ЗАМАНАҚЫР БЕЛГІСІ Ақыт ҮЛІМЖІҰЛЫ (1867-1940)
Ақыт ҮЛІМЖІҰЛЫ (1867-1940)
Ақыт Қажы Үлімжіұлы - атақты қазақ ақыны, діни қайраткері, халық ағартушысы. Шығыс Түркістандағы Алтай аймағының Көктоғай ауданында дүниеге келді. Бала кезінен бастап ауыл молдасынан, одан кейін Бұқар медресесінде дәріс алып араб, парсы тілдер, сондай-ақ шариғат пен тәжуитті үйренген. 1908 жылы Алтай, Қобда аймақтары қажылар тобының аудармашы ретінде Меккеге қажыға сапар шегіп барады. 1910 ж. елге қайтып келген соң, Сарытоғай ауылында мектеп ашып мұғалім болады. 1939 жылы Шэнь Шицайдің үкіметіне наразы шыққан халық көтерілісіне белсене қатысқаны үшін ұсталып қамалды да, 1940 жылы абақтыда қайтыс болды.
ЗАМАНАҚЫР БЕЛГІСІ
Ғарып Ақыт мекені,
Алтай таудың өр басы.
Алтайда бұлбұл сайрадым,
Көк орайға жайладым.
Тәуекел деп әр істі,
Алладан мәдет айладым.
Таупих берсін Құдайым
Аз ғана ғұмыр жасымда.
Бұлғақтайды кей надан,
Жігіттіктің масында.
Ақылың болса жігіттер,
Өзіңді мақтап асырма.
Бір Құдайдан басқаға,
Бас кессе де бас ұрма!
Ұяттан өлмей ер жігіт,
Өсек сөзді тасыр ма?
«жаным, жаным» десе де,
Жат қотырын қасыр ма?
Жігерің болса жігіттер,
Жігіңді бөліп ашылма!
… Артын ойла азамат,
Мыңға келер жан бар ма?
Бәрі түгел демеңдер,
Жоқ болмайтын мал бар ма?
Жалғанды тәтті демеңдер,
Боқ болмайтын бал бар ма?
Қарды зәрлі демеңдер,
Қарлы жерде зәр бар ма?
Қараша надан демеңіз,
Қарасыз жерде хан бар ма?
Таусыз жерде сай бар ма?
Сусыз жерде тал бар ма?
Құдайдан басқа бәрі жұп,
Байсыз жерде жар бар ма?..
От болдым деп шоқ болма,
Өрт сөндірер теңіз көп.
Көп болдым деп топтанба,
Бір Құдайдан неңіз көп?
Лә илләһа илла Алла,
Дәйім Алла деңіз бек!
...Пайғамбар айтқан тегінде,
Болады деп ғаламат.
Ақыр заман кезінде,
Адам пенде азар деп,
Құдайынан жазар деп.
Алдын байқап аңдамас,
Келсе-дағы ажал деп.
Төреге қара көнбес деп,
Тізгінін тура бермес деп.
Жақсыға жаман ермес деп,
Бай кедейді көрмес деп.
Заманақыр кезінде,
Жер күйеді деп еді.
Жаласынан қатынның,
Ер күйеді деп еді.
…Ел билеген ұлықтар
Надан болар деп еді,
Қарағай басын қайырып,
Шортан шалар деп еді.
Шортан деген мәнісі –
Байын билеп қатындар,
Діннен азар деп еді.
Ақыр заман ғалымдар,
Солардан шығар залымдар,
Несі қалды шықпаған
Байқап құлақ салыңдар.
Сөз тыңдаңдар жамағат,
Жасың менен кәрің бар.
Надан кетер кекиіп,
Тәкапарсып шекиіп,
Молласы қалар жайында,
Тасқа шыққан ешкідей,
Жеке ғана секиіп.
…Айналасы дүниенің,
Мұхит теңіз айналған.
Құдай таупих берген жан,
Құлшылықтан пайда алған.
Тентіреп жүрміз мал, мал деп,
Өлмей қайсы бай қалған.
Жаяумыз деп кедей жүр,
Ат мінеді деген сөз бар ма,
Қыл көпірден айдалған.
Бұл жерде жүрміз көп молла,
Моллалықтың пайдасы,
Ысқат, зекет жеп молла.
Ақірет ісімен жұмыс жоқ,
Жан сақтауға сеп молла.
Халал мен харам тексермей,
Атамыз болса тек молла.
Тамаққа тойса қош айтып,
Молласып, мұртын шошайтып,
Күнә қылсаң кешер деп,
Шариғат сөзін бос айтып.
Мәселені ұқтырмай,
Әңгіме дүкен қоса айтып.
Бір шәй берсе жылмыңдап,
Келіншек қызға қылмыңдап.
Кедей келсе кекиіп,
Байға барса жырбыңдап.
Анық молла кез келсе,
Мініңді түзер тез келсе,
Бетінен алсаң тырбыңдап.
Білімсіз көрсе молласып,
Молла көрсе жолдассып,
Құдай мейір қылмаса,
Қай ісіміз бізді оңдасын!
ЖАН СЫРЫ
…Мына сөзім қатынға,
Құлағың сал жақында.
Біссімілләсіз ұстасаң,
Береке болмас асыңда.
Ашылса шашың бұрқырап,
Періште тұрмас қасыңда.
Ақыл айтса күйеуің,
Өз сөзіңді асырма.
Байыңменен соттасып,
Басқаға барып бас ұрма.
Тіліңді байға тигізіп,
Шариғат жолын жасырма.
Намаз оқып, бой күтіп,
Өз дініңді асылда.
Сөз сөйлесең жуандап,
Қонақ келсе қуаңдап,
Берекеңді қашырма.
Бала көрсең ұрыспа,
Абысынмен жұлыспа.
Күндесің болса бойыңда,
Шарқая мінез қылыспа.
Төсектен байың ауған күн,
Кешке дейін тырыспа.
Шәй ішетін кісіден,
Шыға қашпа қырындап,
Қонақ қонған кісіге
Ренжіме ернің жыбырлап.
Жас бозбала көргенде,
Күле берме ыржыңдап.
Біреуге қыссаң көзіңді,
Қиямет күні болғанда,
От қорғасын құйылмақ.
Байыңа қылма қиянат.
Құдай қосқан тиянақ.
Намаз оқып ер күтсең,
Иман тұрар ұялап.
Алдынан орап еріңнің,
Көп сөйлеме суылдап.
Үй арасын бүлдіріп,
Өсек айтпа сымпылдап.
Ұлы-кәрі отырса,
Күле берме жырқылдап.
Әдепті болса – иман сол,
Өнерлі болсаң – жиған сол.
Түзу жүріс, халал ой,
Өз нәпсісін тиған сол.
Күйеуін күтіп қатындар,
Бес парызды өтесе,
Шариғатқа сыйған сол.
Дүниеде бақи кім тұрар,
Рас-ау деп тыңдашы,
Жазудан Ақыт ерінбес,
Құлақ салса мұңдасы.
Өлім күнін ойланбай,
Шариғатты бұрмашы.
Ажал ақыр келер күн,
Әркімнің пақыр бір басы,
Жасөспірім құрбылар,
Арамнан алып малданып,
Жын-шайтанға алданып,
Жалғанда күнә қылмашы.
Басқа жұртқа қарасаң,
Мұсылманның бағы бар,
Сол болады бақ деген,
Құраннан діні табылар.
Құранға жүрек бермесең,
Қатты күнә тағылар.
Аят, хадис сөздерін,
Анық біліп, танып ал!..
…Жаман қатын белгісі,
Бетіңе қарап күле алмас.
Жүз жыл жолдас болса да,
Мінезіңді біле алмас.
Ер қарызы аманат,
Таза сақтап жүре алмас.
Мейман келсе үйіне,
Баласын ұрып жылатар,
Орағытып құманын,
От басынан құлатар.
Өлшеусіз ішіп ас-суын,
Елден соғым сұратар.
Сондай қатын ерінің,
Бақ-дәулетін құлатар.
Балаға болса шарқая,
Мінезі болса тез қатар.
Теріс қарап тоңқайып,
Төсегінде ол жатар.
Керегіне өз байын,
Иықтан тартып сөз қатар.
Адам мұндай болған соң,
Тиымы жоқ тілінің,
Қызың өсті тұлымды.
Жас қатындар сайрандап,
Еркекке таман тайраңдап,
Көрінісі беріп көлденең,
Қасқайып қарап қоймаңдап,
Еркі қолға тиген соң,
Қуанады жайраңдап.
Қынама киіп қылтиып,
Құйрығы шығып бұлтиып,
Омырауы ашылып,
Шашы бұрқырап шашылып,
Өңірі қашып тыртиып,
Мінезін жасап жайдары,
Иіс сабын майлары,
Дүрім солай болған соң,
Бұлғақ-бұлғақ бойлары.
Байқасаңыз ұрғашы –
Ақ шылауышпен айдынды.
Бәйтеректей бүрленіп,
Безенетін түрленіп,
Қарасаң көзің сүрініп,
Кетер еді түрленіп.
Жақсы да жаманы
Осындай қатын елде бар.
Жақсы қатын әр ауыл,
Санамалы жерде бар.
Бойдақ жүрген жігіттер,
Қатын алсаң жөндеп ал!
Ақыт қажы ҮЛІМЖІҰЛЫ
Qanat Zhanatuly фб парақшасынан
·