Әлімғазы Райымбеков дүниеден озды

19 қаңтар 2021 4725 0
Оқу режимі

Елімізге танымал актер, Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы Әлімғазы Райымбеков өмірден озды.

Ол 1936 жылдың 1 желтоқсанда Алматы облысында дүниеге келді. Еңбек жолын көлік жүргізушісі болып бастады. Кейін Шәкен Аймановтың көзіне түсіп, кино саласында талай бейнені сомдады.

Рас, Әлімғазы ағаны киносүйер көпшілік қазақтың классикалық киносы саналатын Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмі (1968 жыл) арқылы жақсы таниды. Фильмде Әлімғазы Райымбеков тақиялы бойдақ Тайлақтың рөлін сомдап, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген болатын. Сондай-ақ «Тақиялы періштеден» бұрын Әзірбайжан Мәмбетовтің «Ән қанатында» (1966) фильмінде – Қапан, Абдолла Қарсақбаевтың «Қилы кезеңінде» (1966) – Сүйіндік рөлінде, басқа да көптеген фильмде ойнады. Елдің сый-құрметіне бөленді. Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы атақтарына ие болды.

Көңілі даладай кең, жүзіне мейірім ұялаған Әлімғазы ата дініміздің де жанашыры болды. Ақсақал Алматы өңіріндегі мешіттер ұйымдастырған барлық шарадан қалмай, ақ батасын беріп, тілекші болып жүруші еді. Қайғылы қазаға орай Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ақсақалдың туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Бәріміз Аллаға тәнбіз әрі Алланың құзырына қайта оралу үшін бұ дүниеге уақытша ғана тұралауға келген қонақпыз. Күллі қазақтың маңдайына біткен мәдениет қайраткері, аты аңызға айналған белгілі актер ағамыз, асыл дініміздің жанашыры Әлімғазы Сұмағұлұлы Райымбековтың бақилық болуы туралы қайғылы хабар менің де жаныма батты. Өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан марқұмның туыстарына көңіл айтамын. Ағамыздың атағы асқақ болса да қарапайымдылығы мен нағыз адами қасиеттері атағынан да асқақ болған тұлғасы, еңбек сүйгіштігі баршамызға үлгі болатын. Алла Тағала ағамызды Рақымына бөлеп, жәннатын нәсіп еткей. Әмин!» делінген жеделхатта.

Дереккөз: ҚМДБ баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру