ЗЕКЕТ АЛУҒА КІМДЕР ҚҰҚЫЛЫ?

03 қаңтар 2024 2018 0
Оқу режимі

Шариғат бойынша күнделікті тұрмыста қолданылатын негізгі қажеттілігі мен қарызынан тыс, нисаб көлеміне жететін байлығы бар, балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылман үшін жылына бір рет зекет беру – парыз айн. Зекет берілетін адамдарды Алла Тағала Құран Кәрімде «Тәубе» сүресінің 60-аятында айтып өткен: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер) кедейлерге, міскіндерге, зекет жинаушыларға, жаңа мұсылмандарға, құлдарға, борыштыларға, Алла жолында жүргендерге, жолаушыға беріледі», – деген.

Зияд бин Харистен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте бір кісінің Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзіне зекет беруін сұрағаны айтылады. Сонда Алла елшісі: «Алла Тағала зекет мәселесінде Пайғамбардың да, басқаның да үкіміне разы болмайды. Өйткені Құранда зекетті сегіз түрлі топтың алатыны айтылған. Егер сен осы сегіз түрлі адамның бірі болсаң, саған өз хақыңды беремін», – деген.

Демек зекет сегіз түрлі адамға беріледі. Олар – кедей-кепшіктер, міскіндер, зекет жинауға көмектесушілер, дінге жаңадан кірушілер, өз бостандығы үшін жүрген құлдар, қарызға батқандар, Алла жолында жүргендер, пақыр жолаушылар.

Зекетті басқа дін өкілдеріне (яғни мұсылман емес адамдарға), байларға және байлардың балаларына, әке-шешесіне, ата-әжесіне, ұрпақтарына (балаларына, немерелеріне) және ерлі-зайыптылар бірбіріне беруіне болмайды.

Жалпы зекетті (садақаны) ең алдымен аға-інілері мен әпке-қарындастарына және олардың балаларына, әке жағынан ағалары мен апаларына және олардың балаларына, нағашылары мен нағашы апаларына және олардың балаларына, ағайындарына, көршілеріне, бірге жұмыс істейтіндерге және бір ауылда не қалада тұратындарға (егер олар зекет алатын адамдар болса) берген жақсырақ.

Садақа, зекетті бергенде, жоғарыда айтқанымыздай, ең әуелі туысқандарынан, көршілерінен бастайды. Егер туысқандары, көршілері зекет алатын адам болмаса, онда сол елдегі кедейлерге және басқа да зекет алатын адамдарға берілуі қажет. Зекетті еш себепсіз басқа жерге жіберу мәкруһ болып саналады. Тек қана басқа елде зекетке мұқтаж өзінің туысы, т.с.с. жағдайлар болса, зекетті басқа жаққа жіберуге рұқсат етіледі.

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы

«Иман» журналы, №12, 2023 жыл

 

Дереккөз: ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

Пікірлер Кіру