ЖИЕНҚҰРЫҚ

10 ақпан 2024 2845 0
Оқу режимі

Ұзатылған қыздан туған баланы "жиен" деп атайтынын білмейтін қазақ жоқ. Әсілінде, қазақ халқының туыстық, жақындық жүйесі үш жұрттан - ата жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты деп аталатын салалардан өрістеп таралады. Адамның ата жұрты, яғни, өз жұртынан кейінгі айрықша құрметтісі - нағашылар. "Сүйек иесі" саналатын шеше төркіндері түгелімен, нақтылап айтқанда, анасының шыққан әулеті, ауылы, руы, елі - жиен үшін нағашы жұрт. Міне, осы нағашы жұрттың жиенге беретін тарту-таралғы сыйлықтары, жиендік үлесі, "жиенқұрық", кейбір жерде "қырық шұбар тай" немесе "қырық серкеш" деп аталады.

Ертеден келе жатқан көне аңызда оның шығу тегін былай айтады:

Баяғы есте жоқ ескі заманда ел басқарып, сөз ұстаған бір би болған екен. Сол бидің жиені көзге ерекше түсетін шұбар тайды сұрайды.

Би оны кенже баласына бәсіре атап қойғандықтан:

- Айналайын, жиенжан, бұл тайды туа сала кіші нағашыңа меншіктеп бәсіре атап едім. Биге екі сөйлеу жараспайды, сондықтан басқа қалаған тайыңды ала ғой, - дейді. Бірақ ерке жиен тек шұбар тайға жабысып көнбейді.

Сонда би жиеніне тағы да:

- "Қасқа биеден қасқа тумаса да, төбел туады" деген, тағы да шұбар құлын тумайды дейсің бе, келер жылы қанша шұбар құлын туса, бәрі сенікі болсын", - депті.

Қызық болғанда, келесі жылы қырық бие шұбар құлын туыпты.

Би уәдесінде тұрып, құлындарға ен салып,

бәрін жиеніне арнап өсіріп-жетілдіріп беруді мойнына алыпты.

Сөйтіп, құрық салынған, яғни иесі бар сол төлдер "жиенқұрық" аталған екен дейді.

Қалай болғанда да, халқымыздың ежелгі салты бойынша нағашылар жиеннің бетінен қақпай, қолын қайтармай, көңілін жықпауға тиіс болған. "Жиен наласы қатты", "жиенге қол тигізгеннің қолы қалтырауық болады", "нағашы мен жиен күрессе, жиен жығады" деген

сөздер жиеннің нағашыға еркіндігін, өзгелерден орыны бөлек еркелігін білдіреді. Сондықтан болар, жиен нағашысынан шашасына шаң жұқпайтын бәйге ат, ақиық қыран құс, алғыр құмай тазы, күміс ер-тоқым секілді көрнекті нәрселерді қаласа, нағашы беруге тиіс болған. Кейде қайсыбір жиендер тым дандайсып қызыққан затын берсе қолынан, бермесе жолынан алып кететін де жағдайлар кездескен.

Оны нағашысы даулап биге не қазыға жүгінбеген. Жиеннің базынасын көтере алмайтын осал нағашы атанғысы келмейді. Алайда әр нәрсенің жөні мен реті бар, алмақтың да салмағы бар. Әйтеуір жиен екенмін деп, жиендік жолым деп сұғанақ, қанағатсыз болуға әсте болмайды. Жиендіктің де шегі мен шеті болған. Жиенқұрық қалауы үш реттен аспаған, одан ары асса, қазақ салтына қайшы келгені. Сондықтан балаға ес білгеннен бұл ережені ата-анасы құлағына құйып, әдептілікке үйретеді.

Нағашы мен жиеннің қатынасын сөз еткенде бір шындықты - жиендердің көбінің нағашыларына тартатынын көрмеу мүмкін емес. Қазіргіні қойшы, бұрынғы қазақтардың келінді тегіне, тектілігіне қарай таңдауының мәні болашақ ұрпағының қамын ойлағанында жатыр. Себебі, балаға туа бітетін қасиеттер ананың ақ сүтімен берілетінін бабаларымыз жақсы білген.

Талай ақын-жазушылар, әнші-күйшілер, ұстаз-зергерлер, палуан, емші, оташы, тағы басқа жаратылысында ерекше қабілет-дарыны барлардың басым бөлігі "нағашым сондай болған" деп өз бойындағы қасиетті нағашыларына телуі тегін емес қой. Сол секілді "Сулы жердің қасиеті - сағасында, нулы жердің қасиеті - ағашында, азаматтың қасиеті - текті туған нағашыда" дейтіні де жай сөз емес.

Халқымыз "Өз жұртың - күншіл, қайын жұртың - міншіл, нағашы жұртың - сыншыл" деп жатады. Мұның да өз сыры бар. Ағайын арасында күншілдік, көреалмаушылық секілді әдеттердің кесірінен реніш, келіспейушілік кикілжіңдер кездеседі. Мұндай жағымсыз жағдайлар нағашы мен жиен арасында ұшыраспаған. Өйткені олардың елі, жері, атасы бөлек, еншісі басқа, ортақ меншік, бөлісетін ата мұра секілді дау туғызатын түйткілді мәселелер нағашы-жиен арасында жоқ. Сондықтан олардың бір-біріне деген құрмет-сыйластығы шынайы, пейілдері таза, әзілдері жарасымды болған. Ағайындарынан зәбір көріп әділетсіздікке төзе алмаған немесе жетім қалып қамқоршыға мұқтаж болғандардың талайы нағашы жұртына келіп, жан-жарасы жазылып, жыртық көңілі жамалып, мейірім-пана тапқан. Мысалы, Арғын-Тобықты елінде болған "Қалқаман-Мамыр" оқиғасын алайық. Бұл туралы Абай атаның немере інісі Шәкерім қажы Құдайбердіұлы шындық негізінде "Қалқаман-Мамыр" дастанын жазғаны белгілі. Оны оқырмандарға кішкене түсінік бере кетейін. Қалқаман мен Мамыр Сары биден тарайтын шөбере туыстар екен.

Алайда қандастық, бауыр-туыстықты махаббат сезімі жеңген екеуі "жеті аталық" қазақ дәстүрін бұзып қосылады. Ел ішінде үлкен дау шығып, шуға айналады.

Сонда екеуіне де туыс болып келетін Көкенай батыр:

"Ел-жұртты масқаралады, қан бұзды, ата дәстүрімізді аттады", - деп, басқадай бітім-ымыраға көнбей, Мамырды садақпен атып өлтіреді.

Енді Қалқаманды өлтірмекші болғанда бүкіл рудың ел ағасы, әрі биі, әрі ғұламасы Әнет баба:

"Қалқаман атпен шауып өтсін, сен, Көкенай, белгілеген жерде тұрып садақпен ат, өлсе - өлді, тірі қалса, тірі қалады", - деп үкім шығарыпты. Көкенай батыр атпен ағызып бара жатқан Қалқаманды атады. Оң санына оқ тиген Қалқаман шапқан күйінше артына қайырылмай кете береді. Өзін оққа байлаған ел-жұртынан, туған жерінен безіп, Ұлы жүздегі нағашыларына келіп паналапты. Нағышылары алдына мал салып, үйлендіріп, қоныс бөліп беріпті.

Сөйтіп, нағашы жұрттың мейірім-шарапатының арқасында Қалқаман өсіп-өніп үлкен бір ауылға айналыпты. Бірақ еліне қайтпай қалып қойыпты. Қазіргі Алматы мен Қаскелеңнің ортасындағы "Қалқаман" деп аталатын мекен баяғы Арғын-Тобықты Қалқаманның қонысы дейді шежірешілер.

Бізге жеткен жыр-дастандар мен қиссаларда нағашысының қолында тәлім-тәрбие алып, үйленіп үйлі-жайлы болып, білікті азаматтыққа жеткенде еліне қайтқандар туралы әңгемелер де жиі кездеседі.

Ренжіссе де қиыспайтын ағайын деген сол ғой!

Әлгі "жиен ел болмайды, желке ас болмайды" дейтініміз - есейіп, жілігі татитын кезде еліне көшетін жиендерге қарай айтылған. Бір жағынан - әзіл, екінші жағынан, шынға саяды. Атасы бөлек болғантықтан қанша аяласа да, өзгеге сіңбейді, түбінде елін табады, атажұртына қайтады дегенді білдіреді. Сонымен қатар "жиен неге ел болмасын - жайлы болса, желке неге ас болмасын - майлы болса" деп жоғарыдағы тұжырымға қарсы айтылатын ақылды сөз және бар. Бұл деген жиен бақуатты-берекелі, ел-жұртқа шарапаты тиетін өрелі, халыққа қамқор азамат болса, қай жұртымен де сыйласымды, жарасымды қарым-қатынас жасайтын ел бола алады дегенді анық меңзейді.

Айтып-айтпай не керек, қызын ардақтаған халқымыз "қыздан туғанның қиығы жоқ" деп жиенді қойып, одан туған жиеншарды, одан туған дегеншарды, одан туған көгеншарды да жатсынбай бауырмалдық танытқан екен. Бұл күнде әркім өз басын ғана күйіттейтін нарық заманында салт та сатулы, берсең - аласың, бермесең - өкпелеме.

Көңіл бүтіндігі болмаған соң айырбастың қаншалық құны бар дейсіз. Басты мәселе бұл да емес, нағашы мен жиеннің алыс-берісін өздеріне қалдырайық. Басқаны білмеймін, мені қынжылтатыны - "жиен", "нағашы" дейтін туыстық төл атаулардың тілдік қорымыздан жоғалып бара жатқаны, ауызекі қолданыстан қалғаны.

Осы атаулармен байланысты толып жатқан ұғым-түсініктер келмеске кетіп жатыр. Осылай жырымдала берсе, дәстүр де, тіл байлығы да жұтай бере ме деп қорқамын.

"Шықты қайдан жаңғырық, білмей қалдық аңырып" дегендей, жиеннің қай кезде немеренің атына мінгесіп алғанын білмей қалдық. Шамасы, баяғы сол орыстарға қарап бой түзейтін әдетімізбен, олардың ұлдың да, қыздың да баласын "внук", "внучка" дейтінін тікелей көшіріп алған секілдіміз әрі санамызға сіңіргенбіз. Кейбіреулер "жиен" деген сөзден ат-тонын ала қашып, "немерем" деп таласады.

Дұрыс-ақ!

Қыздың баласының жақын екені рас, бірақ ол немере деп аталмайды. Ол - жиен. Ренжісеңіз де, ренжімесеңіз де, атасы бөлек. "Құрттың атын малта қоюдың" түкке де керегі жоқ, ғасырлар бойы бабаларымыздың "жиен" деген ерке де назды атауына қиянат жасамасаңыз болды.

 

***

Нағашы мен жиенді айтқанда еріксіз еске түсіп, тілге оралатын жақын адамның өзінше бір әтеуірлісі - бөле. Ұзатылған апалы-сіңлілі қыздардан туған балалар бір-біріне бөле болады. Бұл жерде тек бірге туған қыздар ғана емес, өзара немере, шөбере туыс, тіпті аталас елдің, жеті атаға толмаған рудың қыздарынан туған балалар бөле болып саналады. Бөлелерді туыстық жағынан байланыстыратын - аналардың төркіндері, яғни нағашы жұрты. Сондықтан бөлелердің жолы да, алатын орыны да бірдей, артық-кем ерекшелігі жоқ, жөні бір тең туыстар. Нағашыларының алдында бөлелердің еркіндік-еркелігі, міндет-парыздары бірдей.

Бәрі - нағашыға жиен. Дегенмен нағашы жұрты ортақ болса да, "бөлелік" жолы жүрмейтін де тұсы бар. Бір атаның қыздарына үйленген жақын ағайындардың балаларының бөлелігі еленбей, бауыр-туыстық, аталастық қарым-қатынас алға шығып, "аға", "іні" аталады.

Қазақта "Екі аяқтыда бөле тату, төрт аяқтыда бота тату" дейтін нақыл сөз бар. Шынымен солай, бөлелер - бір туғаннан артық тату, бірін-бірі елжірей жақсы көретін өзара қимас жандар. Мұның түп мәнісі аналарында жатыр. Аналары қандас туыс болғандықтан әрі қыздардың ерекше бауырмалдық қасиетінің ықпалынан балалары да аражіксіз ынтымақта болған. Бөле - нағашы апасының перзенті, ал нағашы апа - анасының бауыры, бір туғаны. Сондықтан бөлелер бірін-бірі ренжітпеген, бір-біріне қол көтермеген. Ол анасының көңіліне қаяу түсіріп, ренжіткенмен бірдей танылған.

Қазақтың мұндай айрықша бауырмал, аса туысқаншыл қасиеті айналамыздағы өзге халықтарда дәл осы сапада кездесе бермейді.

...Жиенқұрықтан басталған әңгімені біраз ұзартып жібердім, білем. Шындығында, осыны әдейі істедім. Себебі ауылды жерде әлі де болса, "нағашы", "жиен", "бөле" деген атаулар сақталып, әлі де болса өз орынын, өз дәрежесін жоғалта қойған жоқ. Ал қаланың балконда өскен ұрпағы бұл ұғымдардан мақұрым қалып барады.

Бөлесін "бұл кім" деп сұрасаң, "мамамның сестренкасының баласы" дейтіндер толып жатыр. Осы жазбалар солардың бірі болмаса бірінің ата-анасының не өзінің көзіне түсіп оқыса, қай ұлттың өкілі екенін сезінер ме екен деген бұлдыр үмітпен айтып отырмын.

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру