Жақсылықты бағаламау әйел адамға тән сипат па?
Расында да, жақсылықты бағаламау, қанағатсыздық әйел адамдарға ғана тән сипат па? Дәлірек тұжырымдасақ, әйел адамдардың ер адамдарға қарағанда қанағатсыз және жақсылықты бағалай алмайтыны рас па? Осы сұрақ Әбу Саид әл-Худри (р.а.) жеткізген мына хадиске байланысты туындайды: «Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айт намазына шығып: «Ей, әйел жамағаты! Алла жолына садақа беріңдер және Алладан кешірім тілеп, көп тәубе етіңдер! Өйткені, мен жәһаннам отында басым көпшілігі әйелдер болғанын көрдім», - дейді. Сонда араларынан бір әйел шығып: «Неге тозақ отының көпшілігі әйелдер екен?» – дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жаман сөз, лағынет, қарғыс ауыздарыңнан көп шығады және күйеулеріңе қайырсыз, қанағатсызсыңдар», – деп жауап береді».
Осы хадиске қарап, әйел адамның көпшілігі қанағатсыз әрі жақсылықты бағаламайды деп түсінеміз. Жалпы, әйелдің қарғыс айтуға, біреуді лағнеттей салуға болмысы да, тілі де жақын тұрады. Мұны мойындаймыз! Алла Тағала әйел затын өте сезімтал, нәзік жаратқан. Әйелдердің сезімталдығы еркектерден басым екені хадистерде де айтылады. Бірақ, осы сезімталдық қасиетін көп жерде басқара алмай қалудың соңы ашу келгенде сол сезімдерімен, тілімен оңды-солды шайқап жіберетін жағдайға да жеткізіп жатады.
Дегенмен, ортақ адамгершілік құндылықтарды есептегенде, қанағатсыздық, барды бағаламау адам баласында жынысына бөлместен кездесетін жайт екенін мойындау керек.
Шейх Салман әл-Кадах былай дейді: «Жаман әдеттердің ең жаманы – өзін ақылды, өзгені ақымақ санау. Өкінішке орай осындай қате пікір адамдарды жынысы мен мәдениетіне бөліп қарамастан көптеп кездеседі».
Бірін-бірі сыйламайтын, бірін-бірі кемсітетін адамдар арасында жақсы қарым-қатынас қайдан болсын?!
Жоғарыда атап өткен хадиске сәйкес, ғалымдар әйел адамның қанағатсыз болып келетіндігін, олардың көңілінен шығу қиын екенін әрі барлық жағдайы жасалса да оны аз көретіндігі және разы бола бермейтіндігі туралы айтады және мына хадисті де мысал етеді:
Ибн Аббас (р.а.) баяндайды: «Бірде Пайғамбар (с.ғ.с.): «Маған Тозақ көрсетілді де, оның көпшілік тұрғындары күпірлік (бұл сөз иман мәселелерімен байланысты емес) танытқан әйелдер болып шықты», - деді. Одан: «Олар Аллаға күпірлік еткен бе?» – деп сұрады. Ол (с.ғ.с.): «Олар өздерінің күйеулеріне қатысты күпірлік көрсететін. Егер сен (сондай әйелдердің) қайсыбіреуіне ұзақ уақыт бойы жақсылық жасайтын болсаң, ал содан кейін ол сенен өзіне ұнамайтын бірдеме көрсе, міндетті түрде: Мен сенен ешқашан еш жақсылық көрмедім! – дейді», - деп жауап берді»[1].
Жоғарыдағы екі хадисті негізге алар болсақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл жерде әйел адамның қанағатсыздығының, жақсылықты бағаламауының астарында оның ашуланған кездегі өз эмоциясына ие бола алмай қалған сәтін баяндағанын түсінуге болады. Кейде күйеуінің шамына тию үшін де жоғарыда айтылған сөздерді әдейі қолданатын әйел адамдар да бар.
Қарап отырсақ, барлық әйел адам осындай қырсықтықты үнемі жасай бермейді ғой. Иә, біздер кейде еркелеп, кейде ашу үстінде осыдай келеңсіз жағдайларға жол беріп қоямыз. Мұны да мойындаймыз! Басқа жағдайда тап сол әйел: «Сені мақтан тұтамын!», «Сенің барыңа шүкір!», «Сен мен үшін өте қымбат жансың!» деген сөзді айтар еді. Мен ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сол хадистерін жоққа шығарудан, қате деуден аулақпын!
Жоғарыдағы аталған хадистерде адамзаттың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с.) өз сезіміне ерік беріп, ашу үстінде сондай ауыр сөздер айтып қоятын әйелдер туралы айта отырып, оларға ескерту әрі насихат жасағандай. Себебі, әйел адамдар ашу үстінде айтқан сөзі мен жасаған ісінің соңы қандай өкінішті жайтқа алып баратынын сезініп, ашуын жеңе білуі керек.
Ер адамдарға қарағанда, әйел адамдардар дінге берік емес, сенімсіз, сөзінде тұрмайды, олар ер адамдардан да нашар деген қате пікірден де аулақ болған жөн. Өйткені, тарихта әйел адамдардың дәрежесін арттырып, мақтануға лайық ететін көптеген оқиғалар мен мысалдар бар.
Имам Ахмад баласына шаңырақ шаттығын сақтаудағы он кеңесінің бірінде: «Жақындықты бағаламау мен жасалған жақсылықты елемеу – әйелдің табиғаты. Егер сен олардың біріне бір ғасыр бойы жақсылық жасап, сосын бір жамандық жасасаң «сенен еш жақсылық көрмедім» дейді. Олардың бұл табиғаты оларды жаман көріп, олардан бет бұруыңа итермелемесін. Себебі сен оның бір мінезін ұнатпасаң, басқа бір мінезіне разы болып сүйсінерсің», - деген.
Алла Тағала Құранда: «Негізінен шайтан, арақта, құмарда араларыңа дұшпандық әрі кек салып, Алланы еске алудан және намаздан тосуды қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?»[2] – дейді. Осындай кереғар, жағымсыз пікірлерді ұстанып, бір-бірімізді кемсіту арқылы лағынеті шайтанды қуантып, Ұлы Жаратушының разылығынан құр қалмайық.
Екі дүние сұлтаны, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алла Тағаланың игілігі мен сәлемі болсын!
[1] Бұхари, Муслим.
[2] «Мәида» сүресі, 91-аят.
Лаура Алмаханова
Дереккөз: muslim.kz