«Абай» кітапханасынан медицина бұрышы ашылды (ФОТО)
Бұдан бірнеше ай бұрын ҚМДБ Орталық аппараты ғимаратында ресми түрде ашылған «Абай» кітапханасы жаңа кітаппен толықты.
Былтыр қыркүйек айында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен танытымы өткен «Хижама жасаудың жетілдірілген әдісі» кітабы «Абай» кітапханасына қойылды. Діни басқарманың Қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділлә Бекжігіттің айтуынша, «Абай» кітапханасында кітап қоры бірнеше топтамаға бөлінген. Мәселен Құран Кәрім бұрышында әлемнің 12 тіліне аударылған құран кітаптары қойылса, өзге бөлімдерде ел тарихына, тәуелсіздікке қатысты кітаптар тізілген.
«Исламтану саласында «Пайғамбар медицинасы» деген үлкен тарау бар. Ол жөнінде уақытында талай еңбек жазылды, зерттелді, әлі күнге дейін әлем халқының кәдесіне жарап келеді. Сол секілді хижама туралы еңбек жазған Бижан Маратұлының тырнақалды туындысын арнайы медицина бұрышына қойып отырмыз», – дейді Жәнділлә Бекжігіт.
Отыз елде болып, медицина саласында тәжірибе жинаған, хижама жасаудан 13 жылдық өтілі бар білікті маман Бижан Маратұлы бұл кітаптың Діни басқарманың «Абай» кітапханасынан табылғанына қуанышты екенін айтады.
«Хижама жасау – емдік шара әрі сауапты іс. Өйткені бұл – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінен. Ал ол жайлы өзім ғана біліп қоймай, білгенімді мұсылман бауырларыммен бөлісейін, оқырманға жеткізейін деген ниетпен осы кітапты дайындадым. Осы еңбектің шығуына атсалысқан барша дін қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Діни сараптама секторы кітапқа оң бағасын беріп, күзде Бас мүфтидің қатысуымен алғашқы танытымы өтті. Енді мінеки, Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағы Діни басқарманың кітапханасына қойып әрі осындағы барша ағаларымызға, дін мамандарына сыйға тартып отырмын», – дейді Б.Маратұлы.
Сондай-ақ кітап авторы Діни басқармаға кәдесый ретінде Пайғамбар (ﷺ) медицинасын сипаттайтын ерекше мүсінді сыйлады. Мүсін акриль гипсі мен керамика, полиуретан мен эмаль қоспаларынан 2 жыл ішінде дайындалған.
Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі