ЗЕКЕТ – ИМАННЫҢ ДӘЛЕЛІ

11 мамыр 2022 6361 0
Оқу режимі

Зекет – Исламның негізгі бес парызының бірі. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ислам бес негізге құрылған: Алла Тағаладан басқа құдайдың жоқтығына және Мұхаммед Алла елшісі екендігіне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, қажылық жасау және рамазан оразасы[1]», – деп үйреткен. Мал-дүниемен жасалатын бұл ғибадат пенденің жүрегін пәктейді. Алла Тағала Құран Кәрімде: «(Мұхаммед (ғ.с.) олардың малдарынан садақа ал да, ол арқылы оларды тазартып, берекелендіресің...[2]», – деп, зекет құлшылығы мұсылманды және оның мал-дүниесін тазартып әрі берекет беретіндігін білдіруде. Иә, зекет – тазарту, көбейту және молайту деген мағынаны білдіреді.

Зекет – пендені Жаратушысына жақындата түсетін ғибадат. Бай-дәулетті мұсылман зекетін толығымен, барлық шарттарына сай, шын ниетімен, мақтан және риясыз, тек Алла Тағаланың разылығын үміт етіп берсе, бұл амалы оның тозақтан құтылып, жәннатқа кіруіне үлкен себеп болады. Құран Кәрімде: «Аса тақуа болған одан (тозақтан) алыстатылады. Ол (тақуалар) малын сарп етіп тазарғандар. Оның онда ешкімге берер еселі сыйлығы жоқ. Бірақ Ұлы Раббысының ризалығын ғана іздейді. Сондай-ақ, ол таяуда разы болады[3]», – деп баяндалған. Аят Әбу Бәкір (р.а.) хақында түскен. Алайда, аят мағынасы – қолындағы дүниесін сауапты іске жұмсаған барша тақуа мұсылмандарға қатысты.

Құран Кәрімде намаз бен зекет қатар айтылады. Алла Тағала: «Намазды толық орындаңдар, зекет беріңдер. Өздерің үшін ілгері бір жақсылық жолдасаңдар, оны Алланың құзырында табасыңдар. Шынында Алла (Т.) не істегендеріңді толық көруші[4]» және сондай-ақ: «Олар ғибадатты, нағыз Аллаға шынайы ынтамен бір беткей түрде орындаулары, намаз оқулары, зекет берулері үшін әмір етілген. Міне осы, тұп-тура дін[5]», – деп әмір етуде. Оның сыры намаз – нұр, зекет – иманның дәлелі.

Зекет мұсылманның жанын да, тәнін де түрлі пәлекеттен тазартады. Мұсылман мал-мүлкінің зекетін шығарумен өз бойындағы сараңдық және дүниеқұмарлық атты жаман кесірлі қасиеттен арылады. Ең маңыздысы мұсылман тілімен айтқан иманын зекетпен растайды және дәлелдейді. Себебі, зекет – пенде иманын сынаушы құлшылық. Сіз бен біз: «Лә иләһа иллә Аллаһ» «Алла Тағаладан басқа құдай жоқ» деп, құлшылыққа лайықты және шынайы махаббатқа лайықты тек Алла Тағала деп тілімізбен  куәлік етеміз. Бірақ осы айтқан «шаһадат» сөзі шын жүректен шыққанын растауды қажет етеді. Айтқан сөзін шынымен-ақ, жүрегімен қабылдағанын көрсету керек. Міне, сол дәлел – зекет беру. Зекет – тілмен айтылған шаһадаттың ділге бек орныққанын растайтын ең үлкен дәлелдердің бірі. Сол себепті де пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Намаз – нұр, ал зекет – дәлел», – деген.

Мұның сыры – адам баласы дүниені ерекше қатты жақсы көреді. Мал-дүние дегенде адам баласының шығар жаны бөлек. Тіпті, ең жақын туысына да қимайды. Сараңдық етеді. Жабир (р.а.): «Бір кісі: Уа, Алла елшісі! Адам мал-дүниесінің зекетін берсе не болады? – деп сұрағанында, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Кімде-кім малының зекетін берсе, бойынан ашкөздік, сараңдық кетеді, – деп жауап берді[6]», – деп әңгімелейді.

Иә, бай-дәулетті адам Жаратушының әміріне бойұсынып, дүниесінен тиесілі қырықтан бір мөлшерін зекет етіп, шын жүрегімен берсе, Алла Тағаланы жақсы көретіндігін дәлелдейді. Әрі бұл байлықты Алла Тағала бергендігін мойындауы. Ал, Құрандағы Қарун сияқты «жоқ, мал-дүниені маған ешкім берген жоқ. Өз маңдай теріммен таптым» деп күпірлік етіп, зекетін беруден бас тартса, иманында кемшілік болғаны.

Зекет – ерікті ғибадат емес. Бұл – Алла Тағаланың әмірі. Ал, Жаратушысының жарлығына бойынсұну жәннатқа жетелейтіндігі белгілі. Әбу Һурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Пенде егер бес уақыт намазын оқыса, рамазан оразасын тұтса, мал-дүниесінен зекетін шығарып берсе және жеті үлкен күнәдан сақтанса, жәннаттың қақпалары оған ашылып: «Амандықпен кір» деп айтылады[7]», –деген сөзін риуаят етеді.

Әрине, зекет беру – тек бай-дәулетті мұсылмандарға парыз. Оның белгілі шариғи шарттары бар. Мұсылман қолындағы мүлкі нисап (85гр.алтын) мөлшеріне жетуі, ол қаражат өз қажетінен артық болуы және толық бір жыл бойы қолында сақталуы керек. Ал, осы шарттардың бірі табылмаса, зекет беру мұсылманға парыз емес. Міне, дінімізде мұсылман көтере алмайтын міндетті жүктемейді. Ислам – жеңілдік діні.

Әбу Һурайра (р.а.) риуаяты: «Бір кісі пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп: «Маған жәннатқа кіруіме себеп болатын амалды айтыңыз»,– деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағалаға құлшылық ет, Оған серік қоспа. Парыз намазыңды оқы және парыз зекетіңді бер һәм рамазан оразасын ұста», – деді. Әлгі кісі: «Уаллаһи, бұл амалдан артық ешнәрсе істемеймін», – деді де кете барды. Ол кеткен соң пайғамбар (с.ғ.с.): «Кімде-кім жәннаттық кісіні өз көзімен көргісі келсе, міне анау кісіге қарасын», – деген екен. Жәннатқа кіру үшін Алла Тағаланың ризашылығына бөлену керек. Жоғарыда хадисте айтылған амалдардың ішінде зекет те бар.

Мал-дүние жеміс ағашы іспетті. Жеміс ағашынан мол өнім алғысы келген бағбан ағаштың керек емес бұтақтарын көктем мен күзде қырқып отыру қажет. Әйтпеген жағдайда, артық бұтақтар нәрдің барлығын өзіне тартып, нәтижесінде ағаш ойлағандай жеміс бермейді. Зекет те солай. Зекет мал-дүниені құрып кетуден сақтайды. Және мал-дүниенің молаюына, өсуіне және берекет кіруіне себеп болады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немересі Хасан және бір топ сахаба: «Мал-дүниелеріңді зекетпен қорғаңдар, науқастарыңды садақамен емдеңдер және сынақ пен қиыншылық толқынын (Алла Тағалаға шынайы дұға жасап) жылаумен және бас июмен қарсы алыңдар[8]», – деген хадисті риуаят еткен.

Зекет – мұсылманның жаны мен мал-дүниесін тазартумен қатар қоғамдық әлеуметтік мәселелерді шешуші құрал. Зекет құлшылығы қоғамдағы әлеуметтік тепе-теңдікті сақтауға ықпал етеді. Қоғамда мұқтаждар мен жоқ-жітіктердің көбейіп кетуінің алдын алады. Елдің бай-дәулеттілері зекет құлшылығын дұрыс орындайтын болса, қоғамда аш-жалаңаш пен мұқтаждар атымен жойылары хақ. Құран Кәрімде: «Алланың кеңшілігінен өздеріне берген нәрселеріне сараңдық істегендер, олардың сараңдық қылған нәрселері, қиямет күні өздерінің мойындарына оралады. Сондай-ақ, көктер мен жердің мирасы Алланікі. Әрі Алла олардың не істегендерін толық біледі[9]», – ескертеді. Адамның қолындағы байлық Алла Тағаланың берген кеңшілігі екенін ұмытпағаны жөн. Нағыз байлық күміс пен алтын емес, шынайы байлық жүректегі иман және ізгі амал екенін жадымыздан бір сәтке де шығармайық.

Иә, негізі мал-дүние – Алла Тағаланікі. Хақ тағала пенделерге «қалай жұмсайды екен» деген сынақпен мал-дүние береді. Соңынан дүниені қалай тапқаны және қалай жұмсағанын есебін алады. Дүниені адал жолмен тауып, оны көркем түрде шариғатқа сай қолданған пенде Алла тағалаға құлшылық еткен болып, ризашылығына бөленеді. Ал, харам жолмен бір малын екі етсе, оны жаман жолға жұмсаса бақытсыздыққа тап болады.

Зекет – адамның нәпсісі мен иманын сынау үшін және мінез-құлығы мен әлеуметтік теңсіздікті түзету үшін парыз болған құлшылық. Зекеттің қоғамдық сырына келсек, қол созып тұрған мұқтаждың көңіліне қуаныш сыйлайды. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) ең абзал амал жайлы сұрағанда: «Мұсылманның бір қарызын өтеп берумен, бір мұң-мұқтаждығын шешумен және бір қайғысын сейілтумен көңіліне қуаныш сыйлау», – деген екен.

Дәулетті адамдар мұқтаж және тұрмысы нашар жандарға көмек қолын созумен қоғамдағы бай-дәулетті және кедей-кепшік арасындағы кекшілдік пен дұшпандықты өшіреді. Зекет қоғамның ішкі ынтымағын нығайтып, әлеуметтік тепе-теңдікке қол жеткізеді.

Ал, бай бола тұра зекет беруден бас тартса, оның салдары өте қорқынышты. Бұл жөнінде Құран Кәрімде: «Қиямет күнінде олар тозақ отында қыздырылып, онымен олардың маңдайлары, қабырғалары және арқалары таңбаланып: «Мынау өздерің үшін жиғандарың. Ал, енді жинағандарыңның дәмін татыңдар» (делінеді)[10]».

Ибн Масуд (р.а.) бұл аяттың тәпсірін: «Динар динардың, ал дирһам дирһамның үстіне қойылмайды, адамның терісі созылып, әр алтын және күміс теңгелер жеке-жеке қойылады», – деп түсіндіреді. Демек, аятта адамның жиған-терген бірақ садақа етуге, зекетін беруге сараңдық еткен дүниесі шоқ теңгелер қалпында терісіне тізіліп қойылатындығы айтылуда.

Ал, енді байқасаңыз, аятта дүниеқоңыз сараң адамның маңдайы, қабырғасы және арқа тұсы отқа күйдірілетіндігі айтылуда. Оның себебі, сараң бай адам кедейді көрсе шекесі тырысады да, оған қарамай байқамағансып қырымен тұруға тырысады. Ал, кедей мұң-мұқтаждығын айту үшін жақындай түссе, арқасымен бұрылып тыңдағысы келмейтіндігін және жақтырмай тұрғандығын көрсетеді. Сондықтан, жаза берілгенде осы ағзалары отқа күйдіріледі. Әдетте, жаза қылмысқа жараса беріледі.

Иә, күнәнің ақыреттік азабымен қоса дүниелік те зардабы болады. Абдулла ибн Аббас (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Бес нәрсенің бес салдары бар», – дейді. Адамдар: Уа, Алла елшісі! Ол не нәрсе? – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «​Бір ел уәдесі мен келісімін бұзса, оларға жаулары билік құрады. Алла Тағала түсірген кітаппен төрелік етпесе, ел арасында кедейшілік белең алады. Азғындық көбейсе, ел арасында өлім көбейеді. Саудагерлер таразыдан алдайтын болса, өсімдіктер шықпай қалады және ашаршылық келеді. Ал, зекет бермейтін болса, жауын-шашын болмайды[11]», – деген екен.

Құран әмірі және пайғамбар (с.ғ.с.) мектебінен тәлім алған сахабалар (р.а.) зекет беруде және қоғамға қаржылай сүбелі үлес қосуда керемет үлгі көрсетті. Әрине, сахабалардың жартысы да бай болмады. Олардың ішінде дәулеттілері бір қолдың саусағына да жетпейтін. Абдурахман бин Ауф және Осман бин Аффан (р.а.) дәулетті сахабалар еді. Олар мал-мүлкін жұмсауда пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Жақсы кісінің қолында болған жақсы байлық қандай тамаша», – деген сөзін басшылыққа алды. Бір ғана мысал, мұсылмандар Мадина қаласына қоныс аударып келгенде ауыз су тапшылығын қатты сезді. Қаладағы тұщы суы бар жалғыз құдық яхудидікі еді. Әрине, ол ауыз суды тұрғындарға сататын. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Кімде-кім румат құдығын қазса, оған жәннат беріледі, – дейді. Бұл сөзді естіген Осман бар қаржысын салып, сол құдықты қазады[12].

Міне, бұл – судай қолда тұрмайтын мал-дүниені тиімді жұмсай отырып, мәңгілік жұмаққа жетудің жолы.

Ал, Әбу Ханифа (р.а.) Бағдатқа жіберген керуен сауда-саттығының табысын бір жылдан екінші жылға дейін жинап, хадисші ғалымдарға арнайы киім-кешек, азық-түлік сатып алады екен. Ал, қалған қаражатты ғұламаларға теңдей бөліп беріп: «Өз қажеттеріңізге жаратыңыздар. Және бұл үшін Алла Тағаладан басқа ешкімге мақтау айтпаңыздар. Шын мәнінде мен өзімнің жеке мал-дүниемнен беріп отырғаным жоқ. Бұл Алла Тағаланың менің қолым арқылы сіздерге беріп жатқан кеңшілігі[13]», – дейді екен.

 


[1] Бұхари, Муслим, Тирмизи, Насаи
[2] Тәубе сүресі, 103-аят
[3] Лайл сүресі, 17-21 аяттар
[4] Бақара сүресі, 110-аят
[5] Байинә сүресі, 5-аят
[6] Табарани
[7] Насаи
[8]Әбу Дауд, Байһақи
[9] Әли Ғимран сүресі, 180-аят
[10] Тәуба сүресі, 35-аят
[11] Әбу Дауд
[12] Бұхари
[13] Әл-Хайрат әл-Хисан, 82-бет 

 

Дереккөз: muslim.kz мұрағатынан

Пікірлер Кіру