ТӘУБЕ – ҚАЙТУ ДЕГЕН МАҒЫНАНЫ БІЛДІРЕДІ

04 қаңтар 2025 269 0
Оқу режимі

Тәубе – қайту деген мағынаны білдіреді. Иә, қайту. Құдайдың ізгілік жолына қайту. Өзіңнің таза қалпыңа, саф рухыңа қайту.

Әсілінде, күнә атаулы Алладан алыстап, байланыс әлсірегенде  жасалады. Ендеше тәубе, Құдайға байланған алтын қазығыңа қайта оралу.

Адам барынша әдейі күнә жасамауға тырысуы тиіс. Бірақ әлсіздік танытып, күнә мен қателікке ұрынуы оның табиғы болмысы. Бір хадисте: “Сендер мүлде күнә жасамайтын болғандарыңда Алла сендерді кетіріп, орындарыңа күнә жасайтын басқа бір қауымды әкелер еді. Олар күнәларына кешірім сұрап, тәубе етеді. Алла да оларды кешіреді.” делінген.

Иә, Алланың мүлде қателік жасамайтын, күнә атаулыдан қорғалған періште тәрізді пәк жаратылысы онсыз да бар. Аллаға күнәға ұрынса да, қатесіне өкініп, кемшілігіне кешірім сұрап, тәубе ететін адам сияқты жаратылыс керек. Себебі Алланың “Раззақ” есімі рызық беруді, “Жаратушы” есімі жаратуды қалағаны секілді, аса кешірімді делінген “Ғаффар” есімі де кешіргенді қалайды. Қате мен күнә жоқ болса, Құдайдың “Ғаффар” есімі де көрініс таппақ емес. Сондықтан қателік жасауға бейім адам жаратылған.  Жоғарыдағы хадистің мәнісі де осы.

Қысқасы адам пенде. Кейде артық кетіп сүрінеміз, кейде кем кетіп мүдіреміз. Енді  бірде әлсіздік танытып, жаңылсақ, басқа бір уақытта сабырымыз сарқылып  қателікке ұрынамыз. Қысқасы пенделігіміз сыр береді де тұрады.

Мұндайда адам өз қатесін мойындап, күнәсі үшін шын өкініп, Құдайдан кешірім сұрап, ақиқи тәубеге келуі керек. Жасаған күнәсі кісі ақысына қатысты болса, әуелі олардың разылығын алуы парыз. Себебі кісі ақысын иесі кешірмейінше Құдай да кешірмек емес. Бұл өмірлік өте маңызды қағида.

Шынайы тәубесі жасалған күнә – трамплин іспеттес адамды  рухани жетілдіріп, Аллаға бұрынғыдан да жақандата түседі. Қазіргінің тілімен айтқанда тәубе арқылы минусты плюске айналдыруымыз қажет. Бұл тұрғыда әзіреті Әли: “Адамды өкіндіріп, шынайы тәубеге әкелетін күнә іс тәкаппарлыққа итермелейтін мың игі істен әлде қайда қайырлы” деген.

Қайрат ЖОЛДЫБАЙ

Пікірлер Кіру