Тілім – дінімнің тірегі

24 маусым 2021 5800 0
Оқу режимі

Қасиетті Құран Кәрімде: «Әр пайғамбарды ашық түсіндірсін деп елінің тілінде ғана жібердік...[1]», – деген келтіріледі. Расында, тіл тек бір-бірін ұғынысу, түсінісу және қарым-қатынас құралы ғана емес. Ол – адамның бар болмысын көрсететін жан дүниесінің айнасы. Кез келген ұлттың діні мен ділі оның тілінде көрініс табатыны сөзсіз.

Қазақтың батыр ақыны Махамбеттің бір жырында бұл жағдай былай суреттеледі: «Мұсылманшылық кімде жоқ, Тілде бар да, дінде жоқ». Ақиық ақынның бұл жырынан сол уақытта сенімінен қол үзіп бар жатқан халықтың мұсылманшылығы тілінде тұнық сақталғанын байқауға болады. Расында, қазақ халық ауыз әдебиетін қай нұсқасын алып қарасақ та, ата-бабаларымыздың асыл дінге деген ерекше құрметін байқаймыз. Сондай-ақ, тіл тазалығын да ұмытпағанын аңғару болады.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, кез келген тілдің қалыптасуы жолында ұлттың, сол ұлтты құрайтын адамдардың сенімі мен дүниетанымы әсер ететіні сөзсіз. Қазақтың тіліне де мұсылмандық терең бойлап, ерекше өң берген. Ислам сенімі сүйегіне сіңген қазақтың тілінде діни терминдер көптеп ене отырып, тұрмыс-салтында кеңінен қолданыс тапқан. Тілімізде аманат, адал, әділет, тәуекел, шүкір, қанағат, сабыр секілді көптеген сөздер бар. Бұл тізімді әлі де ұзақ жалғастыруға болады. Мұның барлығын қазақ тіліне ислам діні алып келген. Алайда, айтпағымыз жалғыз бұл емес. Ата-бабаларымыз араб даласынан келген діни терминдерді қаз-қалпында қазақ тіліне енгізе салмаған. Тілдік, дыбыстық заңдылықтарымызға сәйкестеп, ұлттық ұғымымызға лайықтап, кейде, тіпті, тәржімалап отырған.

Мысал ретінде мұсылмандық сенім себепті тұрмысымызға енген көптеген тұрақты тіркестерді талдап көрелік.

«Момын адам». Әдетте, ешкімге зәредей зияны жоқ жаны таза адамды  момын деп айтады. Бұл атау мүмін сөзінен алынған. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мүмін – адамдар тілінен де, іс-әрекетінен де зиян көрмейтін жан», –деп анықтама берген.

«Таң азанымен». Әсілі, бұл азан шақыру сөзінен туған. Ал, мұсылманның таң атысымен ең әуелгі орындайтын амалы – азан шақырып, намаз оқу. Ал, қазақтың «бесін кезінде, екінті уақыты, ақшам болғанда» деген сөздері де уақытын бес уақыт намазбен белгілегенін және бес намазына берік болғанын көрсетсе керек.

«Таңсәрі». Бұл таң уақыты кірмес бұрынғы аралық. Сәресі – ораза тұтушының тамақтанатын уақыты. Бұл да қазақтың намаз және ораза сынды Ислам негізі боп табылатын парыздарды берік орындағанынын бір айғағы.

Бұл мысалдар тілімізге сырттан енген сөздердің қаз-қалпында қабылдана салмай, өзгеріске ұшырап отырғанына айқын дәлел болатыны анық.

Ал, қазіргі таңда бауырын «брат», қарындасын «сестра» дейтін қара көздер көп-ақ. Сондай-ақ, соңғы уақыттары бір-біріне «ахи» дейтіндердің де көбейіп бара жатқаны жанымызға батады. Олардың дін ұстаймын деп жат ағым қолында қуыршақ болуына бірден-бір себеп – өз ана тілін өгейсінуінде. Қарап тұрсаңыз, қазақ тілінде кез келген сөздің өзіндік аудармасы немесе баламасы бар. Соларды ысырып қойып, өзге ұлттың сөзін қолдану – біздің тақуалығымызды көрсетпейді, керісінше өз ана тілімізге деген құрметтің жоқтығын білдіреді. Қасиетті Құран Кәрімде: «Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық[2]», – делінген. Демек, біздердің түрлі ұлттар болып жаратылуымыз – Алла Тағала қалауы. Сондықтан ана тілімізді ардақтап, салт-дәстүрімізді құрметтей білу – Отан алдындағы парызымыз. Жаңағы аяттың жалғасында: «Шынында, Алланың қасында ең ардақтыларың – тақуаларың[3]», – деп келеді.

Жоғарыда айтқанымыздай, тақуалық арабтың немесе басқа ұлттың сөзін оңды-солды қолдана беру емес, тақуалық – көркем мінезбен, терең іліммен келетін дүние. Ал, тілімізде кез келген ұғымды білдіретін сөздер жеткілікті. Тіпті, бір ғана сөздің бірнеше синонимдерін кездестіруге болады. Тіл дегеніміз – сол ұлттың тарихы. Тілімізді зерделей келе сонау алыс замандардың шежіресін ұғынуға болады. Ұлтымыздың басынан өткерген талай қиын-қыстау шақта тілге дін тіреу, ал дін тілге қорған болды. Қазақтың отаршылдық саясатына төтеп берген оның қос қанаты: діні мен тілі екенін ұмытпайық. Ана тілін білмей, ата-бабамыздың асыл дінді қалай ұстанғанын ұғыну мүмкін емес. Тілі шұбар, ділі дүбәра боп бара жатқан қара көз іні-қарындастарыма айтарымыз, қазақтың ділі мен тілінің арасындағы байланыс болмай, мұсылманшылықты мейлінше дұрыс ұстау қиындау екенін ескерген жөн.

Бағдат Абдукаримов


[1] «Ибраһим» сүресі, 4-аят
[2] «Хужурат» сүресі, 13-аят
[3] «Хужурат» сүресі, 13-аят

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру