«Әбу Бәкір Сыддық» медресесі колледж мәртебесін иеленді (ФОТО)

13 қазан 2020 298 0
Оқу режимі

Павлодар өңіріндегі «Әбу Бәкір Сыддық» медресесі мемлекеттік жаңа лицензияға ие болды. 2008 жылдан бері білімімен де, біліктілігімен де танылған көптеген жас исламтанушы, имам хатиб мамандарын даярлап келе жатқан медресе колледж мәртебесін алып отыр.

Бүгінде осы медресенің түлектері еліміздің түкпір-түкпірінде халқына жан аямай қызмет етіп, асыл дініміз – Исламның құндылықтарын насихаттауда. Жатақхана, оқу корпусы, спортзалы, кітапханасы, лекциялық аудиториялар, интернет желісіне қосылған компьютер залы, асханасы, жылы маусымға арналған футбол және спорт ойындары алаңымен толық жабдықталған «Әбу Бәкір Сыддық» медресесі барлық талаптарға сай деп танылды.

Сонымен қатар бұл колледж-медресенің ауласында күнделікті діни қызметке дағдыланатын (азан шақыру, намаз жүргізу, уағыз айту, Құран оқып беру т.с.с) «Қасым қажы» атындағы зәулім мешіт бірге орналасқан.

Аталмыш колледж-медресеге жалпы орта білімі бар ер балалар қабылданады. Оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай. Студенттер толықтай тамақ және жатақханамен қамтамасыз етілген.

Медреседе жоғары білімді исламтанушы, дінтанушы мамандар дәріс береді. Олардың ішінде араб елінен шақырылған арнайы ұcтаз да бар. Яғни, шәкірттердің білімді де білікті және салауатты маман болып қалыптасуына барлық жағдайлар жасалған.

Колледж атанған оқу ордасы биылғы 2020-2021 жаңа оқу жылында Қарағанды, Семей, Шығыс Қазақстан және Павлодар олыстарынан ең таңдаулы 18 талапкерді қабылдап, оқу үдерісін табысты жалғастыруда.

Дереккөз: «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру