Жомарттық жаннатқа жетелейді
Адам баласы болғандықтан тумысымыздан ахлақ сезімдеріне иеміз. Қай дін өкілі болсақ та, белгілі-бір қасиеттер бәрімізге ортақ құндылық болып саналады.
Біз әділеттілікті, батырлықты, адалдық пен мейірімділікті көрсек сүйсінеміз. Сол секілді, әділетсіздік, сатқындық, зұлымдық сынды нәрселерді көрсек теріс айналамыз. Бұдан шығатыны, өнегелік қасиеттер жалпы адамзатқа ортақ болып табылады. Ислам дінінің бірі қыры аталмыш құндылықтарды ең жоғарғы деңгейде дәріптеу мен қоғамның өнегелік деңгейін өсіру болып табылады.
Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мұсылмандарды көркем мінезді болуға және ізгі қасиеттерді бойларына сіңіруге шақырады. Осы тұста пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) көркем мінезі, адамдармен қарым-қатынас жасауы мұсылмандарға ғана емес, барша адамзатқа үлгі болып табылады. Осы тұста пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бойындағы асыл қасиеттердің бірі – жомарттық еді.
Біздің дүниелік мүлкіміз – Алланың бізге деген жомарттығы. Біз, мұсылмандар, барлық нәрсенің Алладан екендігіне және Оған қайтатынына сенеміз. Осылайша, біздегі нәрсе бұл өзіндік несие деп айтсақ қателеспейміз. Біз оны сақтап, қорғап, қажет кезінде бөлісуіміз қажет.
Жомарт болу деген сөз, өзіңіздегі жеткілікті қаражатты, нәрсені немесе сізге пайдасы жоқ затты бөлісу дегенді білдірмейді. Жомарттық өзіміз жақсы көріп, өзімізге қажет болған нәрсемен бөлісуіміз.
Бұл туралы қасиетті Құранда: «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де Алла (Т.) оны толық біледі» [1], – деп бұйырылған.
Бұдан бөлек, Құранның тағы бір сүресінде былай деп айтылған: «... Олар өздеріне босып келгендерді жақсы көріп, оларға берілген нәрселерге көңілдерінде кірбеңдік болмайды. Сондай-ақ өздерінде таршылық бола тұра оларды өздерінен артық көреді. Әлде біреу сараңдықтан сақсынса, солар құтылушылар» [2].
Жомарттық – Алланың сүйген құлдарына берілетін қасиеттердің бірі. Жомарт адамдар материалдық байлықты ойламай, Алла разылығы үшін қолындағы барын еш кідірместен өзгелермен бөліседі.
«Қолы ашықтың – жолы ашық» деп қазақ халқы бекер айтпаса керек. Жомарттық ұғымымен байланысты халқымызда көгендік, кеусен, шүлен тарату сынды дәстүрлер болған. Аталмыш дәстүрлердің мән-мағынасы жомарттықты, кедей-кепшіктерге көмектесу, кедейлерге жәрдем беру дегенді білдіреді.
Мысалға көгендік дәстүріне сай – малшылар өз туған-туыстарына, ілік-шатыс жұрағаттарына, жас отау құрғандарға ырымдап мал берген екен. Бұл дәстүр еліміздің кейбір аймақтарында қазірге дейін бар.
«Көгендікпен берілген малды жайдан-жай беретін мал ретінде қарауға болмайды. Оны алған адам да көгендікпен берілді деп ырымдап, малдың басын көгенге соғып, оны аузына ақ тамызып алады. Оны көгендік мал, мал басы деп қарайды. Қазақтың көгендік салтына малшылар енші бөлгенде, жоқ-жітікке, кембағалға, қолы қысқа адамдарға жәрдемдескенде қорасындағы, яғни көгеніндегі малын береді», – дейді этнограф Болат Бопай [3].
Біртуар ақынымыз, жазушы Қадыр Мырза Әлінің «Қазақ осы» атты туындысындағы:
«Қазақ осы - алудай-ақ алатын,
Ал беруден алдына жан салмайтын», – деген өлең жолдары халқымыздың бойындағы жомарттық қасиетін айқындап тұрғандай.
Қорыта келсек, жомарттық таныту арқылы – Алланың бізге берген нығметімен бөлісеміз, сол арқылы Раббымыздың разылығына жетеміз. Сондай-ақ, өзгелерге мейірімділік таныту арқылы сүйікті пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) көрнекті сүннетін орындаймыз.
Жомарттықты болашаққа бағытталған инвестиция деп қарастыруға болады. Зекет болсын, садақа немесе өзге де жомарттықтың түрі болсын Алланың қалауымен жаннатқа апаратын жол болып табылмақ.
Қолданылған дереккөздер:
[1] «Әли Имран» сүресі, 92-ші аят.
[2] «Хашр» сүресі, 9-шы аят.
[3] Мақсат Мамбетжан. Қазақ кімді жомарт деген - Көгендік, кеусен, шүлен тарату дәстүрлері. Tengrinews.kz.