ЖОЛАШАР

01 ақпан 2024 2429 0
Оқу режимі

Жолашар, жолаяқ дегеннің не екенін мәңгүрт болып кеткендер болмаса, былайғы қазақтың білмейтіні кемде-кем шығар.

Жолашар - сапарға аттанып бара жатқан жолаушыға ақ жол тілейтін дәстүр. Кезінде бұл дәстүрді жарықтық Ата кеңінен толғап аржақ-бер жағын қамти отырып түсіндіріп еді. Мен оны сол күйі "Бабалар аманаты" атты кітабымда толық бергенмін.

Енді ата аузымен айтылған әңгімеден үзінді келтірсем артық болмас:

- Қазақ - қара жолды қадірлеп, жолаушыны ерекше құрметтеген халық. "Алыстан алты жасар бала келсе - алпыстағы қария сәлем береді" деп жолаушы жолының үлкен екенін айтады. Ертеде қазіргідей хат-хабар, барыс-келістің оңай орындалмайтын кезінде ел-жұрттың, жер-судың амандығын жолаушылар арқылы біліп, жолаушылар арқылы тарап отырған. Ауыл мен ауылды, ру мен ұлысты, алыс пен жақын елді жалғастырып байланыстыратын дәнекер сол жолаушылар болған. Қазақта "адам үйден қырық қадам аттап шыққан соң мүсәпір" дейтін көне сөз бар.

Қанша дегенмен кісінің өз отының басынан, үйреншікті ортасынан суырыла шығып сапар шегуінің түрлі қиындықтары болады. Біреудің салқын қабағына кезігер, әділетсіз сөз естуі мүмкін, бір жерде шөлдейді, маңдайынан күн өтетін кезі болады.

Түнеген жері жайсыз болар, жалғыздық көрер, үй үшін сағынып көңілі құлазыр, айта берсе, жұмырбасты пендеге жол жүргенде не кездеспейді дейсің. Уақытша болса да сапардағы адамның торығатын сәттері болмай қоймайды. Сонымен бірге жолаушы ел көреді, жер көреді, әр елдің өзіне тән ерекшелігін ұғады, бейтаныс адамдармен танысып-білісіп өрісі кеңейеді. Әсәресе бұрын ауылынан шалғай шықпаған жас адам үшін тіршілік талғамы, өмір тәрбиесі деген жол үстінде айқындау көрінеді.

Адам жолға себепсіз шықпайды, қандай да бір оймен, мақсатпен шығады. Біреу білім іздеп, біреу бауыр-туыстарын іздеп, енді біреу жиендеп не қайындап, енді біреу базаршылап дегендей, әйтеуір әр көңілде бір ниет болады.

Адамның сол ниет етіп шыққан мұрат-мақсатының іске асуына тілеушідей болып алдыңда көсіліп жол жатады. Жас адамды сынағысы келгендей, шыңдап-ширатқысы келгендей өрі мен ылдиын, бұрылыс-бұралаңын алға тосады. Жол бойында нелер жоқ дейсің, тіршіліктің қам-қарекетін жасап тірілер жүреді.

Пәни өмірдің қамшының сабындай қысқалығын көрсетіп, үнсіз мүлгіген мазар-қорымдар жатады. Өткенді ұмытпау керек екенін еске салады.

Жол мен жолаушыны қадірлеген халқымыз оған байланысты ырым-жоралғыларды, дәстүр-салттарды қалыптастырған. Олардың әрқайсысының ізгі тілеуі, ақ ниеті бар. "Жолы болсын, сапары сәтті болсын, алды ашық болсын" деген тілекпен алыс жолға жүретін адамға "жолашар" немесе "жолаяқ" деп аталатын дәстүрді жасап, шығарып салады. Кісісі жолаушы жүретін отбасы бір малын сойып, ауылдағы үлкен-кішіге дастарқан жаяды.

Қариялар жолаушыға арнап бата береді.

Бата деген адамға рухани күш-қуат береді, көңілге медеу, жүрекке сенім береді.

Ал сенім - ұлы күш.

Ақ жүрек болып жолдасын,

Адалдық сені қолдасын!

Алымды болсын шабысың,

Найзадай болсын намысың,

Ер жігітке бәрі - сын,

Қиындық көрсең, мұқалма!

Ауырлық көрсең, жұқарма!

Дақ түспесін ар мен бағыңа,

Аман барып, есен қайт,

Мақсат еткен жағыңа! - деп алғаш рет сапарға шығатын жасқа бата береді. Әрине, айтушысына қарай бата түрлерінің небір шұрайлысы бар ғой.

Жас адам жолға шығар алдында әулеттің қара шаңырағына кіріп тізе бүгіп, дәм ауыз тиіп шығатын ырымы және бар. Жолаушының анасы не апа-қарындасы бір жапырақ нанның шетінен тістетіп оны алып қояды. Бұл "дәм тартып, отбасына есен-сау оралсын" деген ниеттен шыққан. Кейін жолаушы келгенде құрғатып, сақтап қойған нанды жейді. Әсілі, біреу тістеген нанды басқа адам "тістесіп қаламыз" деп жемейді. Ал тістелген нан иесін күтіп, тілеулес болып тұрады деген сенім болған. Қазір бұл ырым мүлде ұмытылған. Сонымен "жүрген жерің мейірімді, қайырымды болсын, басар жер, асар тауың жеңіл болсын" деп жолаушыны бүкіл ауыл аттандырып салады.

Міне, "жолашар" не "жолаяқ" деп аталатын дәстүрдің мән-мағынасы осылай, - деп Ата сөзін бір қайырды.

 

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру