Таулар түтілген жүндей болатын күн

27 қазан 2020 5803 0
Оқу режимі

О дүниелік өмір қарсаңында бұл дүниедегі тіршілік атаулы бүтіндей тоқтайды. Мұны яғни, тіршіліктің тоқтау мерзімін «қиямет қайым» дейді. Қиямет қайымның болатындығын жер бетіндегі күллі діндер қабыл етеді. Өйткені, әлемнің жаратушысы Алла ерте ме, кеш пе қиямет қайымды болдырады. Құран аяттары да бұл мәселені ап-айқын растай түседі: «Уа, адамдар! Раббыларыңа асылық қылып, қаһарына ұшыраудан сақтаныңдар! (Біліп қойыңдар!) Шүбәсіз, қиямет күнінің зілзаласы алапат құбылыс. Сол күні бала емізетін әр ананың (қатты қорыққаннан) баласын ұмытқанын, әрбір жүкті әйелдің (және буаз жануардың) іш тастағанын көресің. Сондай-ақ адамдардың бәрін ес-түсінен айрылып теңселген мас күйде көресің, асылында, олар мас емес. Алайда Алланың азабы тым қатты» [1].

«Ол күні аспан бейне бір балқыған мыстай болады. Ал таулар түтілген түрлі-түсті жүндей болады. Ең жақын дос досының хал-жағдайын сұрамайды»[2].

«Аспан шатынап жарылған кезде. Жұлдыздар төгіліп, (үзілген моншақтың тастарындай) жан‑жаққа шашылған кезде. Теңіздер тасып, бір біріне қосылған кезде. Қабірлердің іші сыртына ақтарынған кезде. Міне, сонда әрбір жан (бұл дүниеден о дүниеге жақсы‑жаман) не жіберіп, артына не қалдырғанын анық білетін болады»[3].

«Сөйтіп ол (ақирет сенімін мазаққа айналдырып): «Әлгі қиямет күні қашан?», – деп сұрайды. Қатты үрейден көздер қарығып, қарауытқан, ай тұтылған және күн мен ай бір-бірімен тоғыстырылған кезде; Міне, сол күні адам баласы: «Қашатын жер бар ма?!», – дейді. Жо-жоқ, (ол күні) бас сауғалап, паналайтын жер жоқ! Ол күні бәрінің барар жері Раббыңның құзыры болмақ»[4].

Жоғарыдағы аяттарда қиямет қайымның адам шошитын аса қорқынышты болатындығының бір қырын Алла Тағала алдын ала адамзатқа білдіріп отыр. Егер мұншалықты дәлелге сенбеген адам болса, ондай пендеге Алла жәрдемші болсын деуден басқа айтар сөзіміз жоқ.

Құранда қияметтік кезеңмен байланысты мынадай сөздер бар: әс-Саат (уақыт), әл-Уақия, (нақты түрде болатын), әт-Тамматул кубра (үлкен апат, үлкен азап), әл-Хаққа (ақиқат болған), әл-Ғашия (азабымен бірден елді орап әкететін), әл-Қария (орайтын азап).

Енді қиямет қайымның уақытына келер болсақ, бұл жайында ешбір пенденің, тіпті Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар мен оған уахи әкелген Жәбірейлдің, Сурға үрлеуші Исрафилдің де мағлұматы жоқ. Қиямет қайымның қашан болатындығын жалғыз Алла қана біледі. Бұл жайында Құранда Алла былай дейді:

«Расында, қиямет-қайымның қай сағатта орнайтындығы жайлы нақты мәлімет бір Алланың құзырында»[5].

«(Уа, Мұхаммед!): Олар сенен қиямет-қайымның қашан орнайтынын сұрайды. Оларға: «Ол жайлы нақты мәлімет Раббымның жанында», – деп айт. Одан өзге ешкім де оның кесімді уақытын дөп басып ашып айта алмайды. Қиямет-қайым күллі аспан әлемі мен жердегі күллі жаратылыс атаулыға өте ауыр тиетін алапат құбылыс. Ол сендерге аяқ астынан келеді. Сен қияметтің уақытын қатты білгің келіп, зерттеп жүргендей олар сенен қайта-қайта сұрай береді. Ендеше: «Ол жайлы нақты мәлімет Алланың жанында. Алайда адамдардың дені бұл ақиқатты білмейді», – деп айт»[6].

Жоғарыда Хазіреті Пайғамбарымыздың бір хадисінде Жәбірейіл періштеге қиямет қайымның қашан болатындығын білмейтіндігін айтқаны жайлы сөз қозғалған болатын. Яғни, Жәбірейіл періште бейтаныс бір адам кейпінде Хазіреті Пайғамбарымыздан «Ислам, иман, ихсан және қиямет» хақында сұрайды. Сонда соңғы сұраққа қатысты Хазіреті Пайғамбарымыз: «Сұралушы кісі сұрап отырған кісіден артық білмейді», - деп жауап береді. Мұнан түйетініміз, мұсылман үшін қияметтің қашан болатындығынан гөрі оның мәніне үңілу аса маңызды болмақ. Яғни, «қиямет болып қалса, мен о дүниеге нендей рухани байлығыммен барамын?», «амалдарымның сауабы қаншалықты?», «біліп-білмей істеген үлкенді-кішілі күнәларыма толықтай тәубе ете алдым ба?» деген секілді иман мәселесіне қатысты сан сұраққа бас ауыртып, соған қарай құлшылығыңызға адал болып, ақыреттің қамын ойлай түскеніңіз абзал. Себебі, қиямет Алланың қалауымен болатындықтан күтпеген уақытта келуі де ғажап емес.

Смайыл Сейтбеков

 


[1] «Хаж» сүресі, 1-2 – аяттар
[2] «Мағариж» сүресі, 8-10 – аяттар
[3] «Инфитар» сүресі, 1-5 - аяттар
[4] «Қиямет» сүресі, 6-12 – аяттар
[5] «Лұқман» сүресі, 34-аят
[6] «Ағраф» сүресі, 187-аят
 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру