ЖАҚСЫ МЕКТЕП
Ата-анасы баласына жақсы мұғалімді таңдады. Таңертең атасы немересін ертіп мектепке кетті. Олар мектеп ауласына кіргенде оқушылар оларды қоршап алды.
-Мына шалдың түрін қараңдар,-деп күлді бір бала.
-Ей кішкентай бөшке,-деп, тағы біреуі түрін тыржитты.
Кішкентай балалар атасы мен немересінің жанында айқайлап, секіріп ойнақтап жүр. Осы кезде мектепте қоңырау соғылды да оқушылар сабаққа асығып кетіп қалды.
Атасы үндемей немересінің қолынан ұстады да мектеп ауласынан көшеге шығып кетті.
-Ура, сабаққа бармайтын болдым,-деп қуанды бала.
-Бармағаны несі! Барасың, бірақ бұл мектепке емес, басқасына барасың! Баратын мектебіңді өзім тауып беремін,-деді атасы.
Атасы немересін үйіне алып барып, әжесіне қалдырып, өзі жақсы мұғалім іздеп кетті. Қандай мектеп көрсе, өзі бірінші сол аулаға кіріп, мұғалімнің оқушыларды үзіліске жібергенін күтеді. Кейбір мектептерде оқушылар қарияға мүлде мән бермей қойды, ал басқа бір мектептерде оны мазақ қылумен болды. Ақсақал үндеместен теріс айналып, ол жерден шығып кетіп жатты.
Ақырында ол бір шағын мектептің тар ауласына кіріп, шарбаққа сүйеніп тұрды. Қоңырау соғылып, балалар топырлап аулаға шықты.
-Ата, сізге не болды, су әкеліп берейін бе?-деген дауыс естілді.
-Ата, аулада орындық бар, отырып дем алып алыңызшы!-деп ұсынды бір бала.
-Әлде мұғалімді шақырып берейін бе?-деп сұрады бір бала.
Көп ұзамай аулаға бір жас мұғалім шықты, Ақсақал онымен амандасып:
-Таптым-ау ақыры, немерем оқитын жақсы мектепті,-деді.
-Қателесесіз, мектебіміз жақсы емес, ол кішкентай, өте тар мектеп,-деді.
Қария онымен айтысып жатпады, мұғаліммен келісіп, кетіп қалды. Кешке үйінде баласының анасы, келіні атасынан:
-Ата, сіз сауатсызсыз. Жақсы мұғалімді қайдан тауып жүрсіз?-деп сұрады.
-Шәкірттеріне қарап мұғалімінің қандай екенін біледі,-деді атасы.
Авторы: Александра Лопатина
аударған Жүрсін Кәрім