, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына үлкен үлесін қосты. Бұл – өте маңызды нәрсе.

 – Президент «Тарихымыз жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек» деген болатын. Жаңадан жазылып жатқан Қазақстанның академиялық тарихы көрші Ресейдің немесе Қытайдың өткенге қатысты көзқарасынан өзгеше бола ма?

– Әрбір мемлекет ұлттық тарихын өзіндік көзқарас тұрғысынан қалыптастырады. Тарихшы ғалымдар арасында пікір қайшылығы көп бола қоймағанымен, тарихты оқыту жағынан келгенде әркім оған дербес саяси мүддесі тұрғысынан қарайды. Мәселен қытайлар Шыңғысханды өз елінің ханы деп санап жүр. Шын мәнінде ол – қытай тілінде мүлдем сөйлемеген, тіпті Қытайға қарсы соғысқан тұлға. Бірақ бұл оларға өз жерінде өмір сүретін көптеген ұлттарды бір қоғамға біріктіру үшін қажет. Сол секілді Моңғолияның тарих оқулықтарына қарасаң, ғұндарды моңғол текті халық дейді. Бірақ ғылымда олардың түркілер болғаны, жалпы Шыңғысханға дейін қазіргі Моңғолия жерінде түркі мемлекеттері (найман, жалайыр, т.б.) билік құрғаны дәлелденген ақиқат. Десе де моңғолдар ғұн тайпасы мекен еткен жерлерді өзінікі етіп көрсету үшін осындай қадамға баруға мәжбүр. Сондықтан тарихты оқытқанда саяси мүдде бірінші кезекке қойылады, соның салдарынан кейде тіпті ақиқат фактілер бұрмаланып та жататыны рас.

Қазақ хандығының Ресейге өз еркімен қосылуы – идеологиялық миф

– Бізде «Қазақ көшпелі халық болды» деген пікір қалыптасқан. Бірақ осы көзқарасқа қарсы адамдар да бар. Жалпы қазақ жерінде отырықшы өркениет ошақтары, қалалар көп болған ба?

– Қазақтың өткен тарихын біржақты бағалауға болмайды. Бізде көшпелілік мәдениеті де, отырықшылық мәдениеті де салтанат құрды. Араб географы Мұхаммед әл-Идриси 1150 жылғы картасында қазіргі қазақ жерінде 40 шақты қаланың барын көрсеткен. Содан қазір қалғаны – Тараз бен Исфиджаб, яғни Шымкент. Қалғандары кейін түрлі себепке байланысты өмір сүруін тоқтатып, жойылып отырған. Мысалы, қазіргі Алматының орнында болған ортағасырлық Алмату қалашығын алайық. Ұлы Жібек жолының бойындағы гүлденген шахар ХІV ғасырдың ортасында оба дертінің таралуы салдарынан жойылып кетті. Одан бөлек, өзендердің арнасын өзгертуі, климаттық жағдайлар, т.б. себептермен қалалардың өмір сүруін тоқтатқан мысалдар бар. Әйгілі жиһанкез Ибн Баттута Алтын Орданың астанасы Сарай-Беркеде болғанда үйінен таңертең шығып, қаланың ішіндегі діттеген жеріне кешке бір-ақ жеткенін жазады. Бұл сол уақытта шахардың аумағы қаншалықты кең әрі әлемдегі ең ірі қалалардың бірі болғанын білдірсе керек. Басқа да көптеген деректерді келтіруге болады. Алтын Орда дәуірінде де, оған дейін де қазақ жерінде өз заманының өркениетті қалалары көп болған, яғни біз тек көшіп-қонып жүрген ұлт емеспіз.

– Сіз бір сұхбатыңызда Қазақ хандығы Ресейге өз еркімен қосылмады деп айтыпсыз. Осы ойыңызды сабақтай түсесіз бе?

 – Қазақ хандығының орыс патшайымына өтініш жасап, өз еркімен империяның құрамына кіруі де, Ресейдің бізді жоңғардан немесе Қытайдан құтқарып қалуы да – ешбір тарихи негізі жоқ, кеңес заманында ойлап табылған идеологиялық миф. Ол қазақ жерін ешкім сырттан келіп жаулап алмағанын, Ресей жаудан қорғамағанда қазақтардың ұлт ретінде жоғалып кетуі мүмкін екенін көрсету үшін шығарылған «ақылға сыйымды» аңыз ғана. Шын мәнінде Ресей бізді ешкімнен құтқарған жоқ, ол өзінің саяси мүддесі жолында әрекет етті. Сондықтан біз өз еркімізбен Ресей құрамына кірмедік.

– Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың орыс патшайымына жүгінуі өтірік болғаны ма?

– Әбілқайыр хан өзінің билігін күшейту және оны мұрагерлік жолмен ұрпағына қалдыру үшін Ресеймен келісімге келгені рас. Бірақ ол бұған Қазақ хандығын Ресейге түпкілікті бағынышты ету үшін емес, уақытша келісім деп қараған.

Қазақ пен ноғай – политоним сөздер

 – Қазақ қай кезден үш жүзге бөліне бастады? «Жүз» деген не өзі?

 – Бұған қатысты түрлі пікір бар. Менің ойымша, үш жүздің тарихы Алаша хан, яғни Ырыс ханнан (татар ғалымдары Ұрысты осылай жазады – Е.З.) бастау алады деген болжам ойға қонымдырақ. Қадырғали Жалайыридың жазуына қарағанда, Ырыс ханның әскері «Алаш мыңы» және «қатағандар» болып екіге бөлінген. 1627 жылы Алаш мыңы қатағандармен соғысып, оларды жеңген. Алаш мыңы әскері жүздіктерге бөлінетін. ХІV ғасырдан бастау алған осы жүйе үлкейе келе қазіргі үш жүзге айналды. Бұлар ең алғашқыда әскери бірлестіктер болатын. – Қазақтың құрамында жүзге кірмейтін рулар бар. Соның бірі – ноғай-қазақ. Сіз бұл рудың генетикалық тарихын зерттеп жатқаныңызды білеміз. Жалпы олар қайдан пайда болған? – Орта ғасырларда «қазақ» пен «ноғай» деген ұлттың аты емес, политоним сөздер болатын. Политоним – түрлі рулардан тұратын адамдардың саяси бірлестігі. Мысалы, Ноғай ордасына қараған адам ноғай, Қазақ хандығындағы адам қазақ аталатын. Яғни бұл дәл сол кезде ұлттық ерекшелікті емес, саяси бағыныштылықты білдірді. Шоқан Уәлихановтың жазуынша, қазақ пен ноғайдың арасы ажырап, жеке дара ұлт ретінде қалыптасуы 1598 жылы Ноғай ордасының билеушісі Орманбет би (Ораз Мұхаммед) өлгеннен кейін басталған. Ал ХVІІ ғасырдағы қалмақ шапқыншылығы қазақ пен ноғайдың түпкілікті бөлінуіне ықпал етті. Қазаққа жақын орналасқан ноғай рулары қазақ болып кетсе, бір бөлігі қарақалпақ ұлтына айналды. Ал батыс жақтағы рулар өз алдына ноғай халқы болып қалыптасты. Одан кейінгі ғасырларда да ноғай халқының кейбір рулары қазаққа қосылып отырған. Соның ішінде бесқасқа беріш пен ноғай-қазақты айтсақ болады. Алғашқыда ноғай-қазақтар төлеңгіттер секілді ханға жақын, белгілі бір артықшылыққа ие адамдар еді. Кейін келе олар жергілікті халықпен етене жақын араласып, толықтай қазақ болып кетті. Жалпы ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда ноғайдан басқа түрікмен, қырғыз, қарақалпақ, татар, башқұрт, тіпті орыс этносының кейбір бөліктері де қазақтың құрамына қосылып отырған. Екі-үш ұрпақ ауысқаннан кейін олар да толықтай қазаққа айналды. Қазіргі белгілі әрбір ұлтта мұндай факт жеткілікті. Бұл тіпті бізді кең болуға міндеттеуі керек. Тәңіршілдік – пұтқақұлдықтың жаңа түрі

– Қазір қоғамда «тәңіршілдік – қазақтың ұлттық діні» дейтін бір топ пайда болды. Осыған тарихшы ретіндегі пікіріңізді білгім келеді. Орта ғасырда біздің ата-бабамыз тәңіршілдік дінін ұстанған деген дерек бар ма?

 – Қазақ хандығы құрылған кезде біз толықтай мұсылман едік. Ал қазір кейбір адамдар тәңіршілдік дегенде оны бұрынғы ғұндардың, моңғолдардың, түркілердің, алтайлықтардың, т.б. ежелгі діні деп ойлайды, тіпті солай көрсеткісі келеді. Шын мәнінде аталған тайпалар мен рулардың сенімдері әртүрлі болған. Ол уақыттағы тәңір діні жайында біз өте аз білеміз. Тарихи деректер жоқтың қасы. Ешқандай ескерткіштер де қалмаған, қасиетті жазбалары да жоқ. Өзіңіз айтып отырған кей адамдар исламға қатысты емес салт-жоралғының бәрін тәңіршілдікке теліп жүр. Бірақ шын мәнінде олардың шығу төркіні әртүрлі. Мысалы отпен аластау – зороастризмнен келген сенім. Тәңіршілдердің салты деп жүрген кейбір ритуалдардың арасында монихейлік, несториандық наным-сенімдерден, шаманизмнен кіргендері де бар. Исламға дейінгі бабаларымыз Тәңірге сенгені рас, бірақ сол ұстанған діндері қандай болды деген сұраққа нақты жауап жоқ. Сондықтан қазіргі «тәңіршілдік» – сол адамдардың өздері ойдан шығарып жүрген пұтқа табынушылықтың жаңа түрі. Бұндай үрдіс тек біздің елімізде ғана болып жатқан жоқ. Мысалы Ресейде, Германияда, басқа да елдерде ықылым замандағы наным-сенімдерін тірілтуге бағытталған түрлі қозғалыстар бар. Орыстар арасында славян мифологиясындағы Перун құдайына табынушылықты оятқысы келетін топтар пайда болды. Францияда кельт құдайларын пір тұтатын ағымдар көрініс тауып жатыр. Мұның бәрі бір қарағанда ескіні жаңғырту болып көрінгенімен, шын мәнінде жаңадан пайда болған пұтқа табынушылықтың көрінісі ғана.

 – Сол тәңіршілдер айтатын сөздің бірі – «Қазаққа исламды әкелген Ресей патшайымы Екатерина». Ол татар молдаларын қазақ даласына жіберіп, бізді мұсылман қылыпты-мыс. Бұл сөздер қаншалықты шындыққа саяды?

 – Ешқандай негізі жоқ пайым. ХVІІІ ғасырда қазақтың саны бірнеше есеге көбейіп, жоңғардан, басқа да халықтардан қайтарған жеріміздің аумағы ұлғайғандықтан, халыққа дінді үйрететін молдаға сұраныс артқаны белгілі. Сондықтан ата-бабамыз татар мен Орта Азия халықтарынан имам-молдаларды алдырып, жағдайын жасап, елге дін үйретуді жолға қойған. Оларды Ресей патшайымы қаржыландырып, қазақ даласына жіберді деген бос сөз. Егер қазақ ауылдарының өзінде бұған сұраныс болмағанда патшаның жіберуімен сырттан келген дін таратушыны қабылдамас едік. Кейін патшалық Ресей тарапынан қазақты шоқындыруға талпыныс болғанын білеміз. Бірақ одан ештеңе шықпады. Себебі ел ішінде қолдау тапқан жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет!
 Kazislam.kz

 

Дереккөз: казислам.кз

Пікірлер Кіру