«Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжінің директоры тағайындалды
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Павлодар қаласындағы «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжінің директоры болып Нұрсеит Омаров тағайындалды.
Нұрсеит Омаров 2003-2008 жылдары Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразия Университетінің Қазақ тілі және әдебиеті мамандығын бітірген соң, қалалық Ішкі саясат басқармасының аналитикалық ақпарат орталығында маман болып қызмет атқарды.
2011-2014 жылдары «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжінде Исламтану мамандығы бойынша білім алып, оқуын аяқтағаннан кейін осы медреседе арнайы пәндер ұстазы болып қызмет істеді. 2015 жылы медресе директорының орынбасары, оған қоса 2016-2018 жылдары медресе жанындағы «Қасым қажы» мешітінің бас имамы қызметін атқарды. Сондай-ақ 2014-2016 жылдары Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде білімін шыңдап, Дінтану магистрі атанды.
Білім жолында да, еңбек жолында да көрген-түйгені мол жаңа басшы медресе-колледж жұмысына серпін беріп, тың бастамаларға себепші болады деген сенімдеміз.
Дереккөз: Павлодар облыстық өкілдігінің баспасөз қызметі