Тәуекел түбі - желқайық

23 қаңтар 2021 7625 0
Оқу режимі

Бүгінде өзіне сенімсіз, болашағын бұлыңғыр көретін бауырларға діни кеңес ұсынғым келіп отыр. Бұл кеңестер менің емес, Құран мен хадистің кеңестері. Ал ендеше, кеттік. Хазрет Омар (р.а.): «Сендер Хақ Тағалаға шынайы да, лайықты түрде тәуекел етер болсаңдар, құстай ризыққа кенелер едіңдер. Құс ұясынан таңертең жемсауы бос боп ұшып шығып, кешке толтырып қайтып келеді[1]», - деген риуаят жеткізеді.

 Иман

Құран Кәрімде: «Алла көкірегін Исламға ашқан біреу, міне сол Раббысынан берілген нұр үстінде, ал Алланы еске алудан жүректері қатып қалғандарға үлкен қасірет бар! Міне, солар анық адасуда[2]», - деп барлық нәрсе Алланың қалауымен болады, әрнәрсе Оның әміріне бойұсынады деген кәміл иман адам бойына үлкен күш-қуат береді. Сонымен бірге, қиындыққа мойымауға және еңсесі түспеуге бейім етеді. Ал, иманнан алыс адамның жағдайы жайлы: «Ал, кім Менің еске салуым Құраннан теріс бұрылса, оған тар өмір болады, әрі қайта тірілу күні оны соқыр күйде тірілтеміз[3]», - деп айтылған.

 Тәуекел

Тәуекел түбі желқайық өтесің де кетесің демекші, Ибраһимді (ғ.с.) Құдайдан безгендер отқа лақтырған кезде, пайғамбар: «Бізге Алла жетеді, Ол неткен ғажап Кепіл болушы», - деп нартәуекел етті. Алла Тағала да лаулап жалындап тұрған отты пайғамбарға салқын да зиянсыз етті. Сіз де өмір отына осы дұғаны айтып кіріңіз.

 Сабыр

Өмір күрес. Күресте қайсар мен табанды адамдар ғана жеңіске жетеді. Әрине, жерде отырған жығылмайды, сондықтан ешбір жетістікке жетпеген адамға ешкім өшіге қоймайды. Ал, мұраты биік, мақсаты үлкен адамның жауы да көп. Әр сәтте аяқтан шалуға дайын іші тар бейшаралар болады. Мұндайлар жеңісіңе іші күйіп, сүріне кетсең жан-тәнімен қуанады. Себебі, сен олардың алдында ешқашан кешірілмейтін күнә жасадың. Сен жетістікке жеттің. Сенің мақсатың іші тарлармен күрес емес, соны ұмытпа. Әрбір үрген итке тас лақтыра берсең, жерде тас қалмайды. Сенің мұратың алдыңа қойған белестерді бағындыру. Сондықтан, еңсеңді тік ұстап, тек алдыға ұмтыл. Көңіліңде уайым-қайғыға ешбір орын берме.

 Ұдайылық

Құран Кәрімде: «Ер немесе әйелден кім иманды болған күйде ізгі амал істесе, онда оны жақсы өмірмен жандандырамыз. Әрі олардың сыйын істеген амалдарынан артық етіп қайтарамыз[4]», - деген аят жақсылық істеуден шаршамауға және ізгілікті өмірлік мызғымай әдетке айналдыруға үндейді. Сіз де, көңілдің кірі іспетті уайымды жақсылық жасаумен жуып шайып тастаңыз.

Ал, енді мына хадиске қараңыз, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кісі үйінен шыққан кезде: бисмилла, тәуәккалту ғалә Алла, лә хаулә уә лә қууатә иллә биллаһ» (мағынасы: Алланың атымен шықтым, Аллаға тәуекел еттім. Күш-қуат беруші және айла-шарғыдан құтқарушы тек Алла) десе, сонда періштелер: тура жолға түсірілдің, барлық нәрсе саған жеткілікті болды һәм әрнәрседен қорғалдың»,-дейді де оның маңайындағы шайтандар алыстай түседі. Сонда бір шайтан өз серіктеріне: «тура жолға түсірілген, барлық нәрсе жеткілікті болған һәм әрнәрседен қорғалған кісіге қалай тиіспексің[5]», - дейді», - деп тәуекел еткен пенде Жаратқанның қамқорлығы мен қорғаны аясында жүретіндігін айтқан.


[1] Тирмизи

[2] Зүмәр сүресі, 22-аят

[3] Таһа сүресі, 124-аят

[4] Нахыл сүресі, 97-аят

[5] Әбу Дауд

Мұхаммед Ибраһим

Пікірлер Кіру