«AL-FATTAH»: «АЙБИКЕ» ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР КЛУБЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КЕШІН ӨТКІЗДІ (ФОТО)
ҚМДБ Астана қаласы өкілдігіне қарасты «al-Fattah» мешіті жанынан ашылған «Айбике» қыз-келіншектер клубының ұйымдастыруымен «Мейірімге толы Рамазан» атты қайырымдылық шарасы болып өтті.
«al-Fattah» мешітінің бас имамы Бағдат Әбдікәрімовтың қолдауымен жүзеге асқан игі шарада жалғызбасты және мүгедек балаларын тәрбиелеп отырған аналарға, әлеуметтік қолдауға мұқтаж, тұрмыстық жағдайы төмен 40 отбасыға ауызашар дастарханы жайылды. Сондай-ақ, «Балық берме, қармақ бер» өсиетін негізге ала отырып, әртүрлі сала бойынша ақылы курстарға тегін жолдамалар берілді.
Атап айтсақ, оның ішінде шашатараз, балаларға арналған массаж маманы, кулинария, бухгалтер, шоколадты құлпынай, психолог, нутрициолог, ұлттық шапан тігу курсы, бет күтімі, хижама, иглотерапия салаларының курстары қамтылған.
Клуб жетекшісі Зарина Шамидоллақызы жамағатқа айтқан алғы сөзінде: «Бүгін сіздерге өз нәпақаларыңызды еркін таба алуларыңыз үшін, ешкімге қол жаймай еңбек етулеріңіз үшін және әрбіріңіз бір-бір маман иесі болуларыңыз үшін осы сертификаттар табысталып отыр. Бұл сіздерге беріліп отырған Алланың мейірімі. Және үлкен мүмкіндік деп қабылдаңыздар!», - деп атап өтті.
Демеушілер тарапынан жүзеге асып отырған қайырымдылық шарасына жұмсалған қаражат: 4 400 000 теңгені құрады.