ЗІКІР ЖАСАУДЫҢ ІЗГІЛІГІ

10 ақпан 2024 963 0
Оқу режимі

Фатих Сұлтан Мехмедтің ұстазы Ақшемседдин (қ.с.) бір еңбегінде былай деп жазады:

Абдулла ибн Аббас (р.анһума) былай дейді: «Алла пенделеріне парыз еткен әрбір ғибадат үшін белгілі бір шек қойды. Қандай да бір (рұқсат етілген) себеппен орындай алмағандарды кешірді, үзірлі санады. Алайда зікір бұдан тыс. Өйткені Алла тағала зікірге шек қоймады, ақыл-есі ауысқан адамнан басқа зікірді тәрк еткен ешбір адамды үзірлі санамады және: «...Тұрғанда да, отырғанда да, жатқанда да Алланы әрқашан зікір ет» (Ниса сүресі, 103-аят) деп бұйырды.

Алла тағаланы зікір ету – барлық ізгіліктің бастауы және ең үлкен амал. Зікір – жүректегі татты кетіріп, жарқыратып, жүректен шайтанды алыстатады. Өйткені шайтан адамның жүрегіне сыбырлау үшін келеді. Құл Алланы еске алса, шайтан кетеді. Егер құл зікірді тастаса, оның жүрегі қатаяды. Алланы еске алмаған жүрек тастан да қатты болады.

Алла тағала «Ахзаб» сүресінің 35-ші аятында: «...Алланы көп зікір еткен ерлер мен әйелдерге Алла тағала кешірім мен үлкен сый әзірледі», – дейді. Құл зікір арқылы нәпсісінің жамандығы мен қалауынан арылып, сол зікірдің нұры жүрегіне енсе, жүрегі тазарады. Осылайша, зікір етуші адам зікірдің әрбір деңгейінде ешбір көз көрмеген, ешбір құлақ естімеген және ешбір пенденің жүрегіне жетпеген жәннат нығметтерінің дәмін татады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Жер бетінде Алланың жәннаты бар. Оған кірген адам, тіпті, Фирдаус жәннатына да аңсары аумайтын болады». Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Ол не?» - дегенде, Расулуллаһ: «Аллаға деген махаббат пен жүректің Алланы зікір етумен тыныштық табуы», - деп жауап берді.

Тағы бір хадисте: «Кімде-кім жәннат бақтарынан пайдаланғысы келсе, Алла тағаланы зікір етуді тоқтатпасын», - деп айтылған.

Дегенмен, бұл жағдай жүрек Алланы зікір ету арқылы ғапылдықтан оянып, тазарып, құлшылығымен құлпыра түскен кезден бастап пайда болады.

 

Пікірлер Кіру